"Арыздансаңдар көшемді жауып аламын": Алматыда бүтін бір көше сатылып кетіп, көршілер арасында дау туды
Алматыда ауыр көлік болмаса кіріп-шыға алмайтын көшелер көп. Ұңқыр-шұңқыр жолдарды жөндегеннің орнына көшені түгел сатып алдым дейтіндер де бар екен. Алматыдағы Алғабас ауданында жаңадан көшіп келген тұрғын тұтас бір көшені қоршап алмақшы. Кіріп шығуымыз қалай болады деген көршілерге, азамат 2 миллион теңге жинап берсеңдер ғана жолды ашамын деп отыр екен. Тұрғындардың айтуынша ені 6 метр, ұзындығы 100 метр жол түсініксіз жағдайда сатылып кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "31" арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Тұрғындардың айтуынша, 10 жыл бұрын көшіп келгенде жауаптылар көшесі бар, газ бен су кіргізіп береміз деген, сондықтан бар ақшаларын жинап, үй сатып алған. Ал енді 1 жыл бұрын көшіп келген көршісі "көше менікі" деп қозғалысқа шектеу қойып отыр екен.
"Бұрынғы үй иесі басқаларға сатып кетті. Жолдың учаскесін бірге сатып кетіп отыр. Бізге қазір кіріп-шығу қиын болып жатыр. Бұл жер біреудің жеке меншігі болғаннан кейін мұнда су құбыр да өтпейді", - деді Алғабас ауданының тұрғыны Медеу Мәмбетниязов.
Ені 6 метр, ұзындығы 100 метр көшені иесі сатып жіберіп, кәсіппен айналыспақ екен. Тіпті, көршілерін көшеден өткен үшін ақы төлейсің деп қорқытқан көрінеді. Ал тұрғындар, апатты жағдай болып қалса, не өрт сөндіру не жедел жәрдем көлігі кіре алмайды деп алаңдап отыр.
Көшені иемденген иелері көршілерін бәрің жабылып 2 млн теңгеге сатып алыңдар деген көрінеді. Ол аз болғандай, "арыздансаңдар көшемді жауып, әр көлікті санап өткіземін" депті.
Ал амалы қалмаған тұрғындар кезінде осы жолға ақша беріп, тас төсетіп, тегістеткендерін айтады.
Көше мәселесін жергілікті әкімшілік өкілдері де біледі екен. Тұрғындар бірнеше рет басынасын айтып барған. Ондағылардың мәселені шешіп береміз дегеніне бір жарым жыл болыпты.
"Келесі апта орынға шығып, жер басқармасы өз құзыреті бойынша нақты жауап береді", - деді Алғабас ауданы әкімінің орынбасары Әділет Қайратұлы
Ал халықтың бар талабы - белгіленген көшемізді қайтарып, қызыл шеңберін сызып берсе екен дейді.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
