"Әр көруден көбірек вау әсер алыңыз": Елімізде Samsung компаниясы техниканы қате жарнамалаған
Қазақстандағы озық технологияларды ұсынатын Samsung компаниясы жарнамадан қате жіберді. Олар "Әр көруден көбірек вау әсер алыңыз" деп маңдайшадағы қазақша сөйлемді дұрыс аудармаған. Stan.kz тілшісі ақпаратқа қатысты компанияның жарнама бөліміне хабарласып көрді.
Фотоны Stan.kz тілшісі түсірген
Алматыдағы Сейфуллин, 617 мекенжайындағы Restopark дәмханасында Samsung компаниясы орысшадағы "Больше вау в каждом просмотре" деген сөзді қазақшаға "Әр көруден көбірек вау әсер алыңыз" деп мағынасын келтірмей, қате аударған.
Дұрысы, "Көрген сайын тамсана бересің", "Әр көргенде таңғалдыра береді".
Ал сөйлемдегі тағы бір қате "Вау" сөзі. "WOW" ағылшын тілінен аударғанда ерекше таңдану немесе қуаныш сезімін білдіреді. Сондықтан орысша сөйлемде қолданудың қажеті жоқ. Ал қазақ тіліндегі қолданыста "мәссаған" немесе контекстке қарай "тамаша", "керемет", "ғажап", "күшті" мағынасында қолданылады.
Қате жарнама бойынша Қазақстандағы Samsung компаниясының жарнама өкілдігіне хабарластық. Жарнамаға жауап беретін әкімшілік қызметкері мәтін жақын арада түзелетінін айтты.
“Бұл бойынша бас мекемеге өтініш жіберемін және мәселені біздің қызметкерлер қарастырады. 1 аптаның ішінде қате түзеледі”, – деп жауап берді Аяжан есімді менеджер.
Еске салайық, бұған дейін Алматы метрополитеніндегі 11 бекетте де қате жазылған маңдайша туралы жаздық. Орысшадағы "к поездам" деген сөз қазақшаға "пойызға шығу" деп қате аударылған. Қазақшаға аударғанда "пойыздарға қарай" болады.