Әмір Маймұратов Бүкіләлемдік жағажай ойындарының жеңімпазы атанды
Спорттық жартасқа өрмелеуден Париж олимпиадасының қатысушысы Әмір Маймұратов Сауд Арабиясында өткен турнирдің жеңімпазы атанды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: ҰОК
Спорттық жартасқа өрмелеуден Қазақстан құрамасының көшбасшысы Әмір Маймұратов Сауд Арабиясында өткен Бүкіләлемдік жағажай ойындарының чемпионы атанды.Әр бағдарлама бойынша әлемнің ең үздік 25 спортшысынан 100 споршы ғана шақырылған дүрмекте отандасымыз “жылдамдық” бағдарламасы бойынша үздік шықты. Әр бағдарламадан олимпиададағы ең үздік нәтиже көрсеткен 10 спортшы мен рейтинг бойынша 15 адам ғана жарысқа қатысуға мүмкіндік алған. Әмір финалда корей, жапон, америкалық спортшы және қазақ жігітімен шыққан. Нәтижесінде ол әлем және олимпиада рекордын ұстайтын, америкалық Самуэль Уатсонды 0,05 секундқа жеңіп кетті. Әмір 5,09 уақытты көрсетсе, қарсыласы 5,14 секундты тіркеді.
Айта кетейік, бұл – Әмірдің олимпиададан кейінгі төртінші жарысы. Ол алдыңғы үш жарыстың үшеуінде де күміс жүлде жеңіп алса, маусымдағы соңғы жарысында алтыннан алқа тағып отыр.