Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әндерімді ақшаға сатқан емеспін" : Қызылордалық зағип әнші-композитор қыз шығармашылығы туралы айтып берді

Әсел Төребаева Қызылорда облысының тұрғындарына бұл есім етене таныс. Сыр топырағында қос көз жанарынан айырылған әнші қыздың даусына тамсанып, талантына таңданатындар аз емес. Оның үстіне Әселдің ақындық та, сазгерлік те қасиеті бар. Лирикалық бағыттағы әндерді өзі дүниеге әкеліп, үлкен сахна төрінде шырқап жүр. Дарынды тума талантқа өлең жаздыратын әріптестері де аз емес. Алайда қызылордалық ару өз туындылары үшін ешкімнен ақы алған емес. Бұл туралы Әсел Төребаева Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.

әнші

– Қайырлы күн, Әсел. Өзіңізді оқырмандарға жақынырақ таныстырсаңыз?

Есімім Әсел Төребаева, жас әнші - сазгермін. 1990 жылы Қызылорда облысы Сырдария ауданына қарасты Ақжарма ауылында дүниеге келгенмін. Мектепті бітіргеннен кейін, М.Мәметова атындағы гуманитарлық колледжде білім алдым. Өкінішке орай, тағдырдың жазуымен қос жанарымнан айырылғанмын. Денсаулығыма қарамастан, бала кезімнен өнерді ерекше сүйдім. Ән айтқанды жақсы көрдім, кейін сазгерлік қабілеттерім пайда болды. Бүгінде көптеген әндердің авторымын. Қазір Қызылорда облыстық филармониясында эстрадалық әнші болып жұмыс жасап жатырмын.

– Киелі шаңырақ филармонияда жұмыс жасап жатқанынызға қанша уақыт болды? Бұл үлкен өнер ұжымына қалай қабылдандыңыз?  

– Мен 2013 жылы облыстық деңгейде ұйымдастырылған ән конкурсына қатысқан болатынмын. Менің қарым-қабілетімді сол кезде облыстық филармонияның көркемдік жетекшісі Азиза Іздіқұлова байқап, жұмысқа шақырды. Бүгінгі күні өнер ұжымында еңбек етіп жатқаныма сегіз жылдан асты. Гастрольдік сапарларға шығамын, түрлі мерекелік шараларда өнер көрсетемін. Ең бастысы, өзімнің сүйікті ісіммен айналысып жатырмын. Маған осындай мүмкіндік берген жандарға алғысым зор.

– Ән қоржыныңыз туралы айтып берсеңіз? Шығармашылық шабыт қалай келеді?

– Мен негізінен жай ырғақты әндерді орындағанды ұнатамын. Туындыларымның тақырыбы да ана, махаббат туралы. Көбіне жалғыз қалған кезімде, тыныштықта ән шығарамын. Осындай уақытта ерекше шабытым оянып, жақсы дүниелер өмірге келеді. Қазір үйімде арнайы музыкалық аппаратураларым бар. Бір сәт қолым босағанда жұмыс жасаймын. Бастысы, тыңдармандар назарына сапалы әндер ұсынуға тырысамын. Өзімнің көңілімнен шығып, жүрегімнен орын алған шығармаларды ғана орындаймын.

– Әсел сіздің жағдайыңызда жұмыс жасау қиын емес пе?

– Айтарлықтай қиын емес. Анам үнемі жанымда. Одан бөлек, бауырларым көмектеседі. Осыдан бірнеше жыл бұрын жұмысқа ауылымнан қатынайтынмын. Қазір облыс орталығында өзімнің пәтерім бар, қозғалысым біршама жеңілдегені рас. Оның үстіне карантин кезінде онлайн жұмыс жасадық. Онлайн концерттер ұйымдастырылды. Көбіне филармонияға дайындыққа барамыз. Келесі жылы өнер ұжымы 50-інші маусымашарын өткізеді. Атаулы датаға әзірлік қазірден басталып жатыр. Көрермендерімізді ерекше жобалармен, сапалы әндермен қуантқымыз келеді.

– Тойға шығасыз ба? Шақыртулар түседі ме?

– Жасыратыны жоқ, өнер адамдарының басым көпшілігі тойдан нәпақа табады ғой. Бірақ карантиннің талабына байланысты отбасылық жиындарға тыйым салынған. Өз басым тойға көп шыға бермеймін. Тек жақын ағайындарымның қуанышында өнер көрсетемін. Оның үстіне менің репетуарымда той әндері жоқ. Тек әріптестеріме жазған ырғақты әндерім бар. Халықтың көңілін көтеріп, керемет әсер сыйлағанға ештеңе жетпейді.

– Қазір көптеген өнер саласының мамандары көрермендерді, концерттерді сағынғандарын айтып жатыр...

– Расымен, бұрынғы жұмыс кестесін сағындық. Күнделікті абыр-сабыр  болып жататын едік. Оның үстіне тірі аудитория алдында өнер көрсеткен мүлдем бөлек. Мен зағип жан болсам да, көрерменнің ықыласы мен қошеметін жүрегіммен сеземін. Сахнаға шығар алдында қатты толқып кетемін. Бірақ халықтың қошеметінен кейін, қобалжуым басылып, әнімді шырқаймын. Шынымды айтсам, маған көпшіліктің аянышы керек емес. Менің өнерімді бағаласа болды.

– Өзіңіздің шығармашылық кешіңізді өткізу жоспарда бар ма?

– 2012 жылы менің "Көңілдің нұры" деген жыр жинағым жарық көрді. Кітапта өлеңдерім мен ноталар жарияланды. 2016 жылы шығармашылық кешімді де ұйымдастырған болатынмын. Сол кездерден бері біраз уақыт өтті. Қазір халыққа ұсынатын туындыларым жиналып қалды. Бірнеше жыл бұрын клип түсіруді жоспарлаған едім. Бірақ карантин ойымыздағыны жүзеге асыруға мүмкіндік бермеді. Еліміздегі жағдай тұрақталғаннан кейін, біршама мақсаттарымда қолға алуды көздеп отырмын. Қазір үздіксіз ізденіс үстіндемін.

Әсел, сұхбатыңызға рахмет!

Талқылау