AAPL
172.1 $
2.14 %
TSLA
900.09 $
4.68 %
NDAQ
190.42 $
2.06 %
GOOGL
121.68 $
2.39 %
FRHC
57.85 $
0.75 %
AAPL
172.1 $
2.14 %
TSLA
900.09 $
4.68 %
NDAQ
190.42 $
2.06 %
GOOGL
121.68 $
2.39 %
FRHC
57.85 $
0.75 %
Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық ардагер полицей қызметіндегі ең күрделі істер жайлы айтып берді

Пайзулла Абдуллаев Арыс теміржол бекетіндегі желілік полиция бөлімін ұзақ жылдар бойы басқарған отставкідегі полиция полковнигі. Тіршілігі қайнаған теміржол бойында тыныштық орнатқан ол ҚР Ішкі істер органының "Құрметті ардагері" атағын алған. Өзі қызмет атқарған жылдары ірі қылмыстық топтарды қалай құрықтағанын абыройлы полицей Stan.kz тілшісіне айтып берді.

Отставкідегі полиция полковнигі Пайзулла Сейітханұлының кезінде атқарған ауқымды істерін жергілікті жұртшылық бүгінде жыр қып айтады. Ең әуелі бөлімнің материалдық-техникалық жағдайын жоғары деңгейге жеткізуге аса зор мән беріпті. Сондай-ақ, қоғамдық ұйымдардың белсенділігін арттыруға да баса назар аударған. 

"1984 жылдан бастап, Арыс теміржол бекетіндегі желілік ішкі істер бөлімшесінде 14 жыл қызмет еттім. Полиция бөлімінің басшысы ретінде ең бірінші қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға мән бердім. Себебі ұжым қуатты болса кез келген қиындықты оңай еңсере аламыз. Мен еңбек еткен жылдарда Арыс қаласы, ауданы бойынша 90-ға жуық қыз-жігіттердің ішкі істер органының оқу орындарында өз білімдерін жетілдірді. Қазіргі таңда олардың 76-сы жоғарғы шеңді офицер, 25-і полковник, 7-і үлкен бөлім, басқарма басшылары", – дейді ардагер полицей. 

Пайзулла Абдуллаев қызмет барысында елдің қауіпсіздігі мен тыныштығын сақтау жолында тер төгіп қана қоймай, халық шаруашылығы заттарының жолда ұрланбауын, талан-таражға түспеуін жіті қадағалапты. 

"1992 жылдары Полиция күні 10 қарашада тойланатын. Сол күні милициялардың барлығы жиналыста екенін білген ұрылар өздерінің жоспарларын орындауға кіріскен. Шымкенттегі зауыттан шыққан шиналарды  өзге елге жөнелту барысында жүк пойызы Арыс теміржол бекеті арқылы өтетін. Біздің станцияға келгенде жүк пойызына тиелген шиналар түгел емес екенін көрдік", – деп еске алады ел еңсесін тіктеген алғашқы жылдардағы орын алған оқиғаларды.

Пайзулла Сейітханұлы осы мезет шұғыл түрде оперативті топ құрып, іске бел шеше кірісіп кетеді.

"Ол кезде теміржолда әрбір 12 сағат сайын ауысым болатын. Тексеру жұмыстарының нәтижесінде екі ауысым бірлесіп, ұйымдасқан қылмыстық топ құрғаны анықталды. 16 адамнан тұратын қылмыстық топты тергеу жұмысы 8 айға дейін созылды. Істің нәтижесінде аталмыш топтың бұдан басқа 22 эпизод бойынша ұрлыққа қатысы бар екен белгілі болды. Қолды қылған заттардың басым бөлігін Арыстың айналасындағы дүкендерге апарып, саудалып отырғандығы дәлелденді. Сөйтіп теміржолдың 16 қызметкері сотталып, темір торға тоғытылды", – дейді ардагер полицей.

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары халықтың әлеуметтік хал-ахуалы шындығында да қиындау еді. Сондықтан ел ішінде ұрлық-қарлық жиі белең алатын. Сондай ұрлыққа қатысты оқиғалардың көпшілігі жүк пойыздарымен байланысты.

Арыс теміржол станциясы ең ірі теміржолдардың бірі-тін. Жүк пойыздары тек республикамыздың түкпір-түкпірінен ғана емес, алыс-жақын шетелдерден жиі-жиі қатынап тұратын. 

"Бір жолы Арыс станциясына Ресейден келе жатқан аңшылық мылтық тиелген жүк пойызы тоқтады. Тексеріс барысында бір вагонның бақылау пломбасы бұзылғаны анықталды. Ұрлық болғаны анық. Тексеру жұмыстарының нәтижесінде бір вагоннан 15 шақты мылтық кем екенін байқадық. Қылмыстың қай қалада орын алғанын анықтау үшін Ресей және Қазақстан тарапынан біріккен шұғыл оперативті топ құруды қолға алдық. Біздің екі қызметкеріміз осы іс бойынша Ресейге аттанды. Қолдарында аталмыш жүк пойызының қай жерде қанша уақыт аялдағаны туралы мәлімет бар-тын. Оперативті топ өздерінде бар мәліметке сүйене отырып, тексеру жұмыстарын Ресейдің Ильинск  қаласынан бастады. Іздестіру жұмыстарын екі ел тарапының полиция қызметкерлері бірге атқарды. Нәтижесінде дәл осы Ильинск қаласының теміржол аумағынан жолдың жағасынан әлгі жоғалған мылтықтың қораптары табылды. Осылайша бұл қылмыстың Қазақстанда емес, Ресейде жасалғаны анықталды. Тергеу жұмыстары ары қарай Ресейде жалғасатын болып шешілді", – дейді мұндай оқиғалардың сан түрімен бетпе-бет келген Пайзулла Сейітханұлы. 

Пайзулла Абдуллаев майталман маман иесі ретінде ішкі істер саласында қаншама қызметкердің кәсіби білікті маманға айналуына үлес қосып қана қойған жоқ, өз сара жолының ары қарай жалғанғанын қалады. Аға ақылымен осы саланы таңдаған інісі Сапарәлі Абдуллаев Көліктегі Ішкі істер басқармасындағы экстремизм мен терроризмге қарсы күрес басқармасының бастығы қызметін абыроймен атқарып, зейнеттік демалысқа шығыпты. 

Кейіпкеріміздің ұлы Сейітжомарт Сейітхан да әке ізімен жүруді жөн санап, полиция болуды ұйғарған. Бүгінде ол Түркістан облыстық ішкі істер департаменті штаб басқарамасының бастығы қызметін атқарады. 

"Кез келген бала әкеге қарап бой түзейтіні анық қой. Үнемі формамен, қай кезде де қауырт жұмыспен жүретін әкеміздің қас-қабағына қарап өстік. Өсе келе ішкі істер саласын таңдауға бел будым. Әуелгіде құптамаған әкем, кейін менің алған бетімнен қайтпайтынымды аңғарды ма, қолдады. Бірақ маман ретінде жұмысқа кірісемін дегенше, ең бірінші әкемнің түрлі сынағынан өттім. Әкем өмірде де, қызметте де жол сілтер –  ұстазым", – дейді полиция полковнигі. 

Ардагер полицей Пайзулла Абдуллаев күні бүгінге дейін елдің де, қаншама жауапты орындардың да алғысын алып келе жатса, ұлы Сейітжомарт Сейітхан да бүгінде алғыс арқалаған азаматқа айналды. Ол таяуда ғана ҚР Президенті Қ-Ж.Тоқаевтың жарлығымен "Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл" медалімен марапатталыпты. Осындай саялы бәйтерегі бар әулетте ұрпақтар сабақтастығы ешқашан үзілмейтіні анық.

 

Сұхбасттасқан: Гүлмира САДЫҚ

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Қазір оқып жатыр