Арманға апарар жол: Протез алуды армандаған Надира Аухадиева Германияға баратын болды
Онкологиялық аурудың кесірінен аяғынан айырылған алматылық қыз заманауи германиялық протезді сатып алуға әзір. Надира Аухадиеваның бастан кешкен хикаясы бүкіл қазақстандықтарды алаңдатқан еді. Арбаға таңылған қазақ қызы қымбат протездің арқасында аяққа тұруды армандап, елден көмек сұраған болатын.
Бұл туралы “Астана” телеарнасына сілтеме жасап Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Бойжеткен осыдан үш ай бұрын әлеуметтік желі арқылы үндеу жариялап, желідегі оқырмандарынан көмек сұраған болатын. Надираның өтінішін 10 мыңға жуық адам қабылдап, нәтижесінде бойжеткен 51 мың еуро ақша жинаған.
“Өте қатты қуаныштымын. Шын мәнінде осыншама тез жиналады деп күтпедім. Мейірімді жандарға үлкен рақмет. Көзім жеткен бір нәрсе – адамда арман мен алға ұмтылыс болса, сол арманына шынайы түрде сенсе, басқалар да саған сенім артып, көмектеседі екен. Ондай адамдар өте көп екен”, – дейді Надира.
Қыздың өтінішіне 10 мыңнан аса жан жауап берген. Тіпті, шетелден ақша аударған адамдар да болған. Надира бас-аяғы 51 мың еуро ақша жинағанын айтады. Бұл ақшаға неміс протезистері Надираға электронды протез жасап береді.
“Мен протез фирмасына қайта сұраныс тастап, оның құнын 70-тен 51 мың еуроға дейін төмендетуді сұрадым. Сол 51 мың еуроның протезін аламын деп шештім. Біріншіден, мен бұл ақшаны тезірек жинай аламын. Ал екіншіден, кейін, мәселен 10 жылдан кейін протезді ауыстыру қажет болса, маған тағы ақша қажет болады”, – дейді Надира.
Арманына жетуге бір табан қалғанда бойжеткен қатты толқып жүр. Айтуынша, енді оның мойнына үлкен жауапкершілік жүктелді. Надира өзіне көмектескен жандарға игі істің бекер жасалмағанын дәлелдемек ниетте.
“Ақша жиналды, істің 80%-ы тындырылды, енді міне жақында жолға шығамын. Ал әрі қарай тек қана төзім керек. Келгеннен кейін жүгіріп жүретін боламын”, – деп қуанышын жеткізді.
Надира Германиядағы протез орталығында 1,5 ай болады. Осы уақыт аралығында бойжеткен электронды протездің қыр-сырын меңгеруі тиіс. Надира Отанға оралған соң аяққа тұрып қана қоймай, жүгіріп жүретініне сенімді.
Тағы оқыңыз:
Ғалымдар физикалық жұмыстың еркектер үшін қауіпті екенін айтты
Балам ит сияқты жатыр: Ақтөбеде дәрігерлер 6 айлық сәбидің жұлынынан рұқсатсыз сұйықтық алған
Оқушы қыз банан жеген соң көз жұмды
Лифтіде көз жұмған журналистің әпкесі: ПИК адамдары келіп оның ажалы, өздері кінәлі деп кетті