Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Арбаға таңылған мүгедектігі бар әжесін 6 жыл бойы жалғыз баққан жігіт ауыр тағдыры туралы айтты

Дәл қазір әлеуметтік желіде арбаға таңылған қарт әжесіне қаршадайынан жалғыз өзі қамқорлық танытқан немеренің видеосы қызу талқыланып жатыр. Жұрттың жүрегін елжіреткен әлгі бейнежазба тиктокта 4 миллионнан астам қаралым жинаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат порталы. 

Әжесіне ерекше қамқорлық танытқан жігіттің аты-жөні – Сабыржан Кизбаев. Ол Түркістан қаласының тумасы, 21 жаста екен. Бастапқыда дәл бұлай бірден жұрт назарына ілігем деп еш ойламаған.

"Даттап жатқандар да, жақсы қабылдап жатқандар да бар. Әркімнің өз ойы бар ғой. Негізінде менің ойым мен мақсатым әжем екеумізден бір естелік видео қалсын деп салдым. Содан кейін ана мен баланың жылулығын да көрсеткім келеді. Өйткені қазір біздің қоғамда жылулық деген өте аз. Бірақ мен мақтанып, "мен әжеге қарап жатырмын, мен әжеге бүйтіп-сөйтіп жатырмын" деген мақсатта салған жоқпын. Ондай ой мүлдем болған жоқ", – дейді түркістандық жігіт. 

Сабыржанның әжесі 72 жаста. Дәл осылай төсек тартып жатқанына 6 жылға жуықтап қалған. Кейуана алғашқыда қант диабеті дертіне шалдығып, кейін екі рет мини-инсульт алған екен. Содан бері осы немересі қаршадайынан жалғыз өзі қамқорлық танытып келеді.

"Мен 11-сыныпты оқып жүрген кезден бастап әжем төсекке таңылды. Содан бері жалғыз өзім қарап келе жатырмын. Алғашқыда әжем екі аяқты темірмен дәретханаға барып келіп жүретін. Кейін уақыт өте келе аяғын мүлдем баса алмай қалды. Сонымен құлаған кезде екі аяғын шығарып алдық. Содан кейін төсекке таңылды. Содан бері қазір төсекте жатыр. Солай әбіржіп қалған кезең болды", – дейді немересі. 

Әжесін баққан Сабыржанның да тағдыры оңай емес. Ол 2 жарым жасында анасынан айырылып, әжесі баққан екен. Таяуда бұл жігіттің туған әкесі де қайтыс болыпты.   

"Жалпы, менің өмірімде қиын кезең өте көп болған. Ең біріншісі – ата-анадан айырылу. Анашымнан айырылдым. Екінші ауыр жағдай – менің қамқоршым, әжем төсекке жатып қалды. Сол маған қиын болды. Басында "Неге бұлай болды, неге олай болды?" деген сияқты сұрақтар болды. Бірақ кейін уақыт өте келе ерте есейдім десем де болады. Есейгеннен кейін өзімнің есімді жиып алдым. Анама жасай алмаған жақсылықты әжеме жасаймын. Өйткені әжем – менің анашымның анасы, яғни нағашы әжем. Әкемді де қатты жақсы көремін. Әкем өкінішке орай алыста болды. Бірақ қайтыс болғанына жарты жыл болды. Қиналдым, негізі ата-анасыз өмір өте қиын. Әзірге дейін қиналамын, жалғызсыраймын. Бірақ ата-ананың қадірін білмейтіндер өте көп. Ата-ананың қадірін біліңіздер дегім келеді. Негізі ата-ана мен баланың қарым-қатынасы мықты болу керек. Қалған нәрсенің бәрі жеңіл деп ойлаймын. Мен әкесі бар туыстарыма, анасы бар жақындарыма: "Сен ата-анаңды қалай бар, солай қабылда. Оларды сен жақсы көр. Ең бастысы олар сенің жаныңда" деп әрдайым айтамын. Мейірімді болайық", – дейді Сабыржан. 

Осы орайда көптің көкейінде сұрақ туындайды. Төсек тартып жатқан қарт әжейді жиен-немересі 6 жыл бойы бағып-қағып келеді. Бұл ақжаулықты ананың өз балалары, яғни ұл-қыздары қайда деуі мүмкін. Дәл осы сауалды қамқор немереге біз де қойдық. 

"Әжемнің басқа балалары бар. Менің анашымның әпкесі мен інісі бар. Әркімнің өз отбасы бар. Мен бұрын расында туысқандарыма қатты ренжитінмін. "Неге әжемді мен қарауым керек, неге ол кісілер қарамау керек? Мен неге кіп-кішкентай болып осының бәрін жасауым керек?" деген сияқты сөздерді айтатынмын. Ал қазір қарап тұрсам, әркімнің өз отбасы бар, олардың да бала-шағасы бар. Мысалы, әпкемнің өз отбасы бар, ата-енесі бар. Ол да бір үйдің үлкен кісілеріне қарап отыр. Сондықтан мен ол кісіні түсінемін, қайта-қайта мазасын алғым келмейді. Негізі, жалпы әжемнің тәрбиесі – біреуден көмек күтпеу! Сол үшін мен ешкімнен көмек күтпеймін. Қарым-қатынасым өте жақсы, сәлемім өте түзу. Ешкімге реніш те, өкпе де жоқ. Әрине, басында реніш болды", – дейді түркістандық жігіт.  

Сабыржан арбаға таңылған әжесін өзі жуындырып, өзі шомылдырады, тырнағын алып, үйді де тап-таза ғып ұстап отыр. Егде жастағы қарияның жағдайы жақсы болуы үшін, жұмыс кестесін де соған сай ыңғайлап қойғанын айтады.

"Мен таңертеңнен түске дейін немесе түстен кешке дейін жұмысқа барамын. Өзімнің қалауым, еркіндігім деген сияқты. Әжемнің қасында таңертеңнен түске дейін немесе түстен кешке дейін боламын. Таңертең жұмысқа кеткен тамағын беріп, киімін ауыстырып кетемін. Түсте қайтадан келіп, тағы қарап кетемін. Осылай өмір жалғасып жатыр", – дейді қамқор немере.  

Ерекше ісімен елдің ықыласына бөленген жігіт мектепті тәмамдаған соң "Дизайнер" мамандығы бойынша Түркістандағы университетке түскен еді. Алайда әжесінің денсаулығын ойлап, оқуын да тастап кетіпті. Дәл қазір Сабыржан өзіне ұнайтын жұмысын да істеп жүр. Ол Түркістанда бет әрлеуші боп қызмет етеді. Яғни сән салонында визажист! Ал әжесіне ерекше қамқорлық танытқан Сабыржанға бағытталған пікірлердің басым бөлігі: "Бұл жігіт бір қыздың бағына жаралған" деп топшылауда. Бірақ 21 жастағы сән әлемінің серісі әлі отбасын құруға асықпайтынын ашық айтты. 
Сондай-ақ қаршадайынан қиындықты көп көрген Сабыржанның алға қойған жоспары көп. Әуелі әжесінің амандығын тілеген жігіт келешекте өзі тағдырлас балаларға жәрдемдесіп, қараусыз қалған қарияларға қамқорлық көрсетуді көздеп отыр. 
Видео сұхбаттың толық нұсқасын дәл қазір Stan kz YouTube арнасынан көріңіз.

 

Талқылау