Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бағасының 15%-ын жоғалтты": Неліктен отандық компанияларлың акциясы нарықта құлдырап кетті

Қор нарығында Қазақстандық компаниялардың акциясы арзандап кетті. 12 сәуірдегі деректерге сәйкес KASE-де қазақстандық компаниялардың акциясы 11-%-ға, ал Астана қор нарығында 15-%-ға түскен. Қаржыгерлердің сөзінше, компаниялардың қор нарығындағы бағасына бірнеше фактор әсер етіпті. Мәселен, мұнай бағасының құбылуы мен америкалық банктердің банкрот болуы қор нарығындағы қазіргі бағаны қалыптастырған. 

акция

Қор нарығында арзандаған компаниялар

KASE Қазақстан қор нарығы ұсынған деректерге сәйкес 2023 жылдың наурызында жалпы құны 345 миллиард теңгеден асатын 109 мәміле жасалған. 

Қор нарығының сайтында жарияланған мәліметтерге сүйенсек соңғы 1 айда мұнай, банк және телекоммуникация саласындағы компаниялардың акциясы құлдыраған. Олардың қатарында "Kaspi.kz", "Қазатомпром" "Қазақтелеком" сынды компаниялар бар.

Мәселен, "Қазақтелеком" компаниясының акциялар құны наурызда арзандап, сәуірде өсім көрсеткен. Дегенмен 1 айдың статистикасына көз жүгіртсек, акциялар бағасы 1,81%-ға арзандаған. 

Ал "Kaspi.kz" АҚ акциялары соңғы аптада өсім (0,06%) көрсеткенімен, соңғы айда қор нарығында құлдырағанын байқауға болады. Investing.com сайтының мәліметінше, "Kaspi.kz" акциялары 2022 жылдың екінші жартысынан бастап қарқынды өскен. Алайда 2023 жылдың ақпанында тұралап, қазір наурыз-сәуір айларында 0,3%-ға арзандады. 

Ал жақында ІРО-ға шыққан "ҚазМұнайГаз" акциялары наурызда 9325 теңгеге дейін арзандап, қазір қайта өскен. 

“Қор нарығындағы баға болжам негізінде құрылады”

Экономистердің пікірінше, отандық компаниялардың акциясының арзандауына бірнеше фактор әсер еткен. Экономист Арман Бейсембай 2023 жылы мұнайдың арзандап кеткенін айтады. Әрі алда әлемде экономикалық рецессия болуы мүмкін дейді. 

"2022 жылы Ресей Украинаға басып кірген соң, мұнай бағасы өсті. Себебі әлем елдері Ресейдің мұнайы мен газынан бас тартты. Қазір жағдай тұрақталды, осы себептен мұнай арзандап, барреліне 85 долларға әрең жетті. Ал дағдарыс деп отырғаным, экономикалық рецессия болуы ықтимал. Рецессия кезінде көмірсутекке деген сұраныс төмендейді, өйткені өндіріс азаяды. Қор нарығы да мұны түсінеді. Егер рецессия орын алса, алдағы 1-1,5 жылда мұнай бағасы мүлде көтерілмеуі әбден мүмкін", – деп түсіндірді экономист.

Сарапшының сөзінше, Америкадағы банктердің банкрот болуы әлемдегі өзге де банк жүйелеріне кері әсер етіпті. 

"АҚШ-та бір банк жабылды, екінші банк өзге компанияға қосылды. Банк саласындағы дағдарыс кең көлемде болған жоқ. Бірақ нарық болжам негізінде құрылады. Сарапшылар Америкадағы жағдай қашан өзге елдерде болады деп топшылады. Қор нарығында баға дағдарыс басталғанға дейін төмендеп кетеді. Себебі үрей мен болжам бағаны қалыптастырады. Дәл солай америкалық банктер жабылған соң инвесторлар үрейленіп, банктердің акциясын сатты. Салдарынан Қазақстанда да банктердің акциясы арзандады", – деп қосты ол.

"АҚШ-тағы қобалжу Қазақстан компанияларына әсер етті"

Қаржыгер, GSB UIB бизнес мектебінің директоры Мақсат Халық АҚШ қор нарығындағы өзгерістерден кейін инветорлар да сақтық жасауға кіріскенін мәлімдеді. 

"Мысалы, өткен айда АҚШ-та бірнеше банк жабылды. Сондықтан инвесторлар акцияға салған ақшасын шешіп алып, алтын сатып алуға көшкен. Соңғы 1 айда алтын бағасы 15%-ға қымбаттады. Одан бөлек мұнай бағасының өзгеруі де бар. Наурызда арзандап кеткен мұнай соңғы аптада қайта қымбаттап келеді. Айта кету керек, ғаламдық пандемиядан кейін Қытай экономикасы бірден қалыпқа келеді деп болжанған. Алайда бұлай болмай шықты. Қытай экономикасы баяу қалпына келуде. Осы себепті мұнайға деген сұраныс төмендеуі әбден мүмкін", – деп мәлімдеді Мақсат Халық.

Талқылау