"Әр жаз сайын қазып тастайды": Алматылық тұрғын қала тұрғындарының салығы негізсіз жұмсалып жатқанын айтып шағымданды (видео)
Фото: Артем Терешенконың желідегі парақшасынан
Алматылық Артем Терешенко желідегі парақшасында қалада бюджет қаржысының қалай жұмсалып жатқанына қатысты наразылығын білдірді. Ол Гагарин мен Әл-Фараби көшелерінің қиылысындағы жаяу жүргіншілер жолының (тротуардың) еш себепсіз бұзылып, қайтадан жөнделіп жатқанын видео арқылы көрсетті. Ол бұл әрекетті салық төлеушілердің қаражатын ысырап ету деп есептейді. Stan.kz әкімдіктен неліктен асфальттың қайта қопарылғанын сұрап көрдік.
Артемнің айтуынша, тротуар бұған дейін жақсы жағдайда болған және жаңғыртуды қажет етпеген.
"Қараңыздар Алматы бюджетін игеру осылай болады екен. 2024 жылғы 29 шілде. Мынау Гагарин – Әл-Фараби көшелері. Халықтың салыққа берген ақшасын әкімдік осылай "жаратады". Асфальтты тағы да қайта төсеп жатыр" – деп жазды ол.
Бұл жазба әлеуметтік желі қолданушыларының да назарын аударып, көптеген тұрғын автордың сөзімен келісетінін білдірді. Пікірлерде Алматыда дәл осындай "қайта жөндеу" жағдайлары жиі болатыны айтылып, кейбір азаматтар мұны "ескі схема", "бюджетті игеру тәсілі" деп атап өтті.
"Гагарин көшесін әр жаз сайын қазып тастайды. Жыл сайын. Енді Жароков көшесі үшінші ай болды, тек арқанмен жауып қойған. Ешнәрсе істеп жатқан жоқ. Не керек бұларға?! Қазақстанда қалатындар нағыз патриоттар! Қалғандары кетсін! Бәріне бір-бір миллионнан беріп, елден шығарып жіберсе де болады. Әйтпесе осында қалып, тағы да ұрлайды", "Айтарға сөз жоқ. Бюджетте ақша жоқ дейді, ал айыппұлдар көбейіп жатыр. Одан да қаланың басқа аудандарын абаттандырса дұрыс болар еді", – деп жазды оқырмандар.
Осы ретте Алматы қалалық мобильділік басқармасы не себепті қайта асфальт төселіп жатқанын айтып берді.
"Серкебаев даңғылының бойындағы тротуардың осы учаскесінде люктің шөгуі және тротуардың бұзылуы тіркелді. Осыған байланысты, даңғылды орташа жөндеу аясында люкті жобалық биіктікке Туралау және ұзындығы 4 метр тротуарды қалпына келтіру жүргізілді", – деп жауап берді Алматы қалалық мобильділік басқармасы.
Кейін басқарма істелінген жұмыстың нәтижесін жіберді.
Фото: Алматы әкімдігі

Үлескерлерге қатысты заң өзгереді, Трамптың 25%-дық баж салығы күшіне енеді: Қазақстанда 1 тамыздан бастап не өзгереді
