Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызылордада аналары екі ай бұрын көз жұмған жетімдердің үйін банк тартып алмақшы

Қызылорда қаласында екі бауырына қамқоршы болып отырған 18 жастағы бойжеткен елден көмек сұрап отыр. Екі ай бұрын аналары көз жұмған жетімдердің үйін банк тартып алмақшы, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап. 

Екі ай бұрын Базаркиндар отбасы орны толмас қайғыға душар болған. Балалардың анасы жүрек ауруынан дүниеден озған. Сол уақыттан бері Евгения 16 жастағы сіңілісі мен 2 жасар інісін заң жүзінде өз қамқорына алыпты. Отбасы соңғы 15 жылдан бері апатты үйде тұрып келеді. Бірақ жақын арада бұл баспанадан да айырылулары мүмкін. 

"Анамыз бар кезде күшті болды ғой барлығы. Анамыз жоқ болғаннан кейін бізге қарайтын ешкім жоқ", - деп шырылдайды жетімдер.

Анасының қырық күндік асын өткізген Евгения әлі көз жасын тоқтата алар емес. Жанашырының енді өмірде жоқтығына сенгісі де келмейді. Бұл күнде қарайласатын жақындары да қалмаған. Әкелері бөлек тұрады екен. Тек арасында қыздарына азық-түлік пен ақшалай көмек беретін көрінеді.

"Екі айдай болды ғой айырылдық. Мына балалар қалды ғой артында, әкеміз жоқ енді құжат бойынша. Бұл балаларға қарайтын ешкім жоқ. Жалғыз мен ғана 18-ге толып үлгердім. Сол балалардың қамқоршысы ретінде өз атыма алдым", - дейді Евгения Базаркина. 

Евгения сіңілісі екеуі колледжде оқиды. Кіріс көзі тек қана екі балаға берілетін 66 мың теңге жәрдемақы. Ол да азық-түліктен артылмайды екен. "Бауырларымды қалай жеткізем" деп басы қатқан бойжеткен, аналарынан қалған екі бөлмелі пәтерді өз аттарына аудара алмай жүргендерін айтады.

"Нотариуске барған кезде үйдің арестте тұрғанын білдік. Біз неліктен екенін түсінбедік басында. Бізге бір сот орындаушының номерін берді. Біз соған барып қайттық. Сөйтсек анамыздың төленбеген несиесі бар екен. Сол несиені төлемегені үшін үйді кепілге қойыпты. Өйткені үй анамыздың атында. Енді біз өзімізге аудара алмадық", - дейді ол. 

Базаркиналар тұрып жатқан 24 пәтерлі екі қабатты үйді жергілікті билік аппатты деп таныпты. Мұндағылар құжаттарын жинап, жаңа қонысқа көшпек екен. Ал, жетімдерге бұл бақыт та бұйырмайын деп тұр.

"23-і көшуге дайындалып отыр. Тек 24-ші осы марқұм Базаркина Инганың балалары ғана, асыраушылары жоқ, қай жаққа баратындарын білмейді. Өйткені бұлардың үйлері арестте, несие алғаны үшін. Сол себепті құжаттарын қайтарып әкеліп берген. Ол банкке де олжа. Өйткені бұларды шығарып жібереді де ескі үйдің құжаттарын алып, жаңа үйге ауыстыра салады", - дейді көршілері Меруерт Айтимова.

Марқұм аналарының банкке 330 мың теңге қарызы бар екен. Бұл сомаға сот орындаушылары 130 мың үстемақы қосыпты. Ал несие дер кезінде төленбегендіктен пәтер арестке қойылған. Балалар жаңа баспанаға құжат тапсыру үшін алдымен баспананың осы мәселесін шешулері керек. Ал, мұндай қаражат оларда мүлдем жоқ.

"Өзімді уайымдамаймын, артымдағы інім мен сіңілімді ойлап отырмын. Үйсіз қалсақ соларға обал ғой, маған емес. Акиматтан сұрадық көмек ешнарсе істей алмаймыз дейді, олардан көмек болмаған соң халықтан көмек сұрап отырмыз", - дейді Евгения.

Талқылау