Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"AMANAT" партиясының панельдік сессиясында жасанды интеллекттің саясаттағы рөлі талқыланды

Фото: Әли Ғалым

"Digital Bridge 2025" халықаралық форумы аясында "AMANAT" партиясы "AMANAT and AI: Bolashaqqa Qadam" панельдік сессиясын өткізді. Онда саясаттағы, экономикадағы және әлеуметтік саладағы жасанды интеллекттің рөлі талқыланды. Заманауи ақпараттық технологиялардың сын-қатерлері мен мүмкіндіктері, жасанды интеллектті заңнамалық тұрғыда реттеу, сондай-ақ техноұлт қалыптастыру перспективалары басты назарда болды.

Сессияда сөз сөйлеген "AMANAT" партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек цифрлық күн тәртібі жекелеген салалар шеңберінен шығып, еліміздің тұрақты дамуына қажет жағдайға айналатынын атап өтті.

"Әлемде цифрлық жарыс жүріп жатыр. Мұның бізге де тікелей қатысы бар. Осы цифрлық бәсекеде табысты болуымыз керек. Бұл туралы кеше осы алаңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев егжей-тегжейлі айтып берді. Ол Қазақстан Еуразияның негізгі цифрлық хабына айналуға тиіс екенін атап өтті. Бұл бағытта мемлекет тарапынан айтарлықтай ауқымды жұмыс жүргізілді. Бізде мемлекеттік қызметтердің 92%-ы онлайн-форматта көрсетіледі. ТМД бойынша бірінші және электронды үкімет индексі бойынша әлемде 28-орындамыз. Ал бүгінде еліміз eGov-тан AI-Gov-қа көшіп жатыр. Осылайша, Қазақстан енді әлемдік үрдістерге бейімделіп қана қоймай, өзінің дербес цифрлық мемлекет үлгісін қалыптастырып отыр", – деді ол.

Фото: Әли Ғалым

Сондай-ақ партияның атқарушы хатшысы қазірдің өзінде жүзеге асырылып жатқан "AMANAT" партиясының бастамаларына назар аударды. Жыл басында цифрлық сауаттылық пен интернеттегі қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін арттыруға бағытталған "Цифрлық қоғам" жобасы іске қосылды. Бірқатар өңірде оқушыларға киберқауіпсіздік бойынша қанатқақты сабақтар, ата-аналарға арналған тренингтер және "Кибер Тұмар" науқаны аясында IT-сарапшылармен кездесулер өтуде. "Жер аманаты" жобасы да ерекше маңызға ие. Аталған жоба арқылы 13 млн гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында Jerkarta.gharysh.kz геосервис құрылды. Аталған портал арқылы кез-келген адам қай жер учаскелерінің қайтарылғанын және олардың қалай бөлінетінін көре алады.

"Alibaba Group"-тың халықаралық үкіметтік байланыстар бөлімінің басшысы Франк Людвин Шафер Қазақстан жасанды интеллектті дамыту ісінде толағай табысқа жетіп жатқанын атап өтті.

Фото: Әли Ғалым

"Сіздердің саяси көшбасшыларыңыздың алысты болжай білетін көрегендігін атап өткім келеді. Қазақстан Республикасы Президентінің бірнеше апта бұрын жариялаған Жолдауына ерекше таң қалдым. Сіздерде бірқатар артықшылық бар: бір жағынан сіздер инновацияға қажет мүмкіндік жасайсыздар, ал екінші жағынан тәуекелдерді азайтасыздар. Сондай-ақ бұл – Қазақстанда бизнес жүргізгісі келетін компаниялар үшін жасалған ашықтық. Сіздерде өте оң демографиялық жағдай қалыптасқан – жас, технологияны жақсы білетін, ынталы жұмыс күші бар. Бұл қазірдің өзінде үлкен артықшылық", – деді ол.

Мәжіліс депутаты, "AMANAT" фракциясының мүшесі Екатерина Смышляева жасанды интеллектті заңнамалық тұрғыда реттеу мәселелеріне толығырақ тоқталды. Осыдан бір апта бұрын Парламенттің төменгі палатасында "Жасанды интеллект туралы" заң жобасы қабылданды, ал қазіргі таңда халық қалаулылары сарапшылармен және қоғам қайраткерлерімен бірлесіп, Цифрлық Кодекс жобасын әзірлеу жұмысын жалғастыруда.

Фото: Әли Ғалым

"Болашақта заңдар заңгерлер үшін оқылымды болып қана қоймай, алгоритмдер үшін де түсінікті болуы керек. Біз цифрлық құқықта жаңа стандартқа айналатын, машина оқи алатын ережелер туралы айтып отырмыз. Цифрлық кодекс цифрлық ортадағы қатынастарды реттейтін барлық норманы біріктіреді және еліміздің қауіпсіз, әділ цифрлық дамуының негізі болады. Қоғам мен бизнестің қатысуынсыз цифрлық трансформация жасау мүмкін емес. Атап айтқанда, заңнама барлық тараптың мүддесін теңестіруге мүмкіндік береді", – деді ол.

Сондай-ақ Екатерина Смышляева "AMANAT" партиясының депутаттары еліміздің цифрлық экожүйесін қалыптастыруға тікелей атсалысқанын еске салды: биометрияны енгізу, деректерді жинауға келісім беру, операторлардың қызметін реттеу, сондай-ақ оларды пайдалану кезінде жауапкершілік жүктеу процестерін қамтамасыз етті. Осылайша, Қазақстанда цифрлық саланы дамыту жұмысының іргетасы қаланды.

Пікірталас барысында жер ресурстарын бөлудегі ашықтық мәселесі маңызды орын алды. "Қазақстан Ғарыш Сапары" ҰК басқарушы директоры – Басқарма мүшесі Аманат Үмбетбаев латифундистермен күрес және жерге қатысты әділдікті қамтамасыз ету жұмысында ғарыштық технологияларды қолдану қадамдары туралы айтты.

Фото: Әли Ғалым

"Бүгінде ғарыштық мониторинг жұмысы пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтаудың негізгі құралдарының біріне айналды. Спутник суреттері мен технологиялар, соның ішінде жасанды интеллект элементтері арқылы біз пайдаланылмай жатқан немесе жартылай пайдаланылған жерлерді анықтай аламыз. Анықталған учаскелер бойынша ақпарат zher.garysh.kz геосервисінде жарияланады. Соның негізінде тиісті МО осы жерлерді қайтару бойынша шара қабылдайды. Бұл – цифрлық және ғарыштық технологиялар Әділетті Қазақстанды құру ісіне қалай үлес қосатынының жарқын мысалы", – деді ол.

Әлеуметтік мәселелерді шешудің цифрлық тәсілдері туралы "AMANAT" партиясының "Қарызсыз қоғам" жобасының атқарушы директоры Олжас Ордабаев баяндады. Ол 2025 жылы 800 мыңнан астам адам жүгініп, 360 мың адам тікелей көмек алғанын, соның ішінде 250 мың азамат оқудан өткенін, 110 мың тұлға заңгерлік кеңес алғанын атап өтті.

Фото: Әли Ғалым

"Цифрландыру мәселесі Мемлекет басшысының Жолдауы арқылы жаңа ұлттық идеяға айналды. Біздің жоба да артта қалып қоймай, цифрлық құралдар белсенді түрде енгізілуде. Жасанды интеллект элементтері бар пилоттық жүйе кездейсоқ қоңырауларды сүзгіден өткізуге, шынымен қолдауды қажет ететін адамдарды адвокаттарға бағыттауға мүмкіндік береді. Азаматтар 24/7 режимінде Whatsapp-тағы біздің ЖИ бот арқылы өтініш-тілегін жазады, ол өз кезегінде өтініш берушілердің деректерін автоматты түрде жинайды", – деді ол.

Жобалық кеңсе жетекшісінің өңірлік саясат жөніндегі орынбасары Әнуар Керембаев ауылды дамыту тақырыбын қозғап, "Ауыл аманаты" партиялық жобасының ауқымын атап өтті.

Фото: Әли Ғалым

"2029 жылға дейін 1 миллион ауыл тұрғынын қамтып, 350 мың жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Қазірдің өзінде 2295 ауылдық округке экономикалық скрининг жүргізілді. Соның негізінде 12 мыңнан астам болжамды инвестициялық жоба әзірленді. Ауылдарды скринингтен өткізу қадамы жергілікті кәсіпкерліктің дамытуға болатын бағыттарын айқындап, бизнестің құрылымын нақтылай түседі. Жасанды интеллект оларды аймақтарға, қызмет профиліне, ресурстардың қол жетімділігіне және басқа көрсеткіштерге бөлуге көмектеседі", – деді ол.

Фото: Әли Ғалым

Сессия барысында қатысушылар белсенді пікір алмасып, спикерлер жиналған азаматтардың сұрақтарына жауап берді. Қатысушылар кибершабуылдар мен фейктердің таралу сын-тегеуріндері, жасанды интеллектті күнделікті қолдану көрсеткішінің артуы, сондай-ақ техника саласында қазақ тілін дамыту және ЖИ-ді кәсіби лексикаға оқыту мәселелерін талқылады. Технология саласында сапалы отандық контент құру – цифрлық дербестіктің маңызды шарты болып қала беретіні ерекше атап өтілді.

Фото: Әли Ғалым

STAN.KZ
Сенбі, 04 Қазан, 2025 22:44
Талқылау