Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызыл теңіздегі кеме шабуылдары, Түркия әскерінің Ирактың солтүстігіндегі операциясы: Әлемде не болып жатыр

Соңғы уақыттағы геосаяси шиеленістердің күшеюінен әлем тұрақсыз күйге түсіп, бұл экономикаға кері әсерін тигізуде. Мемлекеттер арасындағы қақтығыстар жағдайды күннен-күнге ушықтыруда. Осы аптада әлемде не болды? Жаңа жылда қандай саяси өзгерістер күтіп тұр? Stan.kz тілшісі әлемде болып жатқан саяси жаңалықтарға апталық шолу ұсынады. 

Назарларыңызға хуситтердің Қызыл теңіздегі кемелерге шабуылы, Сербиядағы сайлауға қарсы наразылық, Түркияның Ирактың солтүстігіндегі операциясы туралы сараптамалық ақпараттарды ұсынамыз.

Қызыл теңіздегі жағдай: Йемендік хуситтердің шабуылдары әлемдік саудаға қалай әсер етеді

Фото: Khaled Abdullah/Reuters

Газа секторындағы соғыс – әлемді алаңдатып отырған басты мәселелердің бірі. Алайда Израиль бұл қақтығыстың жақын арада бітпейтінін алға тартады.

"Израильдің Газадағы соғысы ұзаққа созылады, сол себепті әлі аяқталa қоймас”, – деді Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху.

ХАМАС бақылауындағы аймақтың денсаулық сақтау министрлігі дүйсенбі күні Газаның орталығында соңғы 24 сағат ішінде кем дегенде 250 адам қаза тауып, 500-дей адам жараланды деп хабарлады. Қазан айының басынан бері қақтығыс салдарынан 20 мыңнан астам адам қаза тапқан. 

Әлем елдерінің Газада болып жатқан оқиғаға қатысты позициясы екіге жарылады.

Израильдің Газа секторына жасаған шабуылдарына қарсы Йемендік хуситтер Қызыл теңіздің төменгі бөлігі арқылы өтетін сауда кемелеріне қарқынды шабуыл бастады. Артынша BP компаниясы бұл аймақ арқылы газ тасымалын тоқтатты.

Хуситтер сауда танкерлеріне шабуылдап, дрондар мен ракеталар арқылы оларды басып алмақ болған. Шабуылдардың басым көпшілігі сәтсіз аяқталып, кемелерге шығын келмеген. Алайда қараша айында Galaxy Leader танкерін толығымен басып алған. 

Өткен аптада Қызыл теңіз бойымен өтетін борттарға қауіп күшейген. Maersk, MSC және басқа да тасымалдау топтары бағыттарын өзгертіп, тіпті теңізге шықпауға мәжбүр болған. Суэц каналы арқылы Үнді мұхитына әдетте транзитпен өтетін көптеген танкерлер мен жүк кемелері Африка континентіне қайта бағытталуда. Бұл теңіз саяхатын 14-15 күнке ұзартады. Демек, тасымал бағасы да өседі.

Бұған жауап ретінде АҚШ кемелерді шабуылдардан қорғау үшін теңіз коалициясын жариялаған болатын. Әзірге шабуылдардан зардап шеккендер жоқ, алайда жағдай күннен-күнге ушығуда. 

Қызыл теңізде бақылау орнату несімен тиімді? 

Инфографика: Stan.kz 

Дүниежүзіндегі ең тығыз жүк тасымалдау арналарының бірі Қызыл теңіз Еуропаны Азия мен Шығыс Африкамен байланыстыратын ең маңызды су жолы – Суэц каналының оңтүстігінде орналасқан. Оның оңтүстігінде Джибути мен Йемен арасында ені шамамен 20 миль болатын су бұғазы бар. Баб-эль-Мандеб бұғазын қазір Йемендегі хуситтер бақылауға алған.

Дүниежүзілік сауданың 12%-ы Қызыл теңіз арқылы өтеді, оның ішінде дүниежүзілік контейнерлік тасымалдың 30%-ы осы бағыт бойынша жүзеге асады. Жыл сайын миллиардтаған долларлық сауда-саттық тауарлары Қызыл теңіз арқылы өтеді. Демек Қызыл теңіз арқылы өтетін танкерлердің кешігуі әлемдегі бензин бағасына, электрониканың қолжетімділігіне және жаһандық сауданың басқа аспектілеріне де әсер етеді.

Хуситтер дегеніміз кім?

Хуситтер – елдің батысын, соның ішінде Қызыл теңіз жағалауын бақылайтын йемендік топ. Олардың Иранмен байланысы бар. Дегенмен саяси тұрғыдан тәуелсіз. Хуситтер Газадағы қақтығыстарға қарсылық ретінде қазан айының ортасында Израильге соғыс жариялаған болатын. 

Хуситтер бастапқыда Израильге ұзақ қашықтықтағы баллистикалық зымырандарды ұшырған. Алайда бұл шабуыл тиімсіз болып шықты. Өйткені зымырандар АҚШ пен Сауд Арабиясы тарапынан залалсыздандырылған. Дегенмен қараша айының ортасынан бастап топ тактикасын өзгертіп, коммерциялық тасымалдауға шабуыл жасай бастады.

Хуситтер бастапқыда Израильге баратын кемелерге ғана шабуыл жасалатынын мәлімдеген. Алайда, артынша Израильмен байланысы жоқ басқа елдердің кемелеріне шабуыл жасалғандықтан, әлемдік саудаға қауіп төнді.

АҚШ-тың жағдайға араласуы

2023 жылдың 19 желтоқсанында Америка Құрама Штаттары хуситтерге қарсы әскери операция басталғанын жариялады.

Соңғы ақпарат бойынша хуситтер 100-ден астам біржақты пилотсыз және баллистикалық зымыранмен шабуыл жасап, 35-тен астам елдің 10 сауда кемесін нысанаға алды.

АҚШ, Франция және Ұлыбритания әскери кемелері хусилердің пилотсыз ұшақтары мен зымырандарын атып түсірді. АҚШ кемелерді шабуылдардан қорғау үшін Қызыл теңіздің оңтүстігінде патрульдік бақылау жүргізетін коалиция жариялап, бірнеше елдің бұл құжатқа қол қойғандарын мәлімдеді. Prosperity Guardian (OPG) деп аталатын коалицияға Ұлыбритания, Бахрейн, Канада, Франция, Италия, Нидерланды, Норвегия, Сейшель аралдары және Испания кіреді.

Хуситтердің мүшесі Мұхаммед әл-Бухайти АҚШ құрған кез келген коалицияға қарсы тойтарыс беретіні айтты. Егер хусилердің соққысы адам шығынымен аяқталса, жағдай ушығады деген қауіп бар.

Кейбір сарапшылар хуситтер осылайша АҚШ-ты тікелей қақтығысқа тартатынын жеткізді. Шиеленіс көтерілісшілер тобы мен саудиялықтар арасындағы бейбіт келіссөздерге де қауіп төндіруі мүмкін.

Еске салсақ, хусит күштерінің саны шамамен 100 мың адамға жуық деп бағаланған, алайда кейбір мәліметтерде бұл көрсеткіш 200 мыңға жеткен. 

Сербияның Белград қаласындағы үкіметке қарсы наразылық: Ресей Батысты айыптады

Фото: Marko Djurica/Reuters

Cербияның астанасы Белградта мыңдаған адам үкіметке қарсы наразылық шеруіне шықты. Өткен апта Сербияда сайлау өтіп, халықаралық бақылаушылар сайлауды әділетсіз деп таныған болатын. Шеруге шыққан халық, сайлау нәтижелерін жоюды талап еткен.

CNN Сербиаяның мәліметтеріне сүйенсек, шеруге шыққандар Белградтың әкімшілігіне тас атып, ғимаратқа кірмек болған, алайда полиция қалқандар мен арнайы газдарды қолданып, шерушілерді тарқатқан. Жексенбі күні 35 адамның тұтқындалғаны белгілі болды. Бұл парламент және жергілікті сайлаудан кейінгі наразылықтың алтыншы күні болатын. 

Сайлау органдары жариялаған алдын ала нәтижелерге сәйкес, Александр Вучич басқаратын ​​Серб Прогрессивті партиясы (SNS) 47 пайызға жуық дауыс жинап, билікке оралған.

Сайлау органдарының мәліметтері бойынша, орталық-солшыл оппозициялық "Сербия зорлық-зомбылыққа қарсы" альянсы 23,56 пайыз дауыс жинаса, Сербия Социалистік партиясы 6,56 пайыз дауыс жинады.

"Сербия зорлық-зомбылыққа қарсы" ұйымы өзін заңды жеңімпаз деп мәлімдеді. Олар Еуропалық Одақ институттарына, шенеуніктеріне және одаққа мүше елдерге сайлау нәтижесінің әділетсіз өткені туралы хат жазып, тергеу жүрізуді сұраған. 

Вучич оппозицияның дауыс беруді қайта өткізу туралы үндеулерін қабылдамаған. Ол сайлау кезінде заң бұзушылық болмағанын, айтылып жатқандардың барлығы өтірік екенін, сондай-ақ "бұл наразылық революция емес” деп мәлімдеді. Сонымен қатар ол  мемлекетті тұрақсыздандыруды көздейтіндер өз дегеніне жете алмайтындарын айтты.

25 желтоқсан күні Ресей Батыс елдерін Сербиядағы шиеленісті қоздырды деп айыптады

"Батыстың елдегі жағдайды тұрақсыздандыруға әрекет жасағаны айқын", – деді Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова.

27 желтоқсан күні де наразылық акциялары жалғасын тапты. Ондаған наразылық білдіруші Белград университетінің философия факультетінің алдына жиналған. Дереккөздердің ақпараты бойынша наразылыққа шыққандар мемлекеттік мекемелердің мекенжайлары жазылған парақшаларды таратқан. Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, наразылық білдірушілер осы мекенжайларға көптеген хат жолдамақ.

Ертесі күні Сербияның сайлау комиссиясы мәлімдеме жасады. Олар Еуразия ынтымақтастық және қауіпсіздің ұұйымының ДИАҚБ миссиясы Сербияда 17 желтоқсанда өткен сайлау айтарлықтай қиындықсыз өткенін, байқаушылар сайлау учаскелерінің 93 пайызында дауыс беруге оң баға бергенін хабарлады.

Сербия сайлау комиссиясының басшысы ЕҚЫҰ өкілдеріне ОСК-ға түрлі заң бұзушылықтарға байланысты дауыс беру барысы туралы 34 шағым түскенін және 30 желтоқсанда 34 сайлау учаскесінде қайта дауыс беру өтетінін хабарлады.

Сайлау нәтижелерімен келіспеген Сербиядағы оппозицияның жақтастары 29 желтоқсан күні тас жолдарды 24 сағат қоршауға алуды жоспарлап отыр. Артынша бұл сенбі күні Белградта наразылық шеруіне ұласатынын хабарлады.

Күрдістан Жұмысшы партиясы қандай қауіп төндіріп тұр: Түркияның Ирактың солтүстігіндегі операциясы жалғасуда

Фото: Anadolu Ajansı 

Осы жолғы Түркияның Ирактағы әскери операциясы басталуына шекара маңындағы 6 сарбаздың қазасы себеп болды. Олар ПКК әскерінің шабуылы нәтижесінде қаза тапқан. 23 желтоқсан күні Түркияның қорғаныс министрлігі тағы алты сарбаздың қаза тапқанын, сондай-ақ бір сарбаздың жарақат алғанын мәлімдеді.

Артынша Түркия басшысы Режеп Тайып Ердоған Сирия мен Ирактың солтүстігінде "террорлық құрылымдардың” орналасуына жол бермейтінін хабарлаған.

Түркияның қорғаныс министрлігі 12 сарбазының қазасынан кейін сенбі күні Сирия мен Ирактың солтүстігіндегі лаңкестік нысандарға қарсы әуе операциясын бастағанын айтты. Түркияның қорғаныс министрлігі жүргізілген операцияда үңгірлер, бункерлер, баспаналар, мұнай қондырғылары мен қоймалары бар 29 нысанның жойылғанын хабарлады. Алдын ала ақпарат бойынша атыс кезінде күрд қарулы ұйымының 13, содан кейін тағы 4 мүшесі бейтараптандырылған.

Франс Пресс тілшісі мен Сириядағы адам құқықтарын бақылау орталығы сенбі күні кешке Сирияның солтүстік-шығысында, Түркия шекарасына жақын жерде екі мұнай алаңына соққы берілгенін мәлімдеген. Алайда құрбан болғандар туралы хабарланған жоқ.

Түрік тарабының айтуынша, ПКК-ның Ирактың солтүстігінде оның басшылығы орналасқан базалары бар. Ұйым Түркияда да, АҚШ-та да, ЕО-да да террористік деп танылған. Түрік күштері мен ПКК арасындағы шайқас 1984 жылы басталып бүгінге дейін жалғасуда, содан бері қақтығыстарда ондаған мың адам қаза тапқан. 

2023 жылдың желтоқсанында Түркияның Қорғаныс министрлігі АҚШ-тың Сириядағы Күрдістан жұмысшы партиясының өкілдерімен бірлескен жаттығуларына қатысты мәлімдеме жасаған. Анкара Вашингтонды одақтас ретінде әрекет етуге , террористермен ынтымақтастықты тоқтатуға шақырды.

Күрдістан Жұмысшы партиясы

Ұйым 1978 жылы құрылған. Партия Түркиядағы күрдтердің саяси құқықтары үшін күресіп, күрд автономиясын құруға ұмтылып келеді. ПКК-ның Халықтық қорғаныс күштерінде өз әскери қанаты бар. Түркия, АҚШ, ЕО және басқа елдерде бұл партия террористік деп танылып, тыйым салынған.

Күрдтер 1984 жылдан бері түрік билігіне қарсы көтеріліс жасап келеді. 1920 жылғы Севр келісімі бойынша Күрдістан Автономиясын құру қарастырылған, алайда Түркия келісімге қол қоюдан бас тартты. Үш жылдан кейін Севр келісімі Лозанна келісімімен алмастырылды. Жаңа келісімде автономия құру мәселесі алынып тасталған. 

Соның салдарынан күрдтер түріктермен бірнеше рет қақтығысқа түсті. 2000 жылдардың басында Түркияның оңтүстік-шығысындағы ұрыс іс жүзінде тоқтаған болатын. Алайда кейінірек күрдтердің қарсылығы қайта күшейіп, бірқатар әскери қақтығыстар туындады.

Түрік қарулы күштері 2018 жылдың қаңтар айында Сирияның Африн қаласында "Zeytin Dalı" әскери операциясын жүргізді. Оның мақсаты Түркияның оңтүстік-шығыс шекараларына жақын орналасқан күрд бүлікші топтарын жою болатын.

Одан кейін 2019 жылдың қаңтарында күрд тарапы Ирактың Шаладзе қаласындағы түрік әскери базасын жойды. 2019 жылдың тамызында Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған күрдтердің өзін-өзі қорғау бөлімшелерін жою үшін Сириядағы Евфрат өзенінің шығысында әскери операция жүргізудің жеке жоспарын жүзеге асыруға ниетті екенін мәлімдеді.

2022 жылдың сәуірінде түрік армиясы Ирактың солтүстігінде ПКК содырларына қарсы "Pençe Kilit" операциясын бастады;

2022 жылдың қарашасында Ыстамбұлдың жаяу жүргіншілерге арналған көшелерінің бірінде теракт болған еді. Жарылысқа жауап ретінде түрік әскерлері Сирия Күрдістанында "Pençe Kılıç" операциясын бастаған болатын. 

Талқылау