"Антсүйек" дегеніміз не? Қазақ тіліндегі сіз естімеген ұғымдар
Тілімізде мүлдем естімеген сөздеріңізді кездестіруіңіз ғажап емес. Кей сөздер белсенді қолданыстан шығып қалса, кей сөздер заман ағымымен көнерген болуы да мүмкін. Бүгінгі материалымызда «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» (1-том) еңбегіндегі қызықты атауларды ұсынамыз.
"Айыр көмей, жез таңдай" ұғымындағы «жез таңдай» тіркесін естіп жүрміз. Бірақ «айыр көмей» тіркесі көп естіле бермейді. Энциклопедияда: «Қазақы ортадағы аса ділмар, жұрттан озған дегенді білдіретін атау. Қазақтың дәстүрлі мәдениетінде сөздің киесі қонған, әділ би, шешен адамды, әннің, жырдың киесі қонған әнші мен жыршыны айыр көмей, жез таңдай деп атайтын болған» деген анықтама береді.
"Антсүйек" деген сөз сіздің қолданысыңызда бар ма? Атаулар сөздігінде: «Соғымға сойған мал етінің сақталған ең соңғы кәделі (ақтық) мүшесі. Қазақта, әдетте, соғымның ең ақырғы мүшесі ретінде жамбас сүйек сақталады, мұны қонаққа асу оған үйде еттің жоқ екендігін білдіреді. Осыған орай, ел арасында қонақ айтқан екен деген сөз қалыпты:
Жамбасты асқаны, үй иесінің сасқаны,
Үйінде жоқ болды-ау, жамбастан басқа қосқаны» деп келтіреді.
"Бодық" деген атауды білесіз бе? Сөздікте: «Отқа қыздырылған тас арқылы пісірілген бітеу ет. Етті қарабайыр тәсілмен пісірудің ерте дәуірден қалған бір тәсілі. Бодық сөзінің түп төркіні түрік-моңғолдың булау, бұлау, қыздыру, ысыту деген мағынаны білдіретін «бу, буу – будық» деген сөзі» деген анықтама беріледі. Бұл сөз – қазіргі мейрамханаларда қолданып жүрген «стейк» деген сөзге балама болуға жарайтын секілді. Қазақтың ежелгі сөздік қорының түп-тамырына анықтап зер салсақ, қазір қолданып жүрген шетел сөздері ығысып, өзіміздің төл сөздерімізге орын берер еді.
Дайындаған: Аққибат АҚЖІГІТОВА