Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Арнайы жарлыққа қол қоямын": Тоқаев Қазақстанда референдум өткізу мерзімі туралы айтты

Фото: Gov.kz

Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы референдумға байланысты Конституциялық комиссия құрылатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Президенттің айтуынша, бастапқыда парламенттік реформа аясында Конституцияның шамамен 40 бабына өзгеріс енгізу жоспарланған. Алайда жұмыс барысында түзетулер саны бұдан да көп екені анықталған.

"2022 жылғы реформа кезінде Конституцияның 33 бабы жаңартылды. Ал алдағы өзгерістер бұдан да ауқымды болады. Біз, шын мәнінде, жаңа Конституция қабылдаумен тең қадам жасамақпыз. Сондықтан Конституциялық комиссия құру туралы шешім қабылдадым. Ертең арнайы жарлыққа қол қоямын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы комиссия құрамына 100-ден астам азамат кіретінін атап өтті. Олардың қатарында Ұлттық құрылтай мүшелері, танымал заңгерлер, БАҚ жетекшілері, өңірлік мәслихат төрағалары, қоғамдық кеңес өкілдері және басқа да білікті мамандар болады. Комиссия жұмысына Конституциялық сот төрағасы жетекшілік етеді.

"Комиссия барлық ұсыныстарды талдап, жинақтап, нақты өзгерістердің жобасын дайындайды. Содан кейін жалпыұлттық референдум өтетін уақытты анықтаймыз", – деп қорытындылады президент.



Еске салайық, бұған дейін Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бір палаталы парламент құру және оны "Құрылтай" деп атау туралы ұсынысын айтты. Жаңа құрылым бойынша парламентте 145 депутат болады, олар 5 жылға сайланады, 8 комитет жұмыс істейді, ал заң қабылдау үдерісі 3 кезеңнен тұрады.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 20 Қаңтар, 2026 16:13