"Анам бір жасымда атқа мінгізді": ШҚО-да 11 жастағы қыз аламан бәйгелерде жүлде алып жүр
Шығыс Қазақстан өңірі соңғы жылдары ат спорты түрлерінен елішілік сайыстарда бастапқыдағыдай белсенділік танытпаса да, барған бәсекелерінде жүлдесіз қайтпай келеді. Өскелең ұрпақ та аға-әпкелерінің соңынан еріп, өз нәтижелерін күннен-күнге жақсартуда. Осындай жеткіншектердің бірі Өскемен қаласында тұрады. 11 жастағы Жанель Сауменованың анасы бар болғаны бір жасында қызын төрт түліктің төресіне мінгізген. Содан бері облыс көлемінде ұйымдастырылған бәйгелерде бақ сынап, ұмтылысы биік ұлдар мен тақымы тастай бозбалаларға есе жібермей келеді. Stan.kz тілшісі шабандоз қызбен емен-жарқын әңгімелескен еді.
Жанель Сауменова
Қылқұйрықтыға қызығушылығы бес жасынан басталды
Екінші план дегеніміз бұрыс теңеу шығар, Жанельдің жетістікке жетуіне себепші болып жүрген анасын да айта кеткен орынды. Александра Ден қызы екеуі таңсәріден тұрып, өздерінің ат клубында дайындық жүргізеді. Негізінен Жанельдің жанұясы Өскемендегі Жібек-маталар комбинаты ықшам ауданында тұрады. Тек ат клубы қала шетіндегі Желдіөзек ауылында орын тепкен. Әкесі Марат жеке кәсібін дөңгелетіп келеді. Жұбайы екеуі бес баланы тәрбиелеп отыр. Жанель үйдің үлкені.
“Анам бір жасымда атқа мінгізді. Қылқұйрықтыға деген қызығушылығым бес жасымнан басталды”, – деді шабандоз қыз.
“Атпен желіп келе жатып кедергілерден секіруді үйрендім. Бастапқыда оңай болмады. Бірақ қандай сәтсіздіктер мен қиындықтар кездессе де бойымда қорқыныш сезімі болған жоқ. Ал қалың топ арасына түсіп, бәйгеге алғаш шапқанда сегіз жаста едім”, – деп қосты ол.
Кейіпкеріміз айтқандай-ақ, алғашқы жарысында Ертістің ары жағындағы Күршім ауданында өткен бәйгеде 15 шақырымға шапты. Айтуынша, ауыздығын қарш-қарш шайнаған небір жүйріктер жүлдеден үмітті болды. Десе де Жанель сол сында мәре сызығын 30 минут 15 секундта кесіп өтіп, үшінші орыннан көрінген.
“Сол кездегі қуанышымды айтып жеткізе алмаймын. Шаттықтан жанарымнан жас ыршып, сондай нәтиже көрсеткеніме сенерімді білмедім. Аттан түскенде аяғымның қатты талғанын сездім. Күршімде өткен жарысқа анам екеуіміз ұзақ дайындалдық. Күн сайын шамамен бір сағат уақытты жаттығуға жұмсадық. Былай аптасына кемі үш рет атқа мінемін, анама жүйріктерге жем-шөбін дайындауға көмектесемін”, – деді кейіпкеріміз.
Александра Ден
Талай адам таңырқай қарайды
Жанельдің бұдан кейінгі ауқымды жарысы – Семей қаласына қарасты Шүлбі кентінде өткен аламан. Жүлдеге сәл жетпеді, бесінші орынмен шектелді. Іле Ұлан ауданында ұйымдастырылған 15 шақырымдық бәйгеде екінші, үшінші орындардан көрінді. Көбінде қолданатын әдісі – топтың ортасында, ішкі шеңберге қарай жақын болу. Қаршадай қызға үнемі үздіктер қатарынан көріну қиын еді. Биыл Катонқарағай жерінде өткен бәйгеде 50 шабандоздың арасынан мәреге алтыншы болып жетті.
“Осы жылы мен қатысқан соңғы жарыс Күршім ауданына қарасты Марқакөл ауылында ұйымдастырылған 25 шақырымдық аламан. Сөреге 60-қа тарта сәйгүлік тізілді, – деді шабандоз қыз. – Бұл жолы да мәреге алтыншы болып келдім. 25 шақырымдық аламан – мен үшін ең ұзақ қашықтық болып тұр. Өзім қатысқан барлық жарыста дерлік, ұлдардың арасында жалғыз қызбын. Бұған көп адам таңырқай қарайды. Шамасы, "осындай талдырмаш қыз топты көрсе тыпырши бастайтын тұлпарды қалай тізгіндейді?" деп ойға қалатын сияқты. Сыныптастарым да "Аттан қалай қорықпайсың? Аламанға шабу қиын емес пе?" деп сұрап жатады. Оларға мұның пайдасы орасан екенін, тұлпарға мініп шапқанда адамның ішкі ойын олар да сезеді, үздіксіз жаттығудың арқасында жоғары нәтиже көрсетуге болатынын айтудан жалыққан емеспін”, – дейді Жанель.
Жанель жылқы малына жақындап, қыздар үшін біршама қауіпті спортқа бет бұрғалы көп адам ұшыраса бермейтін жайттарға да үйренісіп кетті.
“Топ арасында шауып келе жатып, тізгінге ие болу бір бөлек те, тұлпардың көзіне аққан жасты уақтылы сүртіп отыру бір бөлек. Сәйгүлігің бабында болса, қашықтың ортасына дейін тізгін тартып отырамын. Шабысын қадағалап, мәреге таяғанда бар екпінмен жүйіткимін”, – деді кейіпкеріміз.
Жанельдің жан-жақтылығы сонда, бәйгеден бөлек, ат спортының конкур, мәнерлер жүру түрі бойынша да біршама биікті бағындырып үлгерген. Белгілі цирк әртісі Мұрат Мұтырғанов ұйымдастырған байқауда жүлделі екінші орыннан көрініп, ата-анасын бір қуантып тастады. Сол кезде шетелдік атбегілер төрелік еткен. Сонымен қатар өткен жылы Алматы қаласында жалауын көтерген республикалық сайыста 15 қатысушының арасынан қара үзіп, бірінші орын иеленді.
Анасына атқа мінуді атасы үйреткен
Тақымы берік қыздың анасы Александра Ден де кішкентай кезінен атқа мінген. Жылқыға жақын болуына нағашы атасы көп әсер еткен көрінеді. Қазірде жолдасының қолдауымен ашқан ат клубында шәкірт тәрбиелеуде. Желдіөзек ауылында орналасқан клубта арнайы жаттығу алаңы бар, келушілер қарасы үзілмейді. Бес баланы өсіріп, жеткізіп отырса да, ісіне адал нәзік жанды шәкірттеріне де білгенін үйретіп келеді.
“Ұзын-ырғасы 30-ға тарта бала келіп жүр: 25-і – қыз, 5-еуі – ұл. Бір сағаттан аптасына үш рет атқа мінеді. Бағасы – айына 15 мың теңге, егер бір сағат жаттығамын десе екі мың теңге төлейді. Мұнда тоғыз атымыз бар”, – деді шабандоз қыздың шешесі.
Ат клубына еліміздің әр түкпірінен бөлек, Ұлыбритания мен Ресейден де тұлпарлар әкелінген. Александра Ден ветеринариялық курстарға қатысып, жылқыға екпе салып, емдеуді үйрендім дейді. Жанельден кейінгі екінші қызы 5-те, ұлдары 4,3 және кенжесі 1 жаста. Анасы төртеуін де атқа мінгізіп жүр.
Александра Ден қызы Жанельмен
“Әлеуметтік желіде көп отырып, әлеуетін жоғалтқанша, спортпен айналысқандары жөн. Бір жағынан бұл иппотерапия. Созылмалы сырқаты бар кейбір адам осы арқылы бойын тіктеп, уақыт өте келе өздерін жақсы сезіне бастайды. Жылқы – киелі жануар. Өте ақылды, қолға үйренуі тез. Атқа мінгенде арқаң тіктеліп, барлық бұлшық етің қозғалады”, – деді Александра Ден.
Иппотерапия да емнің ерекше түрі
Бұл уақытта Жанель жасы тоғызды толтырған торы атқа жем дайындап жатыр екен. Өзімен-өзі күбірлесіп, жүйрігіне жылы сөз айтып жүргендей. Мұның алдында анасы атпен сөйлесудің психологиялық тұрғыда пайдасы көп екенін айтқан болатын. Қызы бұл кеңесті қаперіне мықтап бекіткен. Аптасына бірнеше рет мүмкіндігі шектеулі жандар да келеді.
“Ат үстінде тепе-теңдікті сақтаймыз деп, пайдалы жаттығу жасап жатқандарын өздері де байқамай қалады. Бір кісілер денесіндегі бұлшық еттері дұрыс істемейтін кішкентай баласын әкелген болатын. Бастапқыда атқа 10 минуттан мінгізіп, кейін уақытты арттыра түстік. Нәтижесінде, қол-аяғы қозғала бастады. Мұны көргенде анасы көз жасына ерік беріп, алғысын жаударды”, – деді кейіпкеріміздің анасы.
Жанель торы аттың жемін беріп болып, құла бестінің маңдайынан сипап тұр екен. Анасының айтуынша, әлі қылдырықтай болса да нағыз қолқанат. Отағасы үшеуі бірлесе алдарына тау мақсат қойып отыр. Шабандоз қыздың анасы алдағы уақытта Ұлан ауданында ипподром салуды ойластырып жатқандарын жасырмады. Әзірге оған бос жер болмай тұрған көрінеді.
“Жергілікті әкімдіктің есігін қағып едім, олар жер бар, тек зират маңында екенін айтты. Ал біз әралуан шаралар өткізгенде музыка қосамыз. Сол себепті ол жердің келмейтінін жеткіздім. Ат клубының аумағын одан сайын кеңейтіп, балаларды көбірек тартқым келеді”, – деді Александра Ден.
Анасы Жанельдің алда талай сайыстарға қатысып, жүлдегер атанатындығына сенімді. Шамасы жеткенше қолдап, қашан да жол нұсқауға әзір.
Әділхан ЕСІМХАНОВ