Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әйелді аңдып, терезесінен сығалаған қазақстандық ер адам енді 200 сағат қоғамдық жұмыс істейді

Фото: Stan.kz / ЖИ көмегімен жасалған

Атырау облысында әйелді жүйелі түрде аңдып, үйінің терезесінен сығалап жүрген ер адамға сот үкім шығарды. Қазақстанда жаңа енгізілген "сталкинг" бабы бойынша ол 200 сағат қоғамдық жұмысқа тартылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қазақстанда Қылмыстық кодекске енгізілген 115-1-бап "Сталкинг" (Адамды аңду) күшіне енді. Осы бап бойынша алғашқылардың бірі болып Атырау облысы Құрманғазы ауданының тұрғыны жауапқа тартылды.

С.К. есімді азамат 2025 жылдың қыркүйегінде бір әйелді жүйелі түрде аңдыған. Ол жәбірленушінің үйіне қайта-қайта келіп, терезесінен сығалап жүрген. Мұндай әрекеттен шаршаған әйел полицияға шағымданған. Тергеу барысында бұл жағдай әйелдің психологиялық жағдайына зиян келтіргені анықталды.

Сот азаматтың әрекетін заңсыз деп танып, оған 200 сағат қоғамдық жұмыс жазасын тағайындады.

Айта кетейік, 2025 жылдың шілдесінен бастап адамның еркінен тыс оған қайта-қайта хабарласу, аңду немесе байланыс орнатуға тырысу, егер ол адамға зиян келтірсе қылмыс болып саналады.

Бұл жағдайда физикалық күш қолданылмаса да, жауапкершілік қарастырылған.

Қылмыстық кодекстің 115-1-бабы бойынша ең ауыр жаза:

  • 50 тәулікке дейін қамау,
  • 200 АЕК көлемінде айыппұл,
  • қоғамдық немесе түзеу жұмыстары.

Ішкі істер министрлігі енді біреуді "романтикалық" ниетпен аңду немесе мазалау енді заң бойынша қылмыс болып есептелетінін айтады.



Еске салайық, кейінгі уақытта сталкинг, яғни адамды жүйелі түрде аңду, мазалау және психологиялық қысым көрсету фактілері жиілеп келеді. Осындай әрекеттер үшін Қылмыстық кодексте жауапкершілік қарастырылған. Заң бойынша заңсыз қудалау жасаған адамға 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу, түзеу жұмыстары, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы тағайындалуы мүмкін. Бұған дейін Астанада бұрынғы сүйіктісін бірнеше ай бойы аңдыған ер адам 15 тәулікке қамауға алынған еді.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 05 Наурыз, 2026 11:58