"Анасы қайғылы хабарды әлі білмейді": Динара Сәтжан ұшақ апатынан қаза тапқан Гаухар Шаймерденоваға қатысты тың деректі бөлісті
Ақтау маңындағы ұшақ апатынан қаза тапқан астаналық нотариус Гаухар Шаймерденова мен оның ұлы Эльдар Жұмағаттың Грозныйға жаңа жылды қарсы алуға аттанғаны белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Коллаж: Stan.kz
Тележүргізуші Динара Сәтжан Instagram-дағы парақшасында түсіндіріп жазды.
“Мен Астана нотариаттық палатасының төрайымы Әйгерім Айкешевамен сөйлестім. Оның айтуынша, өткен жексенбіде олар нотариустар корпоративінде бірге болған. Гаухар әріптестеріне кіші ұлымен бірге жаңа жылды қарсы алу үшін Грозныйдағы отбасылық достарына ұшып бара жатқанын айтқан. Астанадан Грозныйға тікелей әуе рейсі болмағандықтан, олар Баку арқылы ұшқан. Гаухардың Аустралияда оқитын үлкен ұлы бар еді. Ол енді ғана елге ұшып келгендіктен, Астанада қалған. Ал Гаухардың анасы қайғылы оқиға жайлы әлі білмейді. Гаухардың бұрынғы жұбайы мен көмекшісі марқұмдардың денесін алып кету үшін Ақтауға ұшып кеткен", – деп жазды журналист.
Еске салсақ, Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан "Azerbaijan Airlines" әуе компаниясына тиесілі жолаушылар ұшағы құлағаны туралы жазған едік. Желіде ұшақтың ішінде апатқа дейін және кейін түсірілген видеолар пайда болды.
Айта кетейік, Ақтау маңындағы ұшақ апатынан 38 адам қаза тапқаны белгілі болды. Ұшақтағы қазақстандықтардың барлығы көз жұмды.