Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Арманымыз да, мақсатымыз да бір": Жас полицейлер отбасы махаббат хикаялары туралы айтып берді

Жарық дүниеге келген адам баласы екі нәрсе таңдауда қателеспеу керек деген қағида бар. Бірі мамандық таңдау болатын болса, екіншісі өмірлік серігін таңдау. Қызылордалық Қуандық Түгелбей есімді азамат бұл ретте жаңылыспағанын айтады. Қызылорда қалалық полиция басқармасының жедел уәкілі болып жұмыс жасайтын жігіттің сүйікті жары да полиция қызметкері. Арал аудандық полиция бөлімінің тергеушісі Жансая Рүстемовамен бірге бүгінде отбасылық өмірдің дәмін татып жүр. Ерлі-зайыпты полицейлермен Stan.kz тілшісі әңгімелесіп қайтқан еді. 

Қуандық Түгелбей полицейлер отбасында дүниеге келген. Әкесі құқық қорғау органдарының абыройлы зейнеткері болса, әпкесі бүгінде тергеуші болып еңбек етеді. Қуандық бала кезінен әкесінің жолын жалғап, халыққа абыройлы қызмет жасауды мақсат еткен. Қазіргі күні Қуандық білікті мамандардың қатарын толықтырып келеді. 24 жасында жеткен жетістіктері аз емес. 

"Бала кезімде әкемнің полицей формасын киіп, антына адал жұмыс жасап жүргенін талай көрдім. Әкемді мақтан етемін, әлі күнге дейін өзіме үлгі тұтамын. Қашанда бір сөзді, ары таза азамат. Өз өміріне қауіп төнсе де, ержүректіліктің нағыз үлгісін көрсете білген кісі. Полицей болғаныма еш өкінбеймін. Қоғамның қауіпсіздігі мен азаматтардың құқығын қорғау бағытында аянбай тер төгуді мақсат етемін", – деді жас полицей. 

Қуандық қызметінің ауыр екенін мойындайды. Қылмыскердің ізіне түсіп, заң бұзушылықты уақытында анықтау үшін бар біліктілігін жұмсайды. Аға буын өкілдерімен тәжірибе алмасып, білімін ұдайы толықтырып отырады. Қызылордалық азамат қызметінен бөлек, шығармашылыққа өте жақын. Гитара мен баянда кәсіби музыканттардан кем ойнамайды. Сонымен қатар спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтына көп көңіл бөледі. 

Өткен жылы наурыз айында Қуандықтың жеке өмірінде үлкен жаңалық орын алды. Жас жігіт сүйіктісіне ұсыныс жасап, үйлену тойын жасады. Полицейдің жары да шен таққан қызметкер. Екеуінің махаббат хикаялары да өте ерекше. 

"2019 жылы ойда-жоқта Арал ауданына іс-сапарға бару керек болды. Бұйрық бұлжытпай орындалатын болған соң, алыс жолға шығуға тура келді. Ойымда ештеңе жоқ. Тездетіп жұмысымды бітіріп, қалаға оралуға асығып бара жатқанмын. Аудандық полиция бөліміне барғанымда Жансая көзіме оттай басылды. Аққұба келген, көзі ботадай, күлкісі сыңғырлаған бойжеткен жүрегімді бірден жаулап алды десем болады. Кейін Аралға өзіміз сұранатын болдық қой. Қайткенде де сұлу арудың көңілін өзіме бұруға тырыстым", – дейді Қуандық. 

Кейін полицей жігіттің сезіміне Жансая да жауап қатып, жастар екі жылға жуық уақыт кездесіп жүрген. 400 шақырымдық қашықтық та махаббаттарына селкеу түсірмеген. Биыл көптен күткен той болып, қос полицей жаңа өмірге бірге қадам басып келеді. 

"Ата-анам таңдауыма риза болды. Өзім сияқты полицейге үйленгенімді құптады. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері көп уақытын сыртта өткізетіні белгілі болғай. Сол себепті сүйікті жарың түсініп отырғаны маңызды. Мен бұл тұста да Жансаяны шектемеймін, антына адал жұмыс жасағанын қалаймын. Өзі таңдаған мамандығының жемісін, төгілген тердің нәтижесін көргені дұрыс деп есептеймін", – деді полицей. 

Бүгінде Қуандық пен Жансаяның үйленгендеріне бірнеше ай болды. Екеуі де қызметтерін жалғастырып жүр. Санаулы уақыттың ішінде азамат жарының өте ақылды әрі үй шаруасына епті екенін байқаған. Бір салада жұмыс жасағандықтан ортақ әңгімелері де жетерлік. Қуандық Жансая үшін алаңдап жүретінін жасырмайды. Келіншегін өміріне қауіп төнетін жағдайлардан қорғағысы келеді. 

"Полицей болу оңай емес. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін сала. Шен таққан жандарға қоғам да үлкен жауапкершілік жүктейді. Бірақ Жансая өз мамандығына берілген жан. Жұмысын ерекше ықыласпен жасайды. Екеуміздің арманымыз да, мақсатымыз да бір. Шаңырағымызға береке тілеп жүремін", – дейді отағасы. 

Қуандық ендігі кезекте сүйіктісімен бірге саналы ұрпақ тәрбиелеуді армандайды. 

STAN.KZ
Сәрсенбі, 14 Шілде, 2021 10:00
Талқылау