Соңғы жаңалықтар

Арман Дүйсенов: Марат Омаровтың еркелігін көтеруге міндеттіміз

Сирек сұхбат беретін Арман Дүйсеновтен карантин кезінде stan.kz тілшісі сұхбат алды. Сұхбат барысында Арман мырза неге кей «композиторларға» өкпелі екенін айтты.

Арман Дүйсенов: Марат Омаровтың еркелігін көтеруге міндеттіміз
Арман аға, қайырлы күн. Қалыңыз қалай? Әңгімеміз карантин туралы әннен басталсыншы. Қазір хит болып жүр. Бұл өнер ме әлде өнерге балта шабу ма?

Коронавирус деген әнді Марат ағамыз жай отырып айта салды. Бір ән шығарып, өңдеп, репертуарына қоспады. Оны үлкен дауға айналдырған - біздің қоғам. Қоғам дегеніміз - саясаткерлер, журналистер, оқырмандар мен әнсүйер қауым. Оны айтса да болады, айтпаса да болады. Бастысы, ешқандай заң бұзушылық болған жоқ қой. Демек, моральдік тұрғыдан да ақау жоқ. Бірақ, өткенде далаға шығуға болмайтын кезде бір жігіт той ұйымдастырып, сол тойда осы әнді орындап жүр. Бұл - қылмыс. Жалпы, мен оған жеңіл-желпі қараймын. Тіпті, оған назар аударатын уақытымда жоқ. Бір көргенде күлдім де қойдым. Барлық адам бір қиын-қыстау уақыттағы әзіл деп қарауы керек шығар. Марат Омаров қандай ән жазса да ол халықтың композиторы, өзін өзі дәлелдеген композитор, әндері халық әніне айналған композитор. Марат Омаров қандай еркелік жасаса да жарасымды. Марат Омаровтың еркелігін көтеру керекпіз. Себебі, ол халық композиторы.

Хит ән жазу үшін сазгерге не керек?

Хит ән жазу үшін ең бірінші компьютер керек боп тұр. Хит жазу шабыт немесе ерекше аспап қажет деген дүниелер қалды ғой. Кейде әзілдеп айтамын "кухняда компьютермен отырған балалар хит жазады" деп. Ол - рас. Себебі, олардың деңгейі мен сұранысы сол халықтың деңгейінде. Өздері сол халықтың ішінде жүр. Халықтың талғамы мен керегін біледі. Сондықтан, олар жазған дүние тез арада хит болады. Бұрынғыдай сазгерлерге үлкен ізденістің, шабыттың, білімнің еш қажеті жоқ. Олар бар дүниені алып, сәл өзгертіп, сөздерін қайталап ұсынады. Ол ән хит бола қояды. Бірақ, ол хиттер өкінішке қарай өміршең емес. Шәмшінің әндеріндей ұзаққа бармайды. 2-3 айдан кейін тағдыры өшеді. Яғни, қазақ әндерінің антологиясына кіре ме, жоқ па ол беймәлім. Өйткені тарихта қалатын әннің  мәтіні, поэзиясының шоқтығы биік болу керек. Біз үшін, яғни композиторлар үшін ең қиын хит ән жазып, ол тек халыққа ғана ұнамап қоймай, оның эстетикалық талғамы өте жоғары болуы тиіс және ол қазақ әндер антологиясына кіруге құқылы болуы тиіс. Міне, сонда сен өзіңді нағыз хит жаздым деп есептеуге болады.

Үнемі бірнеше істі қатар атқарып жүретін Арман мырза карантин кезінде немен айналысып жүр?

Карантин кезінде мен еріктілердің қатарында болып, Қостанай, Петропавл жаққа барып дәрі-дәрмек, керек-жабдықтарын жеткізіп келдім. Одан бөлек жігіттер халыққа азық-түлік таратып жатыр дегенді естісем, сол жаққа барып ат салысамын. Содан кейін үй шаруасы. Үй шаруасы бітпейді. Үйді қайта-қайта тазалап, дизенфекциялап жүреміз. Одан бөлек үйде отырып шығармашылықты да қалдырып қоймадым. Біреулер айтады карантинде уақыт өтпей қалды деп. Өзіме уақыт жетпей жүр. Жалығып кеттік дейді. Мен де керісінше карантинде уақыт жоқ. Тіпті, кітап оқитын бос уақытым жоқ. Ананы-мынаны уайымдап ұйықтай да алмаймын. Менің бар уайымым коронавирус қазаққа қатты тимесе екен деймін. Өзіміз аз халықпыз, қатты әсер етсе қиналып қалуымыз мүмкін. Алла бізді жамандықтан сақтасын. Осы қауіпті уайымдағандықтан мен тәртіпке бағынудан, ережені сақтаудан бас тартпауға шақырамын. Үйден шықпай, тазалықты сақтау керек.

Көп өнер иелері "халықтың талғамы төмендеді. Қандай ән жазу керектігін білмейміз" деп жүр. Келісесіз бе?

Жоқ, мен ешқашан келіспеймін. Халық Құдайдан кейінгі ұлылық. Мысалы, сен ата-анаңның талғамы төмен деп айта алмайсың ғой. Міне, халық сенің ата-анаң, бауырың, көршің. Сен халыққа арзан дүние ұсынсаң, ол сені мүсіркеп, күн көрсін деген ниетпен қолданады. Бүгінгі таңда әлеуметтік экономикалық жағдайға көп нәрсе байланысты. Мысалы, қарапайым халықтың жұмыстан қолы босамайды. Ал, жұмыстан шаршап келгенде күрделі, мағыналы дүниелерді тұтынуға уақыты жоқ. Сондықтан, қолына түскен оңай жеңіл нәрсені тұтынуға бейім тұрады. Өзі шаршап келген адамға Чайковскийді тыңдата алмайсыз ғой. 16 сағат жұмыстан шаршап келген адамға осындай сөздері қайталана беретін, ойланудың қажеті жоқ әндер өтімді болады. Бірақ, негізі осыншама музыкалық қоры бар халықтың талғамы төмен деп айту қылмыс. Себебі кез-келген қазақтың халық әні - шедевр. Егер де сен халықты қызықтыратын дүние ұсына алмасаң, онда өз-өзіңді ақтау үшін халықтың талғамы төмен деп айту оңай.

Қазір барлық оқу онлайнға өтті. Үйде балалардың сабағына назар саласыз ба? Қаншалықты сабақтарына араласып, қарап тұрасыз?

Мен өзімнің уақытымның жеткеніне байланысты сабақтарын қарауға тырысамын. Ал, бірақ негізі бұл мәселеге толықтай үйдегі жеңгелеріңіз жауапты. Мен түздің адамымын ғой. Ал, үйдегі барлық іске жауапты, берекесін келтіріп, реттеп отыратын ол үйдегі жеңгелеріңіз.

Бала тәрбиесіне қаншалықты мән бересіз?

Бала тәрбиесі деген мәселе өте күрделі. Бұл сұраққа мен дұрыс жауап бере алмаймын. Себебі менің өзімді әлі тәрбиелеу керек. Тәрбиеге қатысты «сен ешкімді тәрбиелеме, өзіңді тәрбиеле. Сенің сөзің емес, ісің балаларыңды тәрбиелейді» деп ұлылар айтады ғой. Мен мейлінше жақсы болуға тырысамын.  Сосын қазақта тек деген сөз бар. Егер баланың тегі таза, адал болатын болса, ол бәрібір жамандыққа бармайды. Түбінде «сен жақсы бол, жақсы бол» деп күнде естіген бала оза ма, әлде тегінде бар бала оза ма оны білетін тек бір Алла ғана. Бұл сұраққа жауап беру қиын. 

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр