Анарбековтің жақ сүйегі сынды: "Қайрат" пен "Ақтөбе" ойыны қалай аяқталды?
Темірлан Анарбековті алаңнан зембілмен алып шықты. Sports.kz
Алматылық "Қайрат" ел біріншілігінің 23-турындағы орталық ойында "Ақтөбені" 1:0 есебімен жеңді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл кездесу екі команда үшін де маңызды болды. Сонымен қатар матчты алғаш рет қырғызстандық төрешілер қадағалады.
Ойын барысында алаң иелері басымдық танытып, бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Дегенмен қонақтар да қарымта шабуылдарымен жауап беріп отырды. Шешуші голды 52-минутта 17 жастағы Дастан Сатпаев соқты. Ол Еркін Тапаловтың әдемі пасын голға айналдырды.
Ойынның 10-минутында "Қайраттың" қақпашысы, жуырда "Селтикке" қарсы матчта көзге түскен Темірлан Анарбеков жарақат алып қалды. "Ақтөбе" қорғаушысы Уче Агбоның шынтағымен жасалған соққыдан кейін оны алаңнан зембілмен әкетті. Оның орнына қақпаны 18 жастағы Шерхан Қалмырза қорғап, соңына дейін қақпасын голдан сақтай алды.
Бұл жеңістің арқасында "Қайрат" турнир кестесінде бірінші орынға көтерілді.
Айта кетейік, 18 қыркүйекте алматылық клуб Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі алғашқы матчын Лиссабонның "Спортингіне" қарсы өткізеді. Ал Анарбековтің енді Чемпиондар лигасы матчына шығуы екіталай.
Алматылық клубтың бас бапкері Рафаэль Уразбахтин қақпашы Темірлан Анарбековтің жарақаты туралы айтты.
"Білуім бойынша, Темірланның жақ сүйегі сынған. Ол белгісіз мерзімге қатардан шығып қалды. Алдағы Чемпиондар лигасы мен ҚПЛ-2025 матчтарында бізге көмектесе алмайды", – деді бапкер.

"Суды артық пайдаланса, тариф 30% қымбаттайды": Қазақстандықтар су нормасы туралы жаңа ережеге қарсы шықты
