Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Амнистияның жойылуы: Сотталған банкир Ертаев қазір қайда

сот амнистияны жойдыФото: myseldon.com

Бұрынғы банкир Жомарт Ертаевты рақымшылықпен босату туралы сот шешімі жойылғаннан кейін қайтадан қамауға алынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Банкирдің қайта қамауға алынғанын Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті мәлімдеді. 

"Сот шешімімен ол қамауға алынып, қазір қамауда отыр", – делінген хабарламада.

Айта кетейік, 2020 жылдың қарашасында Жомарт Ертаев 2011-2017 жылдар аралығында өзінің қызметтік бабын пайдаланып, басқалармен сөз байласу арқылы Bank RBK-дан 144 миллиард теңге ұрлады деп айыпталды. Ол аса ірі мөлшерде қылмыстық жолмен алынған ақшаны жылыстату және өзге де мүлікті заңдастыру бойынша кінәлі деп танылды. Осылайша банкир 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Кейін апелляциялық алқа бұл жазаны тоғыз жылға дейін қысқартты.


"Мемлекетке қарыз": Министр экс-банкир Жомарт Ертаевтың тез бостандыққа шығуына қатысты пікір білдірді


144 миллиард теңге жымқырды деп сотталған экс-банкир Жомарт Ертаев бостандыққа шықты


2021 жылдың наурыз айында сот Жомарт Ертаев пен астық олигархы Нұрлан Тілеубаевқа қатысты үш банктің (Bank RBK, Еуразиялық банк және Qazaq Banki) жымқыру ісі бойынша үкім шығарды. Ертаев аса ірі мөлшерде алдау немесе сенімге қиянат жасау арқылы бөтеннің мүлкін ұрлауды ұйымдастырғаны үшін кінәлі деп танылды. Оған 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасын орташа режимдегі түзеу мекемесінде өтеу шешімі шығарылды.

Биыл қыркүйек айының басында Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Ертаевтың рақымшылық бойынша босатылғанын хабарлады. Кейін Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Ертаевқа қатысты рақымшылық туралы шешімге шағымдануға болатынын мәлімдеді. Мәжіліс депутаттары да Ертаевтың босатылуын заңсыз деп мәлімдеді. 2 қазанда Жомарт Ертаевты босату туралы шешімнің күші жойылғаны белгілі болды.

Еске салайық, бұған дейін экс-банкир Жомарт Ертаев 2020 жылы Bank RBK-тен 144 млрд теңгені жымқырды деп айыпталып, 11 жылға сотталды, кейін жазасы 9 жылға қысқартылды. Жомарт Ертаев Заречный кентіндегі №14 колонияда жазасын өтеп жатқанда, ҰҚК қызметкері Рабисұлтан Арысбаев одан тұрмыстық жағдайын жақсарту үшін ақша талап етіп, 4,8 млн теңге алған сәтінде ұсталды. 2023 жылы сот Арысбаевты 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырып, арнайы атағынан айырды.

Жұмаділлә Нұрила
Жұма, 03 Қазан, 2025 12:50
Талқылау