Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Анасы 20 жас үлкен еркекке күйеуге беріп жіберген": Жамбыл облысында қызды нағашы ағасы 13 жыл бойы зорлап келген

Жамбыл облысында ер адам 13 жыл бойы өз қызы мен жиенін зорлап келген. Жәбірленушілердің айтуынша, олардың туыстары бәрін білгенімен, зорлаушыны жасырып келген. Балалардың шағымын тіпті мектеп пен полиция да елемеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: life.ru

Сегіз жасынан бастап зорлаған

Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия жанындағы "One-Stop-Service – Бір қадам" жобасының жетекшісі Айман Омарова атышулы іс туралы айтты.

"2023 жылдың 7 қазанында жобамызға 2003 жылы туған қыз хабарласты. Ол бала кезінен нағашысы, анасының ағасы тарапынан жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырағанын айтты. Біздің психолог онымен 2023 жылдың 7 қазанынан 2024 жылдың 7 қарашасына дейін жұмыс істеді. Ол нағашысының оны сегіз жасынан бастап зорлағанын айтты. Қыз бұл туралы зорлаушының әйеліне айтқан екен. Бірақ ол баланың сөзін елемеген, керісінше күйеуін өзінен тартып алмақ деп айыптаған. Сонымен қатар бойжеткен зорлық-зомбылық туралы өз анасына айтқан. Анасы оны ауруханаға апарып, ол жерде қыз маманға не болғанын түгелдей айтып берген. Сосын полиция шақырылған. Бірақ қыздың анасы, мұны жоққа шығарып, үйіне алып кеткен. Белгілі бір себептермен полиция баланың тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы арызы бойынша тергеу жүргізбеген", – дейді Айман Омарова.

Белгілі болғандай, қызды үйде ешкім қолдамаған. Керісінше, туыстары өзін кінәлап, нағашысының балаға жасағанына көз жұма қараған.

"2019 жылы аудандық ауруханаға сол кезде 15 жаста болған қыз жеті апталық жүктілігімен келген", – дейді жоба жетекшісі.

Одан кейін істің қалай аяқталғаны белгісіз.

Нағашы ағасы мен оның ұлы моншада зорлаған

Айман Омарованың сөзінше, қызды анасы тіпті өзінен 20 жас үлкен еркекке күйеуге берген.

"Қыз 16 жасқа толғанда, анасы оны белгісіз 36 жастағы ер адамға күштеп күйеуге берген. Ол қызды фазендаға алып кетіп, бір апта бойы зорлаған. Кейін қыз қашып үлгерген. Ол сынып жетекшісіне барып, басынан өткен жағдайдың бәрін айтып береді. Бірақ ол да ештеңе істемей, анасына жібереді. Бойжеткен үйге оралған кезде анасы оны моншаға қамап қойған. Сол күні ағасы келіп, ұрып-соғып, тағы да зорлаған. Біраз уақыттан кейін ағасының ұлы қызды зорлап, оның нөмірін барлық достарына жіберген", – дейді Айман Омарова.

Қиянатқа шыдай алмаған бойжеткен өзіне қол жұмсамақ болған.

"Осыдан кейін ол үйден қашып, бір отбасына күтуші болып жұмысқа орналасады. Сол жерде оның қамқорлығындағы баланың анасы оның осал жағдайын біліп, жалақысын бермей қояды. Содан кейін оны үйден қуып жібереді. Кейін достары арқылы егде әйелге қараушы болып жұмысқа орналасады. Осы жылдың қараша айының басында ол өзін анасы шақырғанын айтты. Ол үйіне барып, қайта келді. Біздің қыздар оның денесінен соққы іздерін байқаған. Кейін ол ағасының ұрып-соғып, тағы да зорлағанын мойындады. Ол қатты күйзеліске ұшырады. Біз оған полицияға хабарласуды ұсындық, бірақ ол ағасының достары бар екенін, оған ешкім сенбейтінін және жағдай одан сайын нашарлайтынын айтып, бас тартты", – деді қор директоры.

Айман Омарованың айтуынша, екі аптадан кейін қыз ауыра бастаған. 2025 жылдың қаңтар айының басында ол үйіне барып, Ультрадыбыстық зерттеуге түсіп, ағасының үстінен арыз жазған.

"Сосын ол біздің қыздарға хабарласып, немере ағасының туған қызын құтқарып қалғанын жазды. Сосын ол ағасының өз қызын да көп жылдан бері зорлап келгенін айтты. Бұл жанұядағы үшінші баланың да осы азаматтың зорлық-зомбылығына ұшырағаны туралы ақпарат бар. Әйелі мен әпкесі оның не істеп жүргенін біледі. Бірақ олар оның қылмыстық әрекетін көп жыл бойы жасырып келеді", – дейді Айман Омарова.

Полицейлер істі тіркемеуге тырысқан

Жоба жетекшісінің айтуынша, қыз 6 қаңтарда нағашысының үстінен арыз жазбақ болған. Бірақ кейін байланысқа шықпай қойған. Ол іздеуде жүргендердің тізіміне енді. Қызды полиция қызметкерлері мен еріктілер іздестірді.

"Біз бәрін төңкеріп, қолымыздан келгеннің бәрін жасап, қызды таптық", – дейді Айман Омарова.

Жамбыл облысының полиция департаментінің мәліметінше, аталған факті Қордай аудандық полиция бөлімінің ақпаратты тіркеу кітабына тіркелді. 

"Қазір 21 жастағы азаматтың тұрған жері анықталды. Ол Қордай аудандық полиция бөліміне жеткізілді және жыныстық зорлық-зомбылық фактісін жоққа шығарып жатыр", –делінген хабарламада. 

Алайда Айман Омарова қыздың қорыққандықтан полицейлермен сөйлескенде арызынан бас тартқанын айтады.

"Полицейлер бұл істі қайта тіркемеуге тырысты... Кеше қыз тағы да өзіне қол жұмсамақ болды... Айтпақшы, қыз бала кезінде зорлық-зомбылық туралы арыз жазғаны туралы анықтама бар. Бұл жолы осыны әкеліп, істі "соңына дейін" жеткіземіз", – деді Айман Омарова.

Жамбыл облысының полиция департаменті тергеп-тексеруді бастағанын хабарлады. 

"Полиция қызметкерлері Қылмыстық кодекстің 105-бабының 1-бөлігі "Өзін-өзі өлтіруге итермелеу" бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Тергеудің толықтығына, объективтілігіне және жан-жақты болуына бағытталған барлық қажет жедел-іздестіру шарасы жүргізіліп, жүзеге асырылды", – делінген хабарламада.

Айман Омарованың сөзінше, қанша өтініштер түсіп жатса да полиция қылмыстық іс қозғамаған. 

"Балаларға қатысты сексуалдық зорлық-зомбылық фактілерін ата-анасы, туыстары жылдар бойы жасырып келгеніне қарамастан, құқық қорғау органдарына өтініштер түскенімен, олар еш нәтиже бермеді. Әлі күнге дейін жыныстық зорлық-зомбылық бойынша қылмыстық іс қозғалған жоқ. Біз жәбірленушілерге зорлық-зомбылық көрсетіп жатқанын көріп отырмыз", – деді жоба жетекшісі.

Талқылау