Әнші Бүркіт келіншегі Аишаның дауысын сынайтындарға жауап берді
Белгілі әнші Бүркіт “Уақыт көрсетеді” бағдарламасында әйелі Аишаның әншілік қабілетіне күмән келтіріп, “дауысы жоқ” деп сынға алғандарға жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
©instagram.com/berkut_aibekjan
“Бір жағынан шындық. Ол кісі асқан әнші емес. Ол – биші. Екеуіміз үйленбей тұрып “бірге ән жазып көрейік” деп ұсыныс жасаған болатынмын. Сол жылдары компьютер дамыған. Ол менің Аишаны өзіме қаратудың амалы болды. Сөйтіп екеуіміз “Раба любви” деген ән жаздық, бейнебаян түсірдік. Клип Аишаның биімен жақсы кетті. Ол мықты билейді. Халық күтпеген жерден қабылдай бастады. Үйленген соң тағы бір ән жаздық. Сөйтіп дауысы шығып, үйрене бастады”, – дейді Бүркіт.
Әнші өзінің де керемет дауыс иесі емес екенін мойындады.
“Бұрын менде асып жатқан дауыс болмады. Қоңыр дауысым бар. Бірақ оны дамытуға болады. Мысалы хрипотцой деген мәнер бар. Мен соны дамытып келе жатырмын. 5-6 жыл бұрын Владимир Высоцкийдің әндерін айта алмайтынмын. Дауысыма сәл қырыл қоссам жөтеліп кететінмін. Қазір оңай айтамын”, – деп ағынан жарылды өнер иесі.
Айта кетейік, бұған дейін әнші Бүркіт әйелі Аиша мен Болат Назарбаев туралы әңгімеге нүкте қойған болатын.