Антикор сотталған вице-министр Мұсайбековтің жаңа қызметке тағайындалуына қатысты пікір білдірді
Фото: primeminister.kz
Антикор сотталған бұрынғы Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбековтің жаңа қызметке тағайындалуына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сәкен Мұсайбеков "Барыс" хоккей клубының бас директоры қызметіне тағайындалды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттік өкілі Данияр Бигайдаров Мұсайбековтің алаяқтық үшін сотталғанын еске салды. Оның айтуынша, ол кезде Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігі (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) сыбайлас жемқорлық бабы емес еді.
"Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) енді ғана сыбайлас жемқорлық бабы санатына кірді. Енді осы бап бойынша сотталғандар қызмет істей алмайды. Олар мемлекеттік қызметте, квазимемлекеттік секторда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылады", – деді Данияр Бигайдаров.
Ол 2022 жылы Антикор заңнамаға түзетулер енгізгеннен кейін бұл бап өзгертілгенін айтты.
Айта кетейік, бұған дейін Hermes сөмкесі үшін істі болған Сәкен Мұсайбеков "Барыс" хоккей клубының бас директоры болып тағайындалғанын жазған едік.
Сәкен Мұсайбеков 2025 жылдың қаңтар айынан бастап Қазақстан хоккей федерациясының бас директоры қызметін атқарған.
2021 жылы Сәкен Мұсайбеков жемқорлық дауында басты фигуранттардың бірі болды. Оны алаяқтық үшін кінәлі деп танып, 62 миллион теңге айыппұл салған. Ол пара ретінде құны 3 миллион теңгеден асатын әйелдер сөмкесін алғаны айтылды. Кейін тәркіленгенHermès сөмкесі электронды аукцион арқылы шамамен 4,5 миллион теңгеге сатылған.