Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әр балаға отыз мыңнан берілсін": Қызылордалық көпбалалы аналар облыс әкімдігінің алдында шу шығарды

Қызылордалық балалар қашықтықтан білім алуға дайын емес. Облыс әкімінің алдына жиналған көп балалы аналар осылай деп шу көтерді. Олар биліктен қаржылай қолдау сұрап отыр. Тіпті оқуға қажетті техникаларды, уақытша емес, "басыбайлы беріңдер" деп талап қойды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Астана" арнасына сілтеме жасап.

Әдетте әкімдік қоршауынан әрі асырмайтын шенділер, жиналғандарды автобусқа отырғызып алып кетті. Полицияға емес, жақын маңдағы мектепке апарып, жиын өткізді. "Тұрмыстың тауқыметінен титықтадық" деген аналар биліктен қаржылай қолдау сұрап отыр.

"Әр балаға отыз мыңнан берілсін. Оқу құралдарына. Бізге киім-кешегі керек емес. АӘК-нің азық-түлігін беріп жатыр. Адам жейтін нәрсе емес. Тек сүтін ғана ішіп жатқан шығармын", - деді көпбалалы ана Жадыра Салыбаева.

Аналарды алаңдатқан жайт жалғыз бұл емес. Жаңа оқу жылы басталуына санаулы күн қалса да, қашықтықтан оқуға қажетті техникалар қолымызға тимеді деп ашынды олар.  

"Компьютер, планшетті қайтарымды қылып беріп жатыр. Соны бізге қайтарымсыз қылып берсін. Онына дейін белгілі болады деді қыркүйектің. Қыркүйектің онына дейін балаларым сабаққа бармайды", - деді шу шығарған көпбалалы аналардың бірі.

Базыналы халықты облыс әкімінің орынбасары өзі тыңдады. Ол барлығы заң шеңберінде шешілетіндігін айтып, талаптарының орынсыз екендігін ашық айтты. 

"9400-дің үстінде мектептің компьютерлері таратылып беріледі. Оған жұмыс жүріп жатыр қазір. Сонымен бірге республикалық бюджеттен 22 мың 800-дің үстінде электронды құрылғылар алынатын болады. Соны қайтарымсыз беріңдер дейді. Ол мемлекеттің мүлкі, біз оны таратып бере алмаймыз. Өйткені біз мемлекеттің заң алдында жауап беретін боламыз", - деді Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов.

Облыстық білім бөлімінің мәліметінше, жетім және ата-ана қамқорынсыз қалған балалардың тоқсан пайызы қажетті техникамен қамтылған. Одан өзге демеушілер есебінен де жүздеген бала құрылғыға қол жеткізіпті. Ал дау тудырған жағдайы төмен отбасының балаларына берілетін заманауи құралдар бір айдың көлемінде иелеріне табысталады деп сендірді. 

STAN.KZ
Сейсенбі, 25 Тамыз, 2020 08:21
Талқылау