Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Арасында малдың басы да жатады": Қызылорда облысында қоқыс алаңының сасық иісінен балалардың үстіне жара шығып жатыр

Пандемия аяқталғанына бір жылдай уақыт өтсе де, Қызылорда облысына қарасты Жаңақорған ауданындағы жүзге тарта отбасы әлі күнге маскалық режимді сақтауға мәжбүр. Өйткені, үйлерінен таяқ тастам жерде орналасқан қоқыс алаңынан жылдар бойы зардап шегіп жатыр екен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап. 

Тіпті айналаны алып жатқан сасық иістен балаларымыз да жиі ауыратын болды деп ашынады. Сондықтан, халық қоқыс алаңын басқа жерге көшірсін деп талап етті.

Ал әкімдіктегілер болса қаражаттың жоқтығын сылтауратып, бұл мәселені шешуге асығар емес. Аудан орталығында тұратын бұл тұрғындар соңғы төрт жылдан бері есігіміздің алдына шығып еркін тыныстау арманға айналды дейді.

Оның айтуларынша, тазалықшылар малдың өлекселерін де, кенттің бүкіл күл-қоқысын да үйлерінің маңындағы дәл осы алаңға әкеліп тастайды.

“Немерелеріміз келді, иістен ауырып, үстеріне жара шығып, больницаға жатып, ақыр соңында дәрі алып ауылдарына қайтты. Ал кешкісін далаға шыға алмаймыз. Иісі деген жаман”, – дейді тұрғын Сәнім Төлегенова. 

“Бетперде киіп жүреміз. Үйде де киіп жүреміз. Мына қоқыстың ішінде бәрі бар. Малдың да басын көргем мынаның арасынан, шыбын үймелеп жатқан”, – дейді тұрғын Сәуле Нұрлыбаева. 

Көпшілік қолқаны қабатын сасық иісінен бөлек, жел тұрғанда алаңдағы қоқыстар ұшып, ауламызды ластайтыны тағы бар дейді. Мұндағы жұрттың мұңына айналған мәселе, әкімге талай рет арыз күйінде берілген.

Алайда, шенеуніктерден мүлдем әрекет болмай отыр деп ашынады тұрғындар. Бұл қоқыс алаңы жеке кәсіпкердің иелігінде екен. Кәсіпкердің өзі де қалдықтарды өңдейтін орынды елсіз жерге көшіру туралы жергілікті билікке үш жылдан бері арызданып келемін дейді.

“Нақты қашан көшетіндігін айта алмаймын. Жарық тартпаса біз ол жерге қалай көшеміз. Әкеп тастайды сол жерге. Өлекселер, памперстер әкеп тастайды, басқаларды да әкеп тастайды”, – жеке кәсіпкер Нұрлан Сәдуақасов. 

Әкімдіктегілер кәсіпкерге орталықтан шалғай аумақтан жер телімін бергенін айтады. Ендігі мәсәле ол жаққа инфрақұрылым жүйелерін жүргізу. Ол үшін әлі қаражат бөлінбеді дейді жауаптылар. Сондықтан, төрт жылдан бері тынысы тарылған тұрғындардың қашанға дейін медициналық маскамен беттерін тұмшалайтыны әзірге белгісіз. 

Талқылау