Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Арменияның Палестинаны мойындауы, Солтүстік Корея мен Ресейдің әскери келісімі: Әлем жаңалықтарына апталық шолу

Осы апта Израильдің Ливанға жасаған соққысымен басталды. Оған қоса Газа секторындағы шайқасқа тактикалық үзіліс жарияланған. Ал Армения Палестинаны мемлекет ретінде мойындады. Сонымен қатар Путиннің Солтүстік Кореяға сапары мен екі ел арасындағы әскери келісімдер әлем назарында. Ресейге ЕО салып жатқан жаңа санкцияларға қарамастан, Путин сыртқы саясатта Ким Чен Ынмен тығыз байланыс орнатуға көшкен. Stan.kz тілшісі әлемдегі маңызды жаңалықтарға апталық шолу ұсынады.

Израиль Ливанның оңтүстігіне соққы жасады

Фото: AP/Hassan Ammar

ЦАХАЛ 12 маусым күні таңертең Ливан Израильге 70-ке жуық снаряд атқылағанын мәлімдеді.

Көп ұзамай Израиль бұл соққыларға жауап берген. Израильдің жойғыш ұшағы Ливанның оңтүстігіндегі Ханин қаласындағы "Хезболла" ұйымының зымыран ұшыру алаңдарына соққы жасады.

"Біраз уақыт бұрын Израиль қорғаныс күштерінің жауынгерлері Айтарун ауданындағы лаңкестік нысандарға, соның ішінде қару-жарақ қоймасы мен әскери құрылымға шабуыл жасады", – деп мәлімдеді Израиль қорғаныс күштерінің баспасөз қызметі.

Әуе шабуылдары Чикхине аймағындағы көлік инфрақұрылымына, сондай-ақ Ливанның оңтүстігіндегі Айта аш-Шаб аймағындағы әскери нысанға бағытталғаны айтылған. 

Осы шабуылдан үш күннен кейін Израиль қорғаныс күштері Киббутц-Гешер Хазив аймағының маңында күдікті әуе нысанын ұстағанын, сондай-ақ Ливанның оңтүстігіндегі әскери нысандарды атқылағанын хабарлаған.

“ЦАХАЛ-дың әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі Киббутц Гешер Хазив жағалауында күдікті әуе нысанын ұстады. Әуе шабуылының сиреналары естілмеді", – делінген хабарламада.

Израиль әскери-әуе күштерінің жойғыштары Ливанның оңтүстігіндегі Ливан Хезболла қозғалысының бірқатар нысандарына, соның ішінде Тайбе, Одайсе және Джиббейн аудандарындағы, сондай-ақ Айта әл-Аль-Франциядағы әскери нысандарға соққы берді.

Израиль-Ливан шекарасындағы жағдай 2023 жылдың қазан айында Газа секторында Израиль әскери операциялары басталғаннан кейін нашарлады. Израиль армиясы мен Ливан Хезболласының жауынгерлері шекара бойындағы аудандарда бір-бірінің позицияларына күн сайын оқ жаудыруда.

Ливан сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Израильдің атқылауы салдарынан Ливанның оңтүстігінде 100 мыңға жуық адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған.

Израиль армиясы Газа секторындағы шайқаста тактикалық үзіліс жариялады

Израиль қорғаныс күштері  гуманитарлық мақсатта Газадағы әскери операцияларда "тактикалық үзіліс" жариялады.

Бітім күн сайын жергілікті уақыт бойынша сағат 8:00-ден 19:00-ге дейін жалғасады. Тактикалық үзіліс Керем Шалом бақылау бекетінен Салах ад-Дин жолының бойында және одан әрі солтүстікке қарай жол аймағына әсер етеді.

Армения Палестинаны тәуелсіз мемлекет ретінде мойындады

Фото: Reuters

Армения Палестинаны тәуелсіз және егемен мемлекет ретінде мойындады. Бұл туралы Арменияның cыртқы істер министрлігі хабарлады.

"Әртүрлі халықаралық платформаларда Палестина мәселесінің бейбіт түрде шешілгенін қалайтынымызды ашық айтып жүрміз. Біз Израиль-Палестина қақтығысында "екі мемлекет" принципін қолдаймыз. Жоғарыда айтылғандардың негізінде және халықаралық құқық пен халықтардың теңдігі, егемендігі және бейбіт өмір сүру қағидаттарына өзінің адалдығын көрсете отырып, Армения Республикасы Палестина мемлекетін мойындайды", – делінген мәлімдемеде.

Армения сыртқы істер министрлігі елдің Газа секторында атысты тоқтатуға бағытталған БҰҰ Бас ассамблеясының қарарларына қосылғанын атап өтті. Республика Таяу Шығыста бейбітшілік пен тұрақтылық орнатуға мүдделі. Мәлімдемеге сәйкес, "екі мемлекет" принципі палестиналықтар мен израильдіктердің "заңды тілектерін" жүзеге асыруын қамтамасыз етудің жалғыз жолы.

28 мамырда Ирландия, Норвегия және Испания Палестинаны тәуелсіз мемлекет ретінде мойындады. Палестинаны мойындаған басқа ЕО елдері арасында Болгария, Кипр, Чехия, Венгрия, Мальта, Румыния, Польша және Словакия бар. 4 маусымда Словения парламенті Палестинаны тәуелсіз және егемен мемлекет ретінде тану туралы шешім қабылдаған.

Ресей мен Солтүстік Кореяның серіктестік туралы келісімі

Фото: TASS

Ресей президенті Владимир Путин мен Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын екі ел арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойды. Бұл жаңа келісім Ресей мен Солтүстік Корея арасында 1961, 2000 және 2001 жылдары қол қойылған іргелі құжаттарды ауыстырады.

Ресей Федерациясының президенті КХДР төрағасымен келіссөздер барысында келісімді "біздің ұзақ мерзімді қарым-қатынасымыздың негізін құрайтын іргелі құжат" деп атады.

Путиннің айтуынша, жаңа келісім қатысушылардың біріне агрессия жасалған жағдайда өзара көмек көрсетуді қарастырады. Сондай-ақ қол қойылған келісімнің нәтижесінде Ресей КХДР-мен әскери-техникалық ынтымақтастықты дамытуды үдетпек. 

Путин Мәскеу мен Пхеньянды "нағыз достар және тату көрші" деп атады. Бұған жауап ретінде Ким Чен Ын Ресейді “ең адал дос әрі одақтас”, ал Путинді “корей халқының ең қымбат досы” деп атады.

Ким Чен Ын әлемде стратегиялық тепе-теңдікті сақтаудағы Ресей Федерациясының рөлін атап өтті.

"Корея Халық Демократиялық Республикасының үкіметі қуатты Ресей Федерациясының әлемдегі стратегиялық тұрақтылық пен тепе-теңдікті сақтаудағы маңызды миссиясы мен рөлін жоғары бағалайды, сондай-ақ Ресей үкіметіне, армиясына және халқына осы мақсатқа жетуде толық қолдау мен ынтымақтастық білдіреді", – деді Ким Чен Ын.

Сондай-ақ КХДР басшысы өз елінің Ресеймен стратегиялық ынтымақтастықты нығайтуға ниетті екенін айтты.

"Қазір әлемдегі жағдай күрделене түсуде және тез өзгеруде. Бұл жағдайда біз Ресеймен, Ресей басшылығымен стратегиялық байланысты одан әрі нығайтуға ниеттіміз", – деді Ким Чен Ын.

Қытай билігі Ұйғыр ауылдарының атауын ауыстырып тастаған

Фото: AFP/Greg Baker 

Қытай билігі Шыңжаңдағы ұйғыр ауылдары мен қалаларының атауларын өзгертіп, коммунистік партияның идеологиясын көрсететін жаңа атаулармен ауыстыруда. Human Rights Watch пен Uyghur Hjelp ұйымдарының зерттеулерінде 2009-2023 жылдар аралығында 630-дан астам қауымдастықтың атаулары өзгертілгені анықталды. Бұл өзгерістер ұйғырлардың діни, тарихи және мәдени белгілерін жоюға бағытталған.

Мысалы, 2017-2019 жылдар аралығында дінге немесе ұйғыр мәдениетіне қатысты бар ауылдардың атаулары өзгертілген. Бұған Қожа, сопылық діни ұстаз атағы бар 25 ауыл мен ханика, сопылық діни құрылым атауы бар 10 ауыл кіреді. Сондай-ақ, мазар сөзі кездесетін 41 ауыл атауы өзгертілген. Ұйғыр патшалықтарына, республикаларына немесе басшыларына қатысты атаулар да өзгертілді. Шыңжаңда "хелпе", "халифа" (әмірші) немесе "мешіт" деген сөздер бар ауылдар енді жоқ.

2018 жылы Ақто ауданындағы Ақ Мешіт ауылы Бірлік ауылы болып өзгертілді, ал 2022 жылы Қарақау ауданындағы Дутар ауылы Қызыл Ту ауылы болып ауыстырылды. Дутар – ұйғырлардың дәстүрлі музыкалық аспабы.

Human Rights Watch ұйымының Азия бойынша директоры Элейн Пирсонның айтуынша, бұл өзгерістер Қытай үкіметінің исламды лаңкестікпен байланыстыру саясатының бір бөлігі болып табылады. Қытай билігі ислам немесе араб сөздері қауіп төндіреді деп есептеп, оларды қытай идеологиясына сәйкес өзгертуге тырысуда. Бұл саясатқа мешіттерді бұзу, ауыстыру және қайта салу да кіреді.

Адам құқықтары жөніндегі заңгер Райхан Асат бұл саясаттың ұйғырларды тарихынан, мәдениетінен және өркениетінен ажыратуды көздейтінін атап өтті. Ол ауыл атаулары тек тарихи дәлел ретінде ғана емес, қауымдастық байланыстары мен ерекше мәдениетті білдіретінін айтты.

Шыңжаңдағы атауларды өзгерту тәжірибесі Тибетте де қолданылған. 2023 жылы Қытай үкіметі ресми құжаттарда Тибетті "Сизан" деп атауды бастады. Aл 2017 жылдан бастап Аруначал-Прадештегі жерлерге ресми қытайша атаулар берді.

АҚШ әскері ДАИШ-тің (ИГИЛ) жоғары лауазымды шенеунігін ликвидациялады

АҚШ-тың Сириядағы әскерилері әуе соққысының нәтижесінде ДАИШ-тің жоғары лауазымды өкілі өлтірілді. Бұл туралы АҚШ Орталық қолбасшылығы мәлімдеді.

16 маусымда болған операция кезінде Усама Жамал Мұхаммед Ибрахим әл-Джанаби қаза тапқан.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қаңтар айындағы есебіне сәйкес, Ирак пен Сириядағы ДАИШ топтарындағы адам саны 3000-нан 5000-ға дейін жетеді. Вашингтон Таяу Шығыс саясаты институтының мәліметі бойынша, 2023 жылдың наурыз айының соңынан осы жылдың наурыз айының соңына дейін ұйым 4700-ден астам адамның өмірін қиған 1121 шабуылды өз мойнына алған. Сирияда ДАИШ 189 шабуыл жасады.

Сауд Арабиясында аптап ыстықтан қажылық кезінде мыңнан астам адам қаза тапты

Фото: Сауд Арабиясының қажылық және умра министрлігі

Меккедегі аптап ыстықтан қажылық кезінде қаза тапқандар саны мыңнан асты.

"Сауд Арабиясындағы қажылық кезінде мыңнан астам адам көз жұмды. Соңғы күндері Меккеде ауа температурасы 51,8 градусқа дейін жетті", – делінген ақпаратта.

Сауд Арабиясының билігі қажылық кезінде қаза болғандардың нақты саны туралы әзірге мәлімет берген жоқ.

Қайтыс болғандар арасында Алжир, Мысыр, Пәкістан, Индонезия және басқа да кейбір елдердің азаматтары бар.

Өткен жылы қажылық кезінде аптап ыстық, халық көптігі және басқа да жағдайларға байланысты 240-қа жуық адам қаза тапқаны хабарланған болатын.

Талқылау