"Анамның тамағын сағындым": Маңғыстаулық дәрігер 4 айдан бері үй бетін көрмеген
Маңғыстаулық дәрігер Мерей Сисенов 4 айдан бері отбасын көрмеген. Ауруханадағы маңызды міндетті атқаратын маман жұмысынан үйіне қайта алмайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюроға сілтеме жасап хабарлайды.
Мерей Сисенов - Маңғыстауда алғыш коронавирус жұқтырған адам анықталғаннан бастап іске кіріскендердің бірі. Ол - дәрігер-эпидемиолог, провизорлық стационардағы маңызды істі атқарады, орталықтағы тазалыққа жауапты.
Дәрігер наурыз айынан бері жақындарының жүзін көрмеген, достарымен әлеуметтік желі арқылы байланысып, соны жұбаныш етіп жүр. Әлемді жайлаған індет дәрігердің үйленемін деген ойына да тосқауыл болған.
"4 айдың көлемі болды, біз отбасымызбен қауышқан жоқпыз. Туған-туыс, аға, бауырдың қасында болғанға не жетсін. Анаңның, әжеңнің пісірген тамақтарын сағынасың, аңсайсың. Той мәселесіне дайындалып жатқан болатынбыз. Осы коронавирусты аман-есен ауыздықтап, жеңіп шықса, бұйырса, үйімізде той болады деп үміттенемін", - деді Мерей Сисенов.
Маңғыстауда коронавируспен күреске 1200-ге жуық маман жұмылдырылған, оның 10-ы ауру жұқтырған.
5 жылға жуық эпидемиолог болып жұмыс істеп жүрген Мерей дәл қәзір әріптестерінің вирус жұқтырмауына жауапты.
"Ең бастысы Мерейдің - жауапкершілігі, еңбекқорлығы. Ол 24 сағат бойы осы жұмысты атқарып жүре береді. Бүгінгі күні эпидемиолог мамандарын дайындаудың өзі қиын, өйткені бұрынғыдай санитарлық-эпидемиологиялық факультеттер жабылып қалды", - деді Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас эпидемиологы Марал Қадыр.
Жалпы, елде індет басталғалы эпидемиолог мамандардың тапшылығы байқалды.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
