Арал кейінгі бес жылда алғаш рет сумен толық қамтамасыз етілді
Биыл кейінгі 5 жылда алғаш рет суару кезеңінде Арал теңізі сумен 100% дерлік қамтамасыз етілді. Оған 977 миллион текше метр су жіберілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Премьер-министрдің баспасөз қызметі
Кейінгі жылдары теңізге небәрі 350-400 миллион текше метр су түссе, жыл басынан бері оның көлемі 2 миллиард текше метрден асты. Жыл соңына дейін 500 миллионға жуық су жіберу жоспарланып жатыр.
"Солтүстік Аралдағы судың көлемі – 22 млрд текше метр. Бұған дейін суару кезеңінде теңізге секундына 7-10 текше метр су түссе, биыл 10 есе артып, секундына 60-70 текше метр болды", – деді Арал-Сыр өңірі бассейндік инспекция басқармасының орынбасары Зейнолла Қазтоғанов.
Сондай-ақ Ақшатау, Сорғақ және Қамыстыбас көлдеріне 45 миллион текше метрден астам су жіберілгенін айтады.
“Арал теңізінің минералдануы азайып, балық саны өсті. Теңіз құрғағаннан кейін балықшылардың балығы жылына 400 тоннаға әрең жететін. Қазір олар 7,5-8 мың тоннаға дейін балық аулайды”, – деп мәлімдеді басқарма орынбасары.
Су ресурстары және ирригация министрлігі дүниежүзілік банкпен бірлесіп, тұрақты сумен қамтамасыз ету, экономикалық және әлеуметтік бастамаларды дамытуға бағытталған Солтүстік Аралды сақтау бағдарламасының екінші кезеңінің жобасын әзірлеп жатыр.