"Анашым, мен бәрінен жаманмын ба?": Павлодарда достарына пышақ сұғып алған 6-сынып оқушысының анасы ұлына қолдау сұрады
Павлодарда екі оқушыны жиналмалы пышақпен жарақаттаған 6- сынып оқушысын ата-аналар мектептен шығуын талап етуде. Алайда балалар омбудсмені мен ұлдың анасы мұның бала психологиясына әсер етіп жатқанын жеткізді. Айтуларынша дәл қазір балаға шабуыл мен қоғамнан алшақтау емес, қолдау қажет. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото сюжеттен скринделген
Оқиға 11 қыркүйекте болған. Қазіргі уақытта зардап шеккендердің денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Алайда ата-аналар балалары үшін алаңдап, жасөспірімді оқшаулап, оқу орнынан шығаруды талап етуде.
Балалар омбудсмені Сәуле Шакеневаның айтуынша, қиындықтарға тап болған оқушы оқшаулануды емес, қолдауды қажет етеді.
"Баланың көмекке мұқтаж екендігі анық. Сондықтан барлық ересектер мен баламен араласатын барлық мамандар көмек көрсетуі керек", - деді ол.
Қазір бала үйден оқуға ауыстырылған. Ол мектепішілік және кәмелетке толмағандар бөлімінде есепке қойылды.
"Балалар үшеу болып ойнаған. Ойын барысында ұлым бір баланы байқамай шаншып алған. Бірақ қанды көргенде қатты қорқып, кешірім сұрады. Бұл әрекеті үшін ол жазаланады. Менің ойымша, бұл оған сабақ болады. Зардап шеккен балалардың ата-аналары тарапынан бізге ешқандай шағым жоқ. Мектеп қабырғасындағы болған нәрсені тыныш шешуге болатын еді. Жақында ол менің ата-аналармен хабарламамды көріп: "Анашым, мен бәрінен жаманмын ба?" деп қатты күйзеліске ұшырады", - деді әйел.
Психологтар оқиғаның барлық қатысушыларына көмектесу үшін жазаға емес, қолдауға назар аудару керек екенін алға тартты. Әйтпесе, бұл мәселені одан сайын ушықтыруы мүмкін.
"Ең алдымен жазалап, болған оқиғаның түпкі себебін мұқият түсіну маңызды. Тәжірибе көрсеткендей, тек жаза арқылы қауіпсіз орта құру мүмкін емес. Сондықтан мәселенің салдарымен емес, себептермен күресу керек", - деп кеңес берді Елена Ващенко.
6-сынып оқушысының ата-анасы баланы тәрбиелеу міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оқиға фактісі бойынша сот отырысы өтеді. Жасөспірімнің анасы ұлын басқа мектепке ауыстырғысы келмейді. Бірақ түпкілікті шешім соттан кейін қабылданбақ.
Айта кетейік, бұған дейін Павлодарда 11 жастағы баланың құрдастарын пышақтағаны туралы жазған едік.