Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Арнайы операция: ҰҚК Алматыда қоғамға қауіпті қылмыстық топты ұстады

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматыда ұйымдасқан қылмыстық топты ұстады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

"2023 жылғы 24 маусымда ҰҚК жедел қызметкерлері арнаулы мақсаттағы бөлімшені жұмылдырып, Алматы қаласында қоғамға қауіпті ұйымдасқан қылмыстық топтың жолын кесті. Арнайы операция барысында қылмыстық топтың 5 белсенді мүшесі ұсталды", - делінген ҰҚК хабарламасында.

Күдіктілерден Калашников автоматы, Макаров тапаншасы, жауынгерлік граната, тегіс ұңғылы "шолақ" мылтық және синтетикалық есірткі тәркіленді.

Топ мүшелері денсаулыққа ауыр зиян келтіру, сату мақсатында аса ірі көлемде есірткі сақтау, қару мен оқ-дәріні заңсыз тасымалдау және сақтау қылмыстарын жасады деген күдікке ілінген.

Үш күдікті тергеу сотының санкциясымен қамауға алынды, қалғандарына қатысты қажетті тергеу шаралары жүргізілуде.

"Қолданылған шаралар Алматы қаласының қылмыстық ахуалын жақсартуға және қылмыстық ортаның қоғамға әсерін әлсіретуге бағытталған", - деп мәлімдеді ҰҚК-дағылар.

Жедел-тергеу шаралары жалғасып жатыр.

Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.

Талқылау