Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Аман Тасыған: Мейрамбек Бесбаевты ел жақсы жағынан таниды, ал шынайы бейнесін көргенде қабылдай алмай қалар еді

Қазір ат шығару дейміз бе, атақ шығару деген жөн бе, анығын өздеріңіз айтасыздар. Теле журналистикада эфир жағалап жүрген қыз-жігіттер алуантүрлі амал-айлаға баратын болған.

Мәселен, біреулер сұхбатқа шақырған қонағына қисынсыз сұрақ қойып, ол мұның бетіне су шашып, студияға ұрыс-керіс болып жатады. Тағы біреулер етек пен белден төменгі анайы сұраққа әуес. Біздің сұхбатқа шақырған қонағымыз да эфирден бөлек, өзінің ғаламтордағы каналын ашып, оған шақырған қонағына тұрпайы сауал қойып жүр. Негізі телеарна арқылы өзі де біраз жұртқа танылған жігіт. Бірақ оған осындай дүние не үшін қажет болыпты? Оны төмендегі сұхбатынан оқыңыздар, деп жазады Жас қазақ.

Аман, бүгінгі кездесуіміздің себебін жақсы білесің. Журналистика саласында жұмыс істегеніңе 5-6 жыл болды. Өзің жайында осыған дейін тек жақсы пікір естіген едік. Бірақ соңғы уақыттары бағдарламаңа келген қонаққа анайы сұрақ қойып, қисынсыз әрекетке барып жүрсің. Оны отандық бір телеарнада жүргізетін «Кешкі кездесу» деп аталатын бағдарламаңда бастадың. Елімізге белгілі азаматтарды студия қонаққа шақырып, шарап ұсынасың. Ол әрекетің әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Осыған қатысты өзіңнін көзқарасың қалай? Әлде осылайша эфирге еркіндік әкелгің келді ме?

Аман Тасыған: Иә, мұны еркіндік дегенім дұрыс болар. Бірақ еркіндік пен ессіздікті шатастырып алмауымыз керек. Еркіндіктің белгілі бір мөлшердегі шекарасы болады. Мысалы телеарнадағы бетпе-бет сұхбатта дайындалған сұраққа, дайын жауап беріледі. Келген қонақ толық ашылмайды. Сіз екеуміз қазір күнделікті өмірдегідей әңгімелесіп отырмыз. Ал телеарнадағы 1 сағаттық бағдарлама жүргізген уақытымда өтіп жатқан өміріміздің ішіне кіреді емес пе? Сол себепті біреудің яғни мінсіздің рөлін ойнағым келмейді. Өмірде қандаймын, эфирде де солай қалғанымды қалаймын.

Коньякты эфирде насихаттаудың қажеті қанша?

Аман Тасыған: Студияға келген қонақтарымыз өмірде коньяк ішеді, темекі тартады. Эфирдегі жағдай да өмірінен бір сәттік үзінді. Біз ешқашан бүгінге дейін аузына арақ алып көрмеген адамға арақ ұсынған жоқпыз. Егер мүлдем ішпейтін адамға коньяк ұсынсам, онда барлығыңыз мені жазаласаңыздар болатын еді. Ішетін адам жарнамасыз да ішеді. Ал мен өмірімде арақты ауызға алмаған адаммын. Бірақ маған мың жерден жарнамалап жатса да, ішпеймін. Міне, сол сияқты дүние бұл.

Жақсы түсінікті. Дегенмен сен эфирге шақыратын қонақтарға қарап бой түзейтін жастар көп. Ол жағын ойламадың ба?

Аман Тасыған: Мысалы Мейрамбек Бесбаев жайында кез келген адам өзінің санасына керемет сурет салады. Ол ішпейді, түзу жүреді, ерсі әрекеті жоқ деген сияқты. Күндердің бір күнінде оның шынайы бет бейнесін көрген кезде, көрерменнің санасында үлкен бір төңкеріс болады. Қабылдай алмай қалады. Мысалы Төреғали соның таяғын жеді. Өмірде ол басқа адам. Ал сахнада, көрерменнің көзінде мүлдем басқа болып қалыптасқан. Шынайы бет бейнесін көрген кезде әлеуметтік желідегілер қабылдай алмады. Біз өкінішке қарай, сен екеуміз отырған үстелдің табиғи ағаштан жасалғанын қабылдай алмаймыз. Оны орманның ішіндегі кәдімгі ағаш екенін айтса, «Өңделген, әдемі, басқаша ғой. Бұл қалай жәй ғана ағаштан жасалады» — деп сенбей жатамыз. Әдемілікті, жасандылықты қатты насихаттап жібереміз. Осының кесірінен кей кезде шынайы сырласатын адам таппай қаламыз. Жасандылық жайлап кетті. Менің ойымша, кез келген дүние еркіндікте дамиды. Біз ата-ана ретінде баланың мүмкіндігін шектейміз. Тіпті керегеде тұрған қағазды жыртуға рұқсат бермейміз.

Еркіндік деп жүріп есіріп кетпейміз бе? Қазір сол еркіндіктің «жемісі» байзаковалар емес пе?

Аман Тасыған: Теңіздің түбінде өмір сүретін балықтар бар. Бір қызығы олар теңіздің бетіне шыққан кезде бірден «атылады». Сол сияқты біз қоғамды, баланы тұншықтырған сайын болашақта оқуға түсіп Америкаға барар болса, «атылатыны» анық. Ауылдан келген қыздардың да Алматыға келіп түрлі қылық шығаратынын жақсы білеміз. Мысалы Айжан Байзақова. Ол тіптен «жарылған» адам. Өзінің бір сұхбатында оған назардың жетіспегенін айтыпты.

Бүгінде бір-бірінің бетіне шай шашып, сенсация қуалайтын жоба қаптап кетті. Десе де студиядан шыққан соң, рахмет айтып тарқасып жатады. Сондағы екеуінің көздеген мақсаты – рейтинг. Өзің де соңғы уақыттары Youtube желісінде TalkLike жобасын қолға алдың. Ол жерде белден төмен әңгіме жиі айтылады. Бұл не сонда? Аманның атақ қуалаудағы амалы ма?

Аман Тасыған: Бұл стратегиялық, мақсатты түрде жасалып отырған қадам. Өкінішке қарай, біздің әріптестеріміз кей кезде соңына жетпей байбалам салады. Мысалы бір жұлдыздың ғаламторда, әлеуметтік желіде жазғанын керемет жаңалық етіп шығарады. Журналистер үшін ол ұят. Ал менің белден төмен сұрақ қоятын сұхбатымның өзіндік сыры бар. Осы жерде «Қалаулым» бағдарламасына қатысты бір ғана нәрсе айта аламын. Оның дәл осындай рейтингке ие болуына телеарна басшылары тікелей кінәлі. Себебі, 2000 жылдары сіз екеуміз бала болып жүргенде жастардың өзі қатыса алатын, ойын айта алатын көптеген бағдарлама болды. Атап айтар болсам, «Мың бір мақал», «XXI ғасыр көшбасшысы», «Азамат» пікірталас клубы, «Алтын сақа» интеллектуалдық ойыны. Ал қазір ше? Жастарға арналған «Қалаулымнан» басқа қандай бағдарлама бар? Сізде нақтылап айта алмайсыз. Өйткені елең еткізерлігі жоқ. Қалаулымның дәл осылай көрерменнің қызығушылығына іліккендігінің бірінші мәселесі – осы. Басқа арналарда оның орнын алмастыратын бағдарлама болмай тұр. Жастарды біз қоғамнан сырып тастадық. Латын әліпбиі деп жүрміз. Ал соны қолданатын кім? Әрине жастар. Бірақ біз неге үлкендердің ғана пікірімен санасамыз? Оның негізгі қолданушысы біз ғой. Өзбек футбол құрамасы Ресейдегі биылғы өтетін әлемдік чемпионатқа барғанында, өте жақсы болар еді. Сол кезде «Қазақ футболы» ойланар еді. Өйткені біз өзімізді өзбекпен салыстырамыз. Түріктің продюссері осындай бағдарлама жасап жатса, бәріміз ойлануымыз керек.

Қалаулым» мәселесі түсінікті. Сол бағдарламаның «еркесіне» айналған Замира туралы сұрағым келіп тұр. Бағдарламаңа құтты қонақ ретінде шақырып, түрлі сұрақ қойдың. Арасында анайысы да бар. Мұны қалай түсінсек болады?

Аман Тасыған: Мен «Қазақ радиосында» 3,5 жыл «Кісілік келбеті» деген бағдарлама жасадым. Тұңғышбай Әл Тарази, Сәбит Досанов ағаларымыз хабарға келді. Қаншама бағдарлама жасалғанымен негізгі мақсатына жеткен жоқ. Нысанаға дөп тимеді. Көптеген қазақтың әдебиетіне, мәдениетіне, өнеріне еңбегі сіңген адамдардың әдемі әңгімесін тыңдарманға, оның ішінде жастарға жеткіземін деп ойладым. Бірақ мен жеткізе алмадым. Бұл өте өкінішті. Сол себептен өткен жылы соңғы бағдарламаға Роза Қуанышқызын шақыртып, радиодағы бағдарламаны саналы түрде жаптым. Соны интернетке алып келдім. TalkLike деп аталады. Мен сұхбатымды Қабдеш ағадан бастасам болар еді. Ғажап сұрақ қойып, керемет, көркем жауап алар едім. Десек те оны аз адам көретін болады. Өйткені қазіргі көрерменнің қалауы басқа. Осыдан екі күн бұрын Тұңғышбай ағаның сұхбаты шықты. Бірақ бағдарламаны Замирадан бастамағанда оны ешкім көрмейтін еді. Саналы түрде құрбандыққа бардым. Қоғамның маған деген көзқарасының өзгеретінін жақсы білдім. Бірақ мақсатыма жеттім.

Мақсатыңа белден төмен сұрақ қою арқылы жеттің бе?

Аман Тасыған: Кешіріңіз, сонда сіз Замираға бұдан өзге қандай сұрақ қоясыз? Саяси-экономикалық маңызы бар сұрақ қоясыз ба? Әлде «Аршавинмен құшақтасты» деп басы дауға қалған Ольга Семеновадан еліміздің әлеуметтік, экономикалық жағдайы, әдебиеті, мәдениеті, ұлттық құндылығы туралы сұраймын ба?

Яғни Аман Тасыған өзі шақырған қонақтың деңгейіне түсуге дайын болды ғой?
Аман Тасыған: Иә, саналы түрде дайынмын. Мысалы мен өнер майталмандарына, Тұңғышбай ағаға дәл сондай белден төмен сұрақ қойсам, ол кезде мені табанға салып, таптауға да болады. Бірақ мен олай жасап жатқаным жоқ. Екі қазақтың дұрыс әңгімесін жеткізу үшін, үшіншісіне Замирадай адамды шақыруға тура келіп тұр. Қазір өте жақсы хабар көп. «Парасат майданы», «Қарекет». Бірақ осылардың өзін «Қалаулым» басып озды. Дегенмен рейтинг әділетті өтіп жатыр деп те айта алмаймын. Мысалы «Кешкі кездесуге» 400-ге жуық бағдарлама түсірдік. Өте жақсы хабар көп болды. Қызықты болса да, ешкім үндемей келді. Ал Асанәлі ағамен «коняьк іштің» — деп талаған жамағат аяқ астынан көбейді. Сауатты дүние жасағың келеді. Десе де оны қоғам қабылдамайтын болып кетті. Жұртқа «Неге Замирамен сұхбаттастың?» деген қызық болып тұр.

Өкінішті жағдай!

Сұхбаттасқан – Елдос Өмірзақ

Тағы да оқыңыз:

Серікбол Сайлаубек: Бір көзім көрмейді, Алла бір көз бермесе де халықтың ықыласын берді, соған шүкір

Мәдина Сәдуақасова салтты білмеген күйеуінің жаңа үйленген кездегі қызықтарын айтып берді 

«91» тобының продюсері енді «Қазақстан» арнасында жаңа реалити-шоу жасамақ

Талқылау