"Анамды құтқарыңыздар": Алаяқтар қарағандылық әйелдің атынан ақша жинаған
Қарағанды тұрғынының картасына азаматтардан ақша түсе бастаған. Мұны көрген әйел таң қалады. Содан кейін ол әлеуметтік желідегі парақшасында оның атынан біреу өлім аузында жатқан шешесіне операция жасау үшін ақша жинап жатқанын білген. Бұл ретте әйел өз парақшасына кіре алмай қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "31" арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Алдымен, Анжелаға құрбысы хабарласып: "Анаңа не болды?", - деп сұраған, ал кейіннен туыстарынан, әріптестерінен, сыныптастарынан қоңыраулар түсе бастаған. Барлығы оның әлеуметтік желідегі жазбасын көргендерін айтқан. Бірақ ол өз парақшасына кіре алмай қалған.
"Менің: "Достар, бәрі жақсы, бізде ештеңе болған жоқ, ешқайда ақша жібермеңіз" деп айтуға мүмкіндігім жоқ", - деді Қарағанды қаласының тұрғыны Анжела Белоусова.
Жұрт назар аударған жазбада мынадай мәтін жазылған: "Анам өліп барады, комада, мен тізе бүгіп, сіздерден көмек сұраймын, бізде операцияға ақша жинауға бір-ақ сағат бар".
Бірақ жазбада басқа біреудің шоты көрсетілген. Жазылушылардың бір бөлігі соған ақша аудара бастаған. Ал қызды танитындар оның картасына ақша жіберген.
IT-мамандардың айтуынша, қазір алаяқтықтың бұл түрі белсенді дамып келеді.
"Екі қарапайым жол бар. Бұл әртүрлі әлеуметтік медиа үшін әр түрлі құпия сөздерді пайдалану, ал екіншісі - екі факторлы аутоиндентификацияны қолдану. Біріншісінде бәрі түсінікті. Екіншіден, сізге қосымша код-кілт немесе арнайы бағдарламалық жасақтаманы пайдалану керек", - деді IT-компанияның техникалық директоры Батыржан Төтеев.
Мұндай қосымша код әлеуметтік желілердегі беттерді хакерлерден қорғайды, дейді маман.

"Ізімнен қалмай, бөксемді ұстады": Елордалық қыз сауда орталығында келеңсіз жайтқа тап болғанын айтты
