Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әрбір тұтынушыдан алғыс алу – мен үшін зор қуаныш": Түркістандық келіншек детализация орталығын қалай ашқанын айтып берді

Үміт Макимова – Түркістан облысына қарасты Кентау қаласынан детализация орталығын ашып, жұмысын дөңгелетіп жүргізіп отырған кәсіпкер. Заты нәзік болғанымен автомобильге қатысты істерді бес саусағындай білетін кәсіп иесімен Stan.kz тілшісі сұхбаттасқан еді.

Бұған дейін мал дәрігері мамандығы бойынша базардың зертханасында жұмыс істеген Үміт Сағынтайқызы ондағы жалақысы көңілінен шықпағанын айтады. Осылайша ол жаңа салаға бет бұруды ұйғарыпты. 

“Декреттік демалыстан кейін жаңа кәсіп бойынша жұмыс істеу қажет деп таптым. Ойлана келе, көп балалы ана ретінде “Бастау Бизнес” жобасына қатысуды құп көрдім. Жоба аясында мен бизнес жоспарды құру, онымен қалай жұмыс істеу керектігін үйрендім. Сондай-ақ, сауда нарығында тұтынушыларға қалай сөйлеу, қалай сату керек деген сынды сан түрлі сауалға жауап алдым”, – дейді кейіпкеріміз.

Сабақ барысында оқып білгендері мен көкейге түйгендері кәсібінің дөңгеленіп жүруіне ықпал еткендігін айтады ол.

“Жолдасым да, өзім де “Бастау Бизнес” курсын оқып, кәсіпкерліктің қыр-сырына қанықтық. Екеуміз балаларымыздың болашағы үшін, әрі табысты кәсіп иелері атану үшін детализация орталығын отбасылық кәсіп ретінде аштық. “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” демекші, бір-бірімізге үн қосып, бір-бірімізге қолдау көрсету арқылы кәсібімізді дамытып келеміз”, – дейді Үміт Сағынтайқызы.

Отбасылық кәсіп ашу мәселесі көтерілгенде өздері тұратын Кентау қаласы бойынша қай қызмет түрі сұранысқа ие екендігін бірге талқылапты. Көптеген кәсіп түрін зерттей келе, жолдасының автомобильдерге бір емес бірнеше қызмет түрін көрсететін детализация орталығын ашуды ұйғарыпты.

“Қазір өздеріңіз білетіндей, екінің бірі көлік жүргізеді. Жүргізушілер үшін көлігінің таза әрі әдемі болғаны аса маңызды. Сондықтан да өзге емес осы қызмет түрін таңдадық. Біздің орталықта автомобильдерді химиялық тазалау және жылтырату, терезелерін қараңғылау, көлік ішіне шу естілмеу үшін есіктеріне арнайы қаптау жұмыстарын жүргізу және т.б қызмет түрлері көрсетіледі. Тұтынушыларымызға сапалы қызмет көрсетіп, олардың әрбірінің көңілінен шығуға тырысамыз”, – дейді кәсіпкер.

Кәсіпкерлікті дамытуға ден қойып, халықтың игілігі үшін осындай берері мол жобаларды жүзеге асырып отырған ол бағдарлама ұйымдастырушыларына алғысының шексіз екендігін жеткізді.

“Бастау Бизнес” сынды курстар ел бойынша жұмыссыздықпен күресуге таптырмас жоба ретінде қолға алынған. Бүгінгі қоғамда кез-келген адамға жұмыс табылады деп ойлаймын. Жұмыс жоқ детіндердікі жай сылтау ғана. Бұл тұрғыда тек жалқаулықты жеңе білу керек. Оның үстіне бүгінгідей дамыған заманда кәсіптің қай түрімен айналысудың тиімді екенін интернеттен-ақ біліп, көптеген мәлімет алуға болады деп есептеймін”, – деп жұмыссыздықты алға тартатын замандастарына өз кеңесін де бере кетті.

“Кәсібі бардың, нәсібі бар” демекші, бүгінде кәсібін дөңгелетіп, бір күн тыным таппайтын отбасының айлық табысы 500-600 мың теңгеден асып жығылады. Сондай-ақ, аталған детализация орталығында үш адамды жұмыспен қамтып отырған жайы бар.

Үміт Сағынтайқызы “Бастау Бизнес” жобасы арқылы тек білім алып қана қоймай, мемлекеттік грантты иеленіпті. Атаулы грант қаржысына автошаңсорғыш және де химиялық тазалау жұмысын жүргізуге арналған құралдар алыпты. Құрал-жабдықтардың барлығы жұмысын одан әрі ілгерілетіп, кәсібінің дами түсуіне зор пайдасын тигізіп отыр.

“Кәсібіміздің алға жылжуы жолдасымның қажырлы еңбегі мен, жігер-күшінің арқасы. Сонымен қатар “біріксек, алынбайтын қамал жоқ” деп, алдымызға нақты мақсаттар қойдық. Бұл жетістік – бірге талмай еңбек етіп келе жатқанымыздың нәтижесі”, – дейді Үміт.

“Еңбек” бағдарламасы аясында өздерінің табан ақы, маңдай терімен күндіз-түні тынымсыз тірлік қылып, табысқа кенеліп отырған отбасы мұнымен шектеліп қалғылары келмейді. Болашақта өздері салған осы бір орталық қасынан автоотелье ашуды жоспарлап отыр. Мұнда көліктерге арналған жабу (чехол – ред.) тігумен, сатумен айналыспақ ниетте.

Бұған қоса кәсіп иесі тазалау жұмыстары жүргізілгеннен кейін тез арада кептіретін арнайы аппарат алуды жоспарлап отыр. Бұл әсіресе, автомобильдерге химиялық тазалау жұмыстары жүргізілгеннен кейін, қыстың суығына қарамастан, кептіріп шығады екен. Бұл аппаратқа қол жеткізсе, жұмыстары да әлдеқайда жеңілірек болмақ.

Нәзікжандылар қатарынан болғанына қарамастан, жұмыс талғамай істеп жүрген Үміт Сағынтайқызы кез-келген жетістіктің артында зор еңбек тұратындығын атап өтті.

“Жұмыстың оңайы жоқ. Қайсібір саланы алсақ та, көп еңбектенуді қажет етеді. Шаршау болады, әрине. Бірақ біздің орталықтың қызметіне жүгінген жүргізушілердің мұнтаздай тап-таза көліктерін көріп, қатты қуанғанына куә болғанда шаршаудың бәрін ұмытамын. Әрбір тұтынушыдан алғыс алу – мен үшін зор қуаныш. Олардың ризашылығы маған күш-жігер беріп, өз кәсібіме деген сүйіспеншілігімді одан әрі арттыра түседі”, – деп түйіндеді сөзін Үміт Макимова.

“Бастау бизнес” жайлы

"Бастау бизнес" жобасы азаматтарға жеке ісін бастауда көмек көрсетіп, жоспарды іске асыруда 12 айға дейін қолдау білдіреді. Білім алған азаматтар 3 жылға жарамды арнайы сертификатпен марапатталады. Оқудың жалпы ұзақтығы 25 күнтізбелік күннен аспайды. Үміткердің өтінімі 10 күн ішінде қаралады. 

Ал грантқа жұмыссыздармен қатар жеке кәсіпкерлер де үміткер бола алады. Сондай-ақ жеке қосалқы шаруашылықпен шұғылданған тұлғалар да грантқа үміткер атанады. Грант мөлшері 400 АЕК-ке тең. 

“Бастау бизнес” ұсынған грант үміткері атану үшін төменгі санаттардан болуы міндетті:

  • Жастар (29 жасқа дейін);
  • Аз қамтылған отбасы мүшелері – атаулы әлеуметтік көмек алушылар;
  • Көпбалалы отбасылар - көпбалалы отбасылар бойынша жәрдемақы алушылар;
  • Қандастар, қоныс аударғандар;
  • Мүгедектігі бар адамдар;
  • Мүгедек баланы (мүгедек балаларды) тәрбиелеп отырған тұлғалар үшін.

Грант қаражатын тек “Бастау Бизнес” аясында әзірленген бизнес жоспарды іске асыруда ғана қолдануға болады. Сонымен қатар үміткердің жұмыспен қамту бойынша өзге қолдау шараларына қатыспау керегін ескерген жөн. 

2022 жылы "Бастау бизнес" жобасы онлайн форматта өтеді. Жобаға өтініш қабылдау 1 сәуірде басталады деп жоспарланып отыр және 10 күнге жалғасады. Өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталған соң аудандық және қалалық комиссия қарауына өтеді. Бұдан кейін үміткер өз жобасын комиссия алдында қорғайды. Өтінішті Business.Enbek  порталы арқылы бере аласыз. 

 

Дайындаған Гүлмира Садық

Талқылау