Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Анаң адам қағып кетті": Ақтөбеде алаяқ 10 жасар қызды алдап, 700 мың теңге алған

Ақтөбеде 10 жасар қыз алаяқтардың құрбаны болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: freepik.com

Белгісіз әйел үй телефонына қоңырау шалып, 10 жасар қызға оның анасының көлікпен жаяу жүргіншіні қағып кеткенін, анасын жауапкершіліктен құтқару үшін ақша қажет екенін айтқан. Өзін тергеуші ретінде таныстырған әйел тіпті телефонды қыздың анасына бергендей кейіп танытқан. Телефонда “анасы” секілді сөйлескен бейтаныс әйел жылаған дауыспен баладан үйдегі барлық ақшаны беріп жіберуді өтінген.

Бұдан әрі алаяқ 10 жасар қызға 700 мың теңге көлеміндегі ақша салынған пакетті өзінің сыбайласына қалай беру керектігін түсіндірген. Анасының қиындыққа тап болғанына сеніп, шошып қалған бала ақшаны олар айтқан нұсқау бойынша беріп жіберген. Анасы үйге келгеннен кейін ғана баланың алаяқтарға алданғаны белгілі болды.

“Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 23 жастағы күдіктіні ұстады. Ол өзінің кінәсін мойындап, әлеуметтік желі арқылы белгісіз адаммен кездескенін айтты. Ол оған жұмыс ұсынған. Тапсырма жәбірленушіден ақшаны алу және барлық соманы банк шотына аудару болған”, – делінген полиция хабарламасында.

Осы факті бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы 1-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Талқылау