"Әр балаға 36 мың теңге": Депутат әлеуметтік осал топқа берілетін көмекті көбейту үшін мемлекет қаржысы жететінін айтты
Мәжіліс отырысында депутат Динара Закиева аз қамтылған отбасылардағы әр балаға берілетін атаулы көмек мөлшерін төменгі күнкөріс шегіне дейін көтеруді ұсынған еді. Ол қазір алып отырған көмектің барлық шығынды өтеуге жетпейтінін қосып өткен. Динара Закиева бұл үшін қосымша 225 млрд теңге қажет деген еді. Депутат "Мұны төлеуге мемлекеттің мүмкіндігі бар ма?" деген сауалға жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Халық қалаусысы қазіргі таңда әр 10 баланың, яғни 625 мың баланың жағдайы төмен отбасыларда тәрбиеленіп жатқанын тілге тиек етті. Мұқтаж отбасыларға көмек көрсетілгенімен, қаржының барлық шығынды жабуға жетпейтінін айтады.
"Берілетін көмекті ең төменгі күнкөріс деңгейімен теңестіру қажет. Егер 36 мың теңгеден берілсе, тым болмаса балабақшаның қаржысын төлей алады. Сонда анасы жұмысқа шығып, табысын арттыра алар еді", – дейді Динара Закиева.
Депутат Динара Закиева әлеуметтік осал топты қолдау үшін мемлекеттің қауқары жететінін айтады. Бұл қажетсіз шығындарды анықтау керек деп есептейді.
"Меніңше, бюджеттің қаржысы жетеді. Ол үшін жергілікті әкімдіктегі және бюджеттегі қаржыны қайта қарап, қажетсіз шығындарды анықтасақ, қаражат табылады", – деп аяқтады депутат.
Айта кетейік, бұған дейін Динара Закиеваның Мәжіліс отырысында аз қамтылған отбасылардағы әр балаға берілетін атаулы көмек мөлшерін төменгі күнкөріс шегіне дейін көтеруді ұсынғаны туралы хабарлаған едік.