Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Арыста 70 жастағы кейуана немересі мен шалын жетектеп мектепті паналап жүр

Арыста қирауға шақ тұрған баспанада тұрғындар амалдап болса да тұрып жатыр. Ал, бұған дейін қираған үйлер мен нысандарды ретке келтіруге уәде еткен үкімет мерзімінен тағы да сөзінде тұра алмады. Сөйтіп, күл-талқаны шыққан баспаналар әлі де жөнделіп жатыр.

Ақша айырбастау орындарында қазақстандықтардың жеке мәліметін тіркейтін болады

70 жастағы Жаңагүл әжей өртеніп кеткен үйін әлі күнге айналшықтап жүр. Жарылыстан үш бөлмелі баспанасының күл-талқаны шыққан. Қолға іліп алар ештеме жоқ. Сондықтан, екі немересімен шалын жетектеп, кейуана мектепті паналауға көшкен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

"Мына жерде ұра да бар еді, қалды ғой бәрі. Ана бөлмеде де ұра бар еді. Зейнетақыма жинаған заттарым еді. Бәрі кетті. Қарап-қарап қимаймын", - дейді кейуана.

Әскери бөлім аумағындағы 1 қабатты 5 үйде Жаңагүл әжей секілді 35 отбасы тұрады. Тұрғын үйлер қорғаныс министрлігінің меншігінде болған екен. Сондықтан, тұрғындардың барлығы жылдар бойы шаңырақты өз аттарына рәсімдей алмай жүргендерін айтады. Жергілікті әкімдікке хат жазып, енді құжат өткізгендері сол-ақ, екен жарылыс басталып кеткен. Оларға арнап, қалаға кіре беріс жерден тұрғын үйлер салынып жатыр. Бірақ тұрғындарға қалай үлестіріледі. Ол жағы белгісіз.

"Өзімізге не қылады ма, жоқ, ипотекамен береді ма, білмейміз ғой. Әкімге жолықтырмайды бізді, кіргізбейді. Алдап-алдап шығарып салады арқамыздан қағып. Салынып жатыр, кіресіздер деп. Ойбай, жиһазымен деп. Арқамызан сипалайды", - дейді әжей.

Ширек ғасыр бойы әскери салада қызмет еткен Галина Вербицкая құлауға шақ тұрған үйде жалғыз өзі тұрады. Ол да жаңа үйден дәмелі. Бірақ су жаңа пәтердің жалға немесе басыбайлы беретінін ешкім түсіндірмеді дейді.

"Салынып жатқан жаңа үйді бізге қалай бермекші. Бізде, басы бүтіп бере ме жоқ әлде ипотека ретінде рәсімдей ме? Осы мәселені еш шеше алмай жатырмыз" - деді Галина Вербицкая. 

Қираған үйлер мен нысандарды қайта қалпына келтіріп, халыққа бірінші тамызда пайдалануға береміз деген биліктің уәдесі жартылай ғана орындалды. Өйткені құрылысы аяқталмаған баспаналар Арыс қаласында әлі де бар. Ал, олардың иелері осы күні мектеп пен уақытша берілген баспаналарда және бірі туған туыстарын жағалап жүр. Жергілікті билік болса, бұл азаматтардың тұрғын үйлері нақты қашан бітетінін айта алмайды. 

Айтпақшы, бүгіннен бастап 100 мың теңгені алу үшін Арыс қаласының тұрғындарына карточка таратыла бастады. Бірақ әзірге есеп картасына ақша салынған жоқ. 12 тамыздан бастап ала алады, дейді мамандар. 6 секторда тұрғын бар екен. Түске дейін жүзден астам адамға карточка таратылған. 

"Халық банкінің Арыс қаласында 12 банкоматы бар екен. Ол банкоматтар аздық етеді деп, біз Халық банке ұсыныс жасап, олар қосымша 7-8 банкомат қояды. Карточка таратып болған соң, тағы да осылай ел алдына шығып айтып беремін. Біраз қаражатты таратып болатын боламыз. Ол да тәртіппен ұйымдастыру шаралары бойынша өткізілетін болады", - деді облыс әкімдігінің орынбасары Жолдымұрат Аманбаев.

Сонымен қатар сот шешімдерімен қарыздары болған азаматтарға төлем карточкалары ашылмайды екен. Мұндай жағдайда азамат сенімді өкіліне нотариалды сенім білдіре отырып, өтемақыны сол арқылы алуына болады дейді мамандар. 

Талқылау