"Аудармашы бермей отыр": Шетелге демалуға барып, инсульт алған әйелдің қызы қазақстандықтардан көмек сұрайды
Қытайдың Санья курорттық қаласында қазақстандық турист Мақпал Әбдіғаниева инсульт алып, елге орала алмай жатыр. Оның 19 жастағы Гауһар шет елде мүлдем жалғыз қалды. Анасының қымбат отасына қаражат жинай алмай жатыр. Ал әкесінен пандемия кезінде айырылған. Бойжеткен Stan.kz тілшісіне анасының қазіргі жағдайын және дәрігерлермен байланыста болу үшін тіл мәселесі қиын екенін айтып берді. Сонымен қатар Қазақстанның сыртқы істер министрлігінен науқасқа қандай көмек беріліп жатқанын сұрадық.
Фото Гаухар Әбдіғаниеваның жеке архивінен алынған
“Миға өте көп қан құйылған”
Гаухардың айтуынша, анасы Мақпал демалыстың соңғы күндері инсульт алған. Оларға жергілікті демалушылар көмектесіпті.
"Мен Әбдіғаниева Гауһар 19 жастамын. 13 тамыз күні анам Әбдіғаниева Мақпалмен (59 жаста) бірге Қытайдың Санья курорттық қаласына демалуға ұшып бардық. Біз Huayu Resort Yalong Bay қонақүйіне орналастық. Дәл 21 тамызда Алматыға оралуымыз керек еді. Алайда 19 тамызда теңізге барған кезде анамның денсаулығы сыр берді. Анам тізеден сәл жоғары биіктіктегі суда тұрған. Оның бір кезде құлап, суға батып бара жатқанын көрдім. Бастапқыда оны суға тұншықты деп ойладым. Дереу оған жүгіріп бардым. Сол жердегі демалушылар жағаға шығаруға және жедел жәрдем шақыруға көмектесті", – деді Гаухар.
Гаухар анасының инсульт алғаны туралы Сhinese people's liberation Аrmy general hospital-ге жеткізген кезде ғана білген. Ол қытай тілін білмегеніне байланысты жергілікті дәрігерлермен тілдесуден қиналған.
"Жедел жәрдем жақын маңдағы әскери госпитальға жеткізіп тастады. Ауруханаға жеткенде сөздерді ұялы телефонымдағы аудармашы қосымшасының көмегімен қытайшаға аударып жүрдім. Өкінішке қарай, тіл, құжат және әскери госпитальдің ерекшелігіне байланысты операцияны оқиғадан кейін 9 сағаттан соң ғана жасады. Операция 19 тамыз күні сағат 21:00-де басталып, 8 сағатқа созылды. 20 тамызда ол жансақтау бөліміне түсті. Жағдайы өте ауыр: бастың оң жақ жарты шарында аневризма жарылып, инсульт алған және миға өте көп қан құйылған. Сондай-ақ тұзды теңіз суы өкпеге түсіп, төменгі бөлігі қабынған. Анама тезірек ота жасалу үшін қолымнан келгеннің бәрін істеуге тырыстым", – деді Гауһар Әбдіғаниева.
Гаухар бұған дейін анасының денсаулығына қатысты мұндай күрделі мәселелер болмағанын айтып отыр.
"Анам әрқашан салауатты және белсенді өмір салтын ұстанатын. Ол темекі шекпеді және алкогольді ішпеді. Дегенмен аневризма адамда мүлдем күтпеген жерден, бұрынғы симптомдарсыз пайда болуы мүмкін екен. Бұған дейін денсаулығында мұндай күрделі проблемалар болған жоқ", – деді науқастың қызы.
“Аудармашы мен заңгердің көмегі қажет”
Гаухар қазір елдегі Дарина есімді құрбысымен хат-хабарда екенін айтты. Оның Қазақстандағы достары анасының еміне қаражат жинап жатыр.
Ал сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров консулдың бұл жағдайдан хабардар екенін және қажет көмек көрсетіліп жатқанын мәлімдеді.
Алайда құрбысының айтуынша, олар сыртқы істер министрлігіне, консулдық пен елшілікке хабарласқан. Бірақ олар тек Гаухардың анасын Қазақстанға тасымалдау кезінде көмектесе алады екен. Тіпті консулдық оларға баспана, заңгер және аудармашы беруден бас тартыпты.
"Өкінішке қарай, Мақпал Әбдіғаниеваның денсаулығына байланысты елге жеткізу мүмкін емес екені анық. Себебі дәрігерлер кем дегенде 2-3 апта олардың қарауында болуы керек екенін айтты. Тасымалдан бөлек, консулдық оларға баспана, заңгер және аудармашы беріп, көмек көрсетуден бас тартты. Алайда бұл – қазір күттірмейтін көмектің бірі. Гаухарға ауруханамен және сақтандыру компаниясымен келіссөздер жүргізу үшін сауатты заңгер мен аудармашы қажет. Өйткені 19 жастағы бойжеткен бұл жағдайды өз күшімен шеше алмайды. Елшіліктен бізге көмектесуін және жол көрсететін ресми өкіл бергенін сұраймыз", – деді Гаухардың құрбысы.
Гаухар өздері ұшқан туристік агенттікке хабарласқан. Алайда агенттік баспана немесе оларға қажет басқа қызметтерді көрсете алмайтынын жеткізген. Әскери дәрігерлер бойжеткенге анасының қазіргі жағдайын қысқаша сипаттап беріпті.
“Анам ғана қалды”
"Біріншіден, анамның миының оң жақ самай аймағындағы аневризма жарылған. Зақымдалған жердің бүйірлеріне бекіткіштер орнатылды. Одан кейін аневризманың жарылуы мида кең көлемде қан кетуге әкелді. Соның салдарынан гематома пайда болды. Қан тоқтатылды, бірақ оның қайталану қаупі бар болғандықтан, жағдай қатаң бақылауда қалады. Үшіншіден, қан кетуден ми қатты зақымдануы мүмкін. Егер ол тым ауқымды болса, анам комадан шықпай, есінен танып қалуы да ықтимал. Қан кетуден туындаған жоғары бассүйекішілік қысым мидың қызметін шектеп, өлімге әкелуі мүмкін", – деді Гаухар Әбдіғаниева.
Гаухардың анасынан басқа мүлдем жақын туысы және туған бауырлары жоқ. Көмек берер жалғыз әкесі де екі жыл бұрын коронавирус инфекциясынан көз жұмған.
"Былтыр ғана республикалық физика-математика мектебін аяқтадым. Менің ағам немесе әпкем де жоқ. Екі жыл бұрын әкемнен айырылдым. Ол кенеттен COVID-19 салдарынан қайтыс болды. Қазір менің анам ғана қалды. Анамның өмірін сақтап қалу үшін қолдан келгеннің бәрін істеп жатырмын", – деді Гаухар Әбдіғаниева.
Оның сөзінше, сақтандыру компаниясы тек 10 000 доллар төлей алады. Гауһар олармен бірнеше рет келіссөз жүргізді. Компания тек осы соманы төлей алатынын айтып ескертті. Бізге сақтандыру компаниясымен келіссөздер жүргізу үшін де заңгер керек. Осыған орай редакция Гаухардың анасына көмектесу үшін реквизиттерін ұсынады:
- 4003035185712663 (Halyk Bank картасының нөмірі)
- 4400430294832867 (Kaspi Bank картасының нөмірі)
- 8 777 253 9289 ұялы телефон нөмірі бойынша (Halyk Bank пен Kaspi Bank) жібере аласыздар.