"Араб әмірлігінде жабық киінген": Дженнифер Лопестің сахналық киіміне пікір білдіргені үшін сынға қалған депутат көпке жауап берді
Америкалық поп-жұлдыз Дженнифер Лопестің сахналық киімдеріне қатысты пікір білдіремін деп сынға қалған депутат өз пікірін ашып түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Астана қалалық мәслихатының депутаты Сәуле Самидин Дженнифер Лопестің киіміне қатысты пікірді не үшін айтқанын түсіндірді.
“Дженнифер Лопестің концертінен кейін 16 жасар қызым "Анашым, Араб әмірлігінде ол біздегіге қарағанда әлдеқайда жабық киімдер киген..." деді. Бұл сөз мені ойландырды. Ана ретінде де, мәдени саясатты дамытуға атсалысып жүрген адам ретінде де үнсіз қалдым. Бұл әртістің шығармашылығына сын емес, керісінше мен J.Lo-ны еңбегі, жігерімен миллиондған адамды шабыттандыратын әйел ретінде қатты құрметтеймін. Бірақ бұл жаһандық сахна мен жергілікті аудитория, шығармашылық еркіндік пен мәдени өзектілік арасындағы тепе-теңдік туралы айту мүмкіндігі болды. Біз мәдени туризмді дамытқымыз келеді, солай ма? Олай болса, осындай оқиғалар арқылы талқылайық”, – деді депутат.
Ол шығармашылық индустриялардың еуразиялық қауымдастығының төрағасы ретінде көптеген жылдар бойы MICE туризмін дамытуға ықпал етіп жатқанын айтты.
Мен ауқымды концерттерді, халықаралық әртістерді, мәдени алмасуды жақтаймын. Бірақ өзіміздің болмысымызды жоғалтпауымыз керек, сайып келгенде, мәдениет тек шоу емес, ол диалог, өзара құрмет пен контекст. Сіздердің белсенділіктеріңіз – қоғамымыздың өміршең әрі қамқор екенінің белгісі. Мен депутат ретінде көтерген басқа тақырыптарда да дәл осылай талқылағандарыңызды қалаймын: балабақша, емхана жетіспеушілігі, жолдардың, мектептердің жетіспеушілігі, әйелдер мен балалардың қауіпсіздігі”, – деді ол.
Еске салсақ, депутат әнші Дженнифер Лопестің сахналық киіміне пікір білдіремін деп сынға қалған еді.

"Денесін күйдіріп, саусағын сындырып, тиын жұтуға мәжбүрлеген": Балқашта ер адам 8 жасар баланы соққыға жықты деп айыпталды
