Анар Батырхан: «Инстаграм жұлдызы» болып қалудан қорқамын, мен оқыған актрисамын (фото)
Әмбебеп өнерпаз атануды көздеген Анар Батырхан актриса, әнші, жүргізуші тіпті видеоблогер деген атақты алып үлгерген. Алайда, бірнеше мансапты қатар алып жүрген сылқымға сын айтатындардың қарасы азаймай тұр. Stan.kz тілшісімен болған эксклюзивті сұхбатта «Ғаламтор жұлдызы» көрермен көкейіндегі сауалдарға жауап бермек.
– Анар, сәлем! Әңгімеміздің әлқисасын сенің кино әлеміндегі дебютіңнен бастасақ. Жақында ғана «Инстаграмщица» деп аталатын толықметрлі картинаның басты рөліне бекітілген екенсің. Жалпы, аталмыш фильм жайлы алғашқы болып өзіңнен естісек…
– Жалпы, бұл рөлге еш кастингсіз қабылдандым. Өйткені, «Q елі» деп аталатын скеч-комның телевизиялық нұсқасы үш маусым бойы көпшілікке ұсынылған болатын. Аталмыш жобадағы бірнеше кейіпкердің ішінде дәл осы мен ойнаған Айнұрдың образы режиссердың көңілінен шықса керек. Маған ұсыныс тастағанда толықметрлі бірінші картинам болғандықтан бірден қуана-қуана келістім. Ал, түсірілім жұмыстарын жуырда, яғни қыркүйек айының ортасында бастауды жоспарлап отырмыз.
– Анар, сен шоу–бизнесте актриса, әнші, жүргізуші одан қалса видеоблогерсің. Бірақ, Анар Батырхан деген нақты бір атың қалыптаспаған сияқты. Мүмкін бір ғана мансапты шыңдау керек шығар. Қалай ойлайсың?!
– Менің ойымша өнер адамы болғандықтан, барлығын алып жүру ол бір ғанибет. Маған халық айтады: «Актриса болып жүре беру керек. Неге ән айтады, неге жүргізуші болады?» – деп. Мен таң қаламын. Неге халық олай ойлайды екен? Мен оқыдым ғой. Құдайға шүкір, қызыл дипломға бітірдім. Халықтың сол сөзіне кішкене қынжылатын кездерім болады.
– Ал, бірнеше өнерді бір басына тоғыстырған Анар табыстың көзін қайдан табады? Жалпы, оң жамбасыңа келетін өнер жайлы айтсаң…
– Енді дәл қазіргі уақытты айтатын болсам, актерлық жағым басым болып келе жатыр. Мен оны өзім қалағандықтан емес, мысалы әншілікті қоя тұрайын, бірінші киноға түсіп алайын деп жоспар құрған емеспін. Енді солай бағым ашылды. Ал, өнер адамы бола тұрып сахнаға шықпаса, өлең айтпаса мен өз басым ауырамын. Мен ән айтпасам тұра алмаймын. Мысалы, шоу-бизнесте жүр ғой таланттылар да, таланты орташалар да, тіпті таланты жоқтар да. Сондықтан, менің вокалдық қабілетім жоқ болса, мен талпынбас едім.
– Дәл қазір әнші Анар Батырхан ретінде қандай жұмыстар атқарылуда? Бүгінде әнші көп! Хит жасаудың қандай қадамдарын қарастырып жатырсың?
– Қазір дайындық жүріп жатыр. Репертуарымда авторлық 5 әнім бар. Мен ол әндерді тек инстаграм парақшам арқылы жарнамаладым. Бірақ, бәрібір клип керек екен. Оған қаражат керек және бірден хит жазу қиын. Сондықтан, бірінші халықтың талғамына сай әндерді іздеу үстіндемін. Бірақ, шыны керек бейнебеян түсіретіндей әлі хит тапқан жоқпын.
– Анар Батырхан, инста әлемде өте танымал. «Ғаламтор жұлдызы» деген атақ Анардың актрисалық және әншілік қырын тасада қалдырмай ма?!
– Әрине, қорқамын. Қорқамын дегенім, сол «Инстаграм жұлдызы» болып қалғым келмейді. Көбінесе мені комедиялық актриса ретінде таниды өкінішке орай. Мәселен, көпшілікке Шурик атты образымен таныс актерды драмаға ещқашан шақырмаған. «Бір өкінетінім сол» деген екен бір сұхбатында. Менің де драма жанрына жаным жақын. Бірақ рөл бұйырмай жүр.
– Шығармашылық дәл қазір жүріп жатыр. Ал, өнер десе ішкен асын жерге қоятын Анардың тұрмыс құру қаншалықты жоспарында бар. Көңіл жарастырып жүрген жігітің бар ма?!
– Дәл қазіргі уақытта менің көңілімнен шығатындай, сол адаммен бүкіл өмірімді байланыстырып немесе сол кісі менің балаларымның әкесі болатындай жігітті кездестірмедім. Менің сүйіктім жоқ! Менің сүйіктім қазір өнер. Әрине сезімін білдіріп жүрген жігіттер жетерлік. Бірақ, өнерді түсінбейтін ер азамат кездесер ме екен деп қорқамын. Сондықтан, менің ата-анамның талабы өнер адамына ғана тұрмысқа шығасың деген шарт қойып жатыр.
– Енді Анар Батырханның өнер жолындағы алдағы жоспарларымен бөліссек?
– Болашақта Болливудқа баратын ойым бар. Қазіргі таңда аталмыш елдің агенттеріне шығып жатырмыз ақырындап. Үнді фильмдеріне түсу жоспарын жүзеге асыру жолында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Үнді тілін меңгеріп жатырмын. Ағылшын тілін жақсы меңгергенмін. Сондықтан, шығармашылығымды шет елде де шыңдап жатсам, таң қалмаңыздар!
– Олай болса, сырыңды ақтарып, шынайы сұхбат бергеніңе көп рахмет! Алға қойған армандарың орындалып, өнердің биік шыңын бағындыруыңа тілектеспіз!
Ескерту! Материалды көшіріп басу үшін, редакцияның хат түріндегі рұқсатын алу керек.
Жіберіп алмаңыз:
Динара Сұлтан алғаш рет өзінен 17 жас үлкен күйеуі жайлы айтты (фото)
Қайрат Нұртастың жұбайымен билеген видеосы желіні “жарды” (видео)
Мәдина Сәдуақасова, сізге не болған: Желі қолданушысы әншіні сынап тастады
Арман Қоңырбаев: Ашаның арқасында дүйім жұртқа танылдым (фото)