Арыс қаласында 60 жастағы тракторшы әйел кәсібінің қызығы мен қиындықтары туралы айтып берді
Арыс қаласында 60 жастағы әйел ірі көлікті басқарып, көпті тамсандырды деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Otyrar сайтына сілтеме жасап.
Түсірілімнен скриншот
Алтын Құттыбайқызы бала кезінен ауылшаруашылық техникасына жақын болғанын айтты. 21 жасынан бастап К-700 тракторын айдаған. Айтуынша, ауылда бос жұмыс орындары болмағандықтан, күн көру үшін ауыр көлікті айдауға мәжбүр болды.
"Сол кезде тракторды дене бітімі кішкентай, аласа бойлы адамдар басқаратын. Кішкентай адамдар осындай үлкен техниканы қалай басқарады екен деп ойлаушы едім. Сөйтсем, өте оңай екен. Мұны өзім үйренген кезде түсіндім. Трактордың жылдамдығы әртүрлі, бәрі тиеген жүкке байланысты. Көп тонналық көлік өз режимімен жүреді, бәрін тез қағып алдым", – дейді арыстық әйел.
Кеңес заманында Құттыбайқызы совхозда жұмыс істеген. Тракторшы қыз тұрмыс құрған кезде жұбайының отбасы оның "ерекше" кәсібіне қарсылық білдірмеген. Ауыл тұрғындары мен туыстары оны әзілдеп "тракторшы келін" деп атап кеткен.
"Әлі күнге дейін трактор айдауға көңілім бұрып тұрады. Сол үшін әлі тапсырыс қабылдаймын. Балалар “жасыңыз келді ғой, не істейсіз жұмыс істеп, үйде отырғаныңыз жақсы ғой” деп жатады. Мен “мұнда тұрған ештеңе жоқ” деп жауап беремін. Бір жағынан өзіме ұнайтын нәрсемен шұғылдансам, екінші жағынан ақша да табамын. Оның несі жаман?! Бұл трактор бізге ақша әкеледі деп айтуға болады. Біз шөп шауып, соны жинаймыз. Суды да тасимыз", – деді Құттыбайқызы.
Тракторшы әйел – көп балалы ана. Ол 10 бала тәрбиелеген, қазір немелерін бағады. Бұдан бөлек, ол бұрын пошташы және аспаз болып жұмыс істеген. Қазір Алтын аудандық мәслихаттың депутаты, ауылдың көптеген мәселелерін көтереді және оларды шешуге ықпал етеді. Сөйте тұра, трактордың рөлін басқаруда. 40 жылдық көлік жүргізу тәжірибесі бар.
"Ақмарал есімді әріптесім болған, ол да трактор жүргізген еді. 1984 жылы оны көрші ауылдың жігіті алып қашты. Бұл жаңалықты ести сала, тракторға мініп, ауылға артынан бардым. Жол лас, көлікте ауыр жүр бар. Келсем, құрбым жігіттің үйінде қалатынын айтты. Сөйтіп ауылға қайта оралдым. Оның жаңа отбасы оның кәсібін қолдамады, сол үшін ол жұмысын тоқтатты", – деді Арыстың тракторшысы.
Тракторшы әже жұмыстың ауыр екенін айтты. Тонналық көлікті басқару физикалық күш пен зейінді, шеберлікті қажет етеді, айтуынша дәлдік маңызды. Сәл қисық жүрсе, бәрін қиратып алуға болады. Арыс тұрғыны бұл кәсіппен қартайғанға дейін айналысуды жоспарлап отыр.