Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Армандарымның жолын кесіп тастады": Ауыр атлет Жасұлан Қыдырбаев айтылмаған өкініші жайлы

2014 жылы Алматыда өткен ауыр атлетикадан әлем чемпионатында топ жарып, бірқатар халықаралық сайыстарда ел намысын қорғаған ауыр атлет Жасұлан Қыдырбаев кейін допинг дауына ілігіп, үлкен спорттан шеттетілген еді. Спортшы Stan.kz тілшісіне сұхбат беріп, қазіргі өмірі және өзінің үлкен спортшы атануына Илья Ильиннің сіңірген еңбегі туралы айтып берді

атлет

Жасұлан, спортта чемпион болып жүрген кезіңіз бен қазіргі өміріңіздің айырмашылығы қандай?

– Қазіргі жұмысым да, спорт саласы да жалғасып жатыр. Спорттық кездегі өмір жылы болады, бірақ ол мәңгілік емес қой. Бір күні болмаса, бір күні тоқтайтын уақыты болу керек еді. Сондықтан ертерек мансабымның аяқталғаны да дұрыс болды ма деп ойлаймын. Әр істің артынан жақсылық болады деген ғой. Сол себепті мұның да қайыры бар. Алда да көптеген арман, мақсаттар бар. 

Мінезіңіз салмақты секілді. Ал спортта жүрген кезде түрлі жеңілістерге ұшырап ашуланатын, сабырсыздыққа берілетін кездер болды ма?

– Әрине, әлемдік жарыстарда ел намысын қорғап жатқан кезде ондай жағдайлар болып тұрады. Жас кезімізде, жастар арасындағы жарыстарға қатысып жүрген кезде жеңіліске ұшырасақ, ашуланып, бапкерді тыңдамай кететінбіз. Бірақ бұл енді жақсы қасиет емес еді. Үнемі солай ашуланып, салмақтылық таныта алмайтын болсаң, онда ол спортшының болашағы жоқ. Спортшы ол кез келген қиындыққа төзе біліп, шыдамдылық танытуы тиіс. 

Біздің елде спорттық медицина, оның ішінде ауыр атлетика саласында қаншалықты жақсы дамыған?

– Спорттық дәрігерлердің жетіспей жатқаны рас. Ауыр атлеттер салмағы 200-300 келі болатын темір көтергендіктен, денесіне үлкен жүк түскендіктен оның бұлшық еті қатты өседі. Оның ішінде жүрегі де өседі екен. Сол себепті ауыр атлеттердің махаббаты ерекше болады деген өз арамызда қалжың да бар. Бұл енді бір жағынан әзіл болғанымен, бір жағынан ақиқат. Бізге, яғни спортшыларға қарапайым адамдар секілді тексеріле салу жарамайды. Мәселен, спортшыларда «жүрек шуылы» деген болады. Бұл жағдаймен дәрігерге барсаң, олар толтырып дәрі жазып береді. Ал ол, шын мәнінде, соншалықты емді қажет етпейтін дүние. Сондықтан бізде спорттық медицинаны дамыту үшін, спорттық дәрігерлер қатарын арттырып жатса, дұрыс болар еді. Бұл - спортшының жетістікке жетуі мен оның жардан құламауына тікелей себепкер дүние. 

Ауыр атлетикада бапкерлер салмаққа тапсырыс береді, ал оны спортшы көтеруге тиіс. Сондай ретте бапкермен келіспей қалатын ба едіңіз?

– Жарыс басталардан бір-екі күн бұрын біз бапкерлермен ақылдасып отырып, бәрін шешіп алатынбыз. Қай салмақтан бастаймыз, қарсыластарға қарсы қандай "тактика" қолданамыз, осының бәрін реттеп бағдар жасайтынбыз. Алматыдағы 2014 жылы өткен әлем чемпионатына келетін болсақ, жұлқа көтеру кезінде бапкерлеріме ең соңғы мүмкіндікті өзіме беріңіздер дедім. 10-15 келі қосып, тәуекелге барғым келді. Қалай да әлемдік доданы ұту үшін осы қадамға баруға тура келді. Ал егер істей алмасам, онда өзімді ғана кінәлаймын дедім. Бапкерлер мүмкіндік берді, көтердік, шүкір, алтын жүлдеге қол жеткіздім. 

Осы ауыр атлетикаға деген қызығушылық әу баста қалай пайда болып жүр?

– Жастайымнан спортты жақсы көріп, бірнеше түріне қатыстым. Орта мектепте оқып жүргенде дене шынықтыру пәнінен берген Қайрат ағайым, «Осы Жасұлан спортшы болады, осы Жасұланнан бірнәрсе шығады» деп ылғи айтатын. Әйтеуір, ағайымыз мақтап жүріп спортшы болып кеттік. Жеңіл атлетикаға да, велоспортқа да қатыстым, еркін күрес пен грек-римнің де дәмін таттым. Сол кезде спорт мектебіне түсемін деген ниет танытып жүрген кезде, ауыр атлетикадан бапкерлік етіп жүрген нағашы ағам келіп ұсыныс тастады. Мен болсам балуан болуға дайындалып жүргенмін. Алайда күресте орын жоқ болып шықты да, ағамның ұсынысын қабыл алып, зілтемір залына аттанып кете бардық. Содан күресте екі жылда істей алмаған кандидаттығымды ауыр атлетикада бір жылда қорғап, бір жарым жылдың ішінде спорт шеберінің деңгейіндегі салмақтарды еңсеріп өз-өзіме деген үлкен сенім пайда болды. Оның үстіне салмағым артып, бойым өсіп тұлғам толыса бастады. Осы ретте зілтемір көтергендердің бойлары өспей қалады деген қауесетті де жоққа шығарғым келеді. Мысалы, менің бойым кішкентай болып барған еді, ұп-ұзын жігітке айналып шыға келдім ең соңында. Содан кейін, әлгі мектеп-интернат қабырғасында қала бердік. Менің ерекшелігім - алдыма ешқашан бірден жоғарғы мақсаттарды қоймайтынмын. Мектепте оқып жүргенде зілтемір көтеруден алдына жан салмайтын мықты бала болды. Сол баланы мектеп бітіргенше қалай да жеңіп, артқа қалдырамын деген мақсат қойдым. Сол үшін күн-түн демей еңбектеніп, тер төгіп дайындалдым. Ойымда әрқашан өзімнің басты бәсекелесімнен қалай озып кете аламын деген ғана ой болды. Содан 11-сыныпты бітірген жылы жаз айында бір жарыста сол баланы жеңіп, алға қойған мақсатыма жеттім. Әрі қарай колледжге түстім. Ол жерде спортзалдағы орталық жаттығу алаңқайлары бар. Ол алаңқайларда сол жердің "жұлдыздары" жаттығу жасайды. Ол жерде оқитын уақытымыз 3 жыл еді. Содан, осы 3 жылдың ішінде орталық жаттығу алаңы менікі болады деген іштей жоспар құрдым. Аллаға шүкір, ол ойымды да орындап, арманыма иек арттым. Одан кейін, спорт академиясына оқуға түстім. Сол академияда оқып жүріп, осы оқу орнында жүрген сәтімде Азия чемпионатын немесе әлем чемпионатын жеңіп алсам деген әрі тәтті арман әрі мақсат туындады көкейімде. Одан әрі қарай да арманым да, мақсатым да көп еді, бірақ ол армандардың жолын кесіп тастады. 

Осы жағдайға байланысты ішіңізде әлі де болса өкпе-реніш бар ма?

– Ешқандай реніш жоқ. Біз қанша қалағанымызбен жақсы өмірді беруші Алла. Алда қандай қуаныш күтіп тұрғанын да біз білмейміз. Сол үшін де бізге тек шыдамдылық, сабырлылық керек. 

Спорттағы достарыңызбен, чемпиондармен араласып тұрасыз ба?

– Достарым, шүкіршілік көп. Голландиялық досым, ауыр атлет Ауримас Дидзбалиспен Фейсбук әлеуметтік желісінде сөйлесіп тұрамыз. Мен оны қонаққа шақырып, ол да мені өз еліне шақырып, әрдайым сыйластығымыз жоғары. «Қашан келесің?» деп сонау Грекиядан қоңыраулататын жігіттер де бар. Жалпы, әлемнің түкпір-түкпірінде туған бауырдай араласатын жігіттер жетерлік. Өзіміздің жігіттермен де тонның ішкі бауындай араласып тұрамыз. Жалпы, өзім ел спортында Ильяның орыны ерекше деп білемін. Ол қасиеті мықты жігіт, тек спортқа ғана арналған жан. Алла оның бір басына бүкіл жақсы қасиеттерді тоғыстырып қойған. Ол жарысқа келген кезде жарыс басталмай жатып, қарсыластармен сөйлесіп, сол кезде-ақ оларды ұтылуға дайындап қоятын. Менің де үлкен деңгейге көтерілуіме Ильяның қосқан үлесі зор. 

Рақмет!

 

Сұхбаттасқан Ақжігіт Қазбек

STAN.KZ
Сейсенбі, 27 Қазан, 2020 10:13
Талқылау