Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әнші Рүстем Жүгінісовке діни алауыздық туғызғаны үшін 79 мың теңге айыппұл салынды

рүстем салафитФото: Жеке парақшадан алынды

Астананың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты әнші Рүстем Жүгінісовке 79 мың теңге айыппұл салды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сотта әншінің айтқан екі пікірі қаралған.

2023 жылғы 31 желтоқсанда Жүгінісов TikTok-та "Жаңа жылды тойлау керек пе?" деген сұрақ қойып, "пайғамбар да, ата-бабаларымыз да бұл мейрамды тойламағанын" айтқан.

Екіншісі – Ақтөбедегі мешіт оқиғасы. Әнші әлеуметтік желіде тараған видеоны талқылап, онда ер адам "бір реттік неке" ұсынған қызды айыптап, әйелдердің мешітке тек әкесі не бауырының еріп баруымен келуін жөн көретінін айтқан.

Сараптама мұндай пікірлер қоғамда діни алауыздық туғызуы мүмкін деген баға берген.

Осыған байланысты Астанадағы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты әнші Рүстем Жүгінісовті Әкімшілік кодекстің 453-бабына сәйкес кінәлі деп танып, оған 78 640 теңге айыппұл салды.

Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде мешітте ер адам қызға интимдік қатынас үшін бір реттік некеге тұруды ұсынғаны туралы жазған едік. Ақтөбе қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сотында 42 жастағы күдікті Талғат Ахметовке қатысты іс қаралды. Оны сот 5 күнге қамау туралы шешім шығарды. Рүстем Жүгінісов бір реттік некеге тұруға қатысты дауда қызды кінәлап, қызу талқыға түскен.

Айнұр Мұхади
Дүйсенбі, 29 Қыркүйек, 2025 14:27
Талқылау