Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Иммигрант болсаң, өз қалауыңша жұмыс істей алмайсың деген сөз емес": АҚШ-тағы отандасымыз Netflix-тегі жұмысы жайлы

Алена Казакова — Netflix танымал америкалық ойын-сауық компаниясында жұмыс істейтін отандасымыз. Ол 18 жасында арман қуып АҚШ-қа өз бетімен көшіп кеткен. Бүгінде аты жер жарған компанияда продюсер болып қызмет атқаратын Алена мансап жолының неден басталғанын, жұмысында не ұнайтыны жайында Stan.kz редакциясына берген сұхбатында айтты.

– Өзіңіз туралы айтып берсеңіз, АҚШ-қа кетуге не себеп болды?

– Мен Алматы қаласында, нақтырақ айтсақ, Ақсай-5-те туып-өстім. Балалық шағымда АҚШ-та тұруды армандадым, бірақ бұл қалауымның неден туындағанын бейхабармын. Жеткілікті көлемдегі қаражат жиналған соң арман қуып Америкаға жалғыз өзім жол тарттым. 

– Мансап жолыңыз неден басталды?

– Алғашқы жұмысым Манхэттен орталығындағы кішігірім кофеханадан басталды. Бұл мен армандаған жұмыс болмаса да, тілдік деңгейімді көтеруге және тұрғындармен жеңіл тіл табыса алатындай дәрежеге жетуге, өзімді қолайлы сезінуге әсер етті. Бариста болып бірнеше ай жұмыс істеген соң мен бұдан да биік белестерді бағындыра алатынымды сезіндім. Мен әрқашан телевизия саласындағы жұмысқа қызығушылық білдіретінмін. "Маған не нәрсе бөгет болып тұр?" деп ойладым.  Көп ізденіп, кейін кішігірім продакшнда жұмыс табыла кетті, бірақ бұл тегін тағылымдама еді. Егер сен иммигрант болсаң, өз қалауыңша жұмыс істей алмайсың деген сөз емес. Қажырлы, жемісті еңбек және жігеріңе деген сенімділік мақсатыңа жеткізеді. 

 Netflix-тегі жобаларыңыз жайлы айтып берсеңіз. Мұндағы жұмыс сізге несімен ұнайды, жалпы бұл компанияның артықшылықтары, жетістіктері неде?

– Алғашқы Street food Asia жобасын 2019 жылы жасап шығардық. Сол жылы мен бар уақытымды жаңа, спорттық-деректі бағыттағы "Home Game" шоуына арнадым, онда біз көрермендерді 8 елдің мәдениетімен олардың ұлттық спорты арқылы таныстырдық.  Эпизодтардың бірі Қырғызстанда түсірілді. Бұл мен үшін керемет тәжірибе болды.

Маған адамдардың тағдыры, бастан кешкендері туралы айтқан ұнайды. Жоба кейіпкерлерін және түсірілім алаңдарын іздеу жұмысымның бір бөлігі. Белгілі бір орын жайлы, жаңа мәдениет жайлы әсер алу, бұрын-соңды естімеген мәліметтер білу өте қызықты. Жұмысымның ең сүйікті бөлігі осы болса керек.

Қырғызстан

Артықшылықтары туралы мәселеге келгенде, Netflix жобалардың әрқайсысына өте мұқият қарайтын, іріктейтін компания. Маған осы нәрсе ұнайды. Сонымен қатар, бұл компанияда өз ісінің мамандары ғана емес, сондай-ақ, өте талантты және ісіне құмарлықпен берілгендер жұмыс істейді, олар өз жұмысына жауапкершілікпен қарайды.

Қырғызстандағы түсірілім

– Сіз немен айналысасыз? Түсірілім процесі қалай өтеді?

– Жоғарыда атап өткендей, жұмысым оқиғаларды жеткізумен тікелей  байланысты. Мәселен, мен айналысқан соңғы жобалардың бірі "Home Game"-де менің міндетім - эпизодтардың кейіпкері болатын әр аймақтың ең үздік спортшыларын табу. Кейіпкерлер табылғаннан кейін, мен олардың жеке оқиғасын мұқият талдаумен айналысамын және атқарушы продюсерлермен бірлесіп, осы оқиғаны көрермендерге сауатты ұсыну жолында тынбай жұмыс істейміз. Сондай-ақ, менің қызметіме түсірілім орнын, команданы табу, түсірілімге рұқсат рәсімдеу және логистиканың басқа да көптеген аспектілері кіреді.

Түсіру процесі 3 негізгі кезеңінен тұрады: Pre Production (дайындық кезеңі) Production (түсірілім  процесі) және Post Production (монтаж).  Қызықтың "көкесі" жоба түсірілімге дайын болғанда басталады. Егер түсірілім процесін сипаттау керек болса, мен оны "қызықты аласапыран" деп атар едім.

– Түсірілімде болған қызықты сәттерді, оқиғаларды еске түсіре аласыз ба?

– Қызықты сәттер өте көп болды. Әртүрлі адамдармен және кейіпкерлермен жұмыс істеу қызықты тәжірибе. Бірақ жадымда қалған жарқын естеліктердің бірі, мен жұмыс істеген жобалардың бірінде Арнольд Шварценеггермен қолалысу болды. Сондағы оның қолының күшін ешқашан ұмытпайтын шығармын.

– АҚШ-та сізге не ұнайды?

– Сөз бостандығы мен журналистикадан басқа, Америкада ұнайтыны - әрбір штат өз алдына ерекше және сізге өзінің бір бөлшегін ұсына алады. Калифорниядағы Тынық мұхиты, Колорадоданың ғажап таулары, Аризона каньоны, Нью-Йоркте шулы мегаполисі, Техастағы ранчо және тағы басқаларын ауыз толырып айтуға болады.

– Қазақстанға қайта оралу жоспарыңызда бар ма?

– Қазақстанға қуана-қуана жыл сайын барып тұрамын: отбасыммен, достарыммен керемет уақыт өткіземін. Әсіресе, Алматының тауларын ұнатамын, ал халқымыздың қонақжайлығы өз алдына бір бөлек. Қазақстандық шәйға жететін нәрсе бар ма, шіркін! Өзімнің шыққан тегімді өте қатты баалаймын және америкалқ достарыма Қазақстан туралы және оның ерекше мәдениеті туралы әрдайым айтып отырамын.

- Қызықты, әсерлі әңгімеңізге рахмет! Алдағы жобаларыңызға сәттілік тілейміз!
 

Талқылау