Анасы қазақ болгар әншісі “Евровидение” байқауының финалына шықты (видео)
Қазаққа жиен болып келетін болгариялық әнші Кристиан Костов Киевте өтіп жатқан әлемдік “Евровидение” байқауының финалисті атанды.
Бұл туралы РИА Новости хабарлайды.
Кристиан Костов биылғы жылғы қатысушылардың ішіндегі ең жасы. Оның жасы небәрі 17-де. Ол халықаралық тыңдарман қауымға «Beautiful Mess» композициясын орындап берді.
Алғашқы жартылай финал 9 мамыр күні өткен болатын. Оның нәтижесінде Молдовия, Әзербайжан, Грекия, Швеция, Португалия, Польша, Армения, Австралия, Кипр, Бельгия әншілері финалға жолдама алған. Енді олар финалда Италия, Испания, Франция, Германия елдерінің өкілдерімен бақ сынасады. Соңғы төрт мемлекет жарыстың негізін қалаушы елдер ретінде бірден іріктеусіз финалист атанып отыр.
Сонымен қатар, финалға тура шыққандардың арасында қабылдаушы ел ретінде Украина мемлекетінің де әншісі бар.
Екінші жартылай финал қарсаңында Кристиан Костов төңірегінде дау шықты. Интернетте жас әншінің 2014 жылы Қырымға барып ән салған видеосы пайда болған. Алайда Украинаның мемлекеттік шекара қызметі әншінің ол кезде (2014 жылы) кәмелетке толмағандығын ескере отырып, елге келуіне тыйым салуға еш негіз жоқ деп хабарлаған. Сондай-ақ, ол уақытта Қырымға Киевтің келісімінсіз келу талабы болмаған.
Костов бұған дейін берген сұхбатында нағашы атасынан өнерге қатысты көп нәрсе үйренгенін, қазақ әндерінің ішінде “Бір баланы” сүйсіне орындайтынын да айтқан болатын.
Бұған дейін “Евровидение-2017” байқауының ең жас қатысушысын қазақ атасы мен әжесі тәрбиелегені туралы жариялаған болатынбыз.
Оқи отырыңыз:
Жарнама үшін жалаңаштанған Кәмшат Жолдыбаева тағы да сынға қалды
Мақпал Жүнісова: Суретке түскісі келетін тыңдарманды “мәдениетсіз” деу дұрыс емес
Мейрамбек Бесбаев еш жерде жарияланбаған отбасылық суреттерін көрсетті (фото)
Дубай төрінде қазақша ән айтқан Жорабаева сын айтқыштарға ашуланып кетті (фото, видео)