Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Altyn Bank" бастамасымен банк мамандары, сарапшылар мен бизнес өкілдері ESG стандарттарын енгізу мәселесін талқылады

алтын банк

Фото: “Altyn Bank” АҚ

"Altyn Bank" АҚ ұйымдастыруымен алғаш рет ESG (экология, әлеумет және ұжымдық басқару) және Қазақстанның қаржы секторына тұрақты даму қағидаттарын енгізу тәжірибесіне арналған ауқымды конференция өтті. Шараға Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мамандары, екінші деңгейлі банктердің басшылары, қаржы сарапшылары мен бизнес өкілдері, халықаралық кеңесшілер қатысып, ESG стандарттарын енгізуге қатысты тәжірибелерін ортаға салды.

 алтын банк

Фотода Жанара Айкимбаева/“Altyn Bank” АҚ

Конференция кезінде Altyn Bank Pro ESG жобасын таныстырды. Бұл – деректер жинауға, сарапшылық сессиялар өткізуге және тұрақты даму саласында білім алмасуға арналған тұрақты алаң құруға бағытталған кешенді бағдарлама. Банк аталған бастама арқылы қаржы нарығының қатысушылары ортақ түсінік пен бірыңғай ұстаным қалыптастырады деп сенеді. Қазірдің өзінде жоғары оқу орындарымен бірге білім беру бағдарламаларын іске қосу туралы келіссөздер жүріп жатыр екен. 

"Altyn Bank" АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Жанара Айкимбаева елде ESG қағидаттарын бизнеске және қаржы саласына енгізу қарқынды жүріп жатқанын да айтады. Сондай-ақ қоғамда да тұрақты даму қағидаларына қатысты сұраныс артқан дейді. Конференцияны өткізудегі басты мақсат – ESG-ді тек термин ретінде дамыту емес, қоғамның сана-сезім деңгейін арттыру. Ал банк халықаралық стандарттар мен ұжымдық сектор арасындағы көпір дейді. 

"Мұндай түсінік қалыптасқанда, тараптардың өзара әрекеттесуі жеңілдейді, байланыс тез орнайды және әділ болады. Банк үшін бизнеске ESG принциптерін түсінуге көмектесу маңызды. Осылайша манипуляциялар мен қате түсіндірулердің алдын алады. Банктер қаржылық есептер және нормативтік талаптармен жұмыс істейді. Кең көлемді мәліметтерге иелік етеді. Бұл бизнеске ESG көрсеткіштерін, есептердің қалай құрылатыны жайлы, тұрақты дамудың капитал құны мен қауіп-қатер деңгейіне қалай әсер ететінін түсіндіруге мүмкіндік береді", – дейді ол.

Жанара Айкимбаеваның сөзінше, ESG бірден экология, әлеумет және басқару жүйесін де қамтиды. Сондықтан кез келген ұйым өз өнімін ұсынғанда, оның қоршаған ортаға қалай әсер ететінін де ескеруі керек.

"Сәйкесінше біздің ниетіміз де, іс-әрекетіміз де таза болуы қажет. Ал әлеуметтік аспектіге келсек, бұл қызметкерлерге тікелей қатысты. Егер ұжымда қарым-қатынас дұрыс болмаса, мұндай ұжымнан не күтуге болады? Дәл солай менеджмент пен жұмысшылар арасында да байланыс дұрыс орнауы керек. Қызметкерлердің барлығы басшылықтан қорықса, иә, жұмыста белгілі жеткістікке жетуі мүмкін. Алайда бұл қанша уақытқа созылады? ESG үш әріптен құралса да, сайып келгенде бір-біріне байланысты үш үлкен бағытты байланыстырып тұр. Қаржы мәселесіне келгенде еуропалық әріптестеріміздің тәжірибесін қолдануымызға болады. Ал әлеуметтік байланысқа келгенде ұлттық ерекшелігімізді ескеру қажет", – деп түйіндеді Жанара Айкимбаева. 

алтын банк

Фотода Қалижан Қалиев/“Altyn Bank” АҚ

"Altyn Bank" АҚ ESG департаментінің директоры Қалижан Қалиев конференция барысында қаржы саласының өзге қатысушыларымен бірге тұрақты даму принциптерін енгізудегі оңтайлы шешімдерін талқылаған. 

"Бүгінгі конференцияға оннан аса екінші деңгейлі банктің өкілдері қатысып отыр. Нарықта бәсекелес болсақ та, ESG бәріміз үшін ортақ міндет. Сондықтан олардың да пікірін тыңдау біз үшін маңызды. Банк өкілдерінен бөлек жиынға PwC, KPMG сияқты халықаралық компаниялардың қаржы кеңесшілері келді. Барлық тараптар бірге жұмыс істеп, бизнес үшін ұзақ мерзімді шешім қабылдауға көмектескісі келеді. Ал ESG принциптерін қаржы саласына енгізудің маңызына келсек, біздің бүгін қабылдаған шешіміз келешекте қандай да бір нәтижеге алып келеді. Экология, әлеумет және ұжымдық басқару салаларында қатерге жол бермеу керек. Мысалы, бізден несие алған компания қаржыны дұрыс емес бағытта жұмсаса, абыройымызға нұқсан келуі ықтимал", – дейді ол. 

Қалижан Қалиев аталған конференцияны "Altyn Bank" АҚ-ның жеке бастамасы екенін атап өтті. Себебі тұрақты даму жолында жасалған қадам нарыққа әсерін тигізеді. 

"Бүгінгі атқарылған шара нарықтың барлық мүшелеріне арналып отыр. Егер міндет ортақ болса, демек бірге әрекет еткен жөн. Жиынға Қаржы нарығын реттеу агенттігінің өкілдері де қатысады. Бүгін олардың да пікір тыңдап, қандай да бір ұсыныстары болса, ескеруге дайынбыз", – деп сөзін аяқтады ESG департаментінің директоры Қалижан Қалиев.

алтын банк

Фото: “Altyn Bank” АҚ

"Altyn Bank" АҚ (China CITIC Bank Corporation Ltd еншілес компаниясы) тұрақты даму принциптерін өз жұмысына әлдеқашан қосқан екен. Экологиялық бастамалар шеңберінде банк қоршаған ортаға келетін зиянды біртіндеп қысқартып келеді. Атап айтқанда, электронды құжат айналымы енгізіліп, карталардың цифрлық эмиссия үлесі артқан. Бұл қолданылатын пластик көлемін азайтты. Қуат көзін үнемдейтін шешімдерді пайдалану арқылы энергияны тұтыну көлемі оңтайландырылып, шығындыларды азайту үшін көлік паркінің бір бөлігі электромобильдерге ауыстырылыпты.

Әлеуметтік блокта даму басымдығы корпоративтік мәдениет саласына бағытталды. Ол ішкі қызметтік өсу мүмкіндіктеріне, мансапқа қол жеткізу теңдігіне және инклюзивті жұмыс ортасын құруға негізделген. Адами капиталдың тұрақтылығының негізгі факторы ретінде қызметкерлердің нендей бір іске атсалысуына ерекше назар аударылады.

алтын банк

Фото: “Altyn Bank” АҚ

Ал басқару бағыты банктің ESG тәсілдері мен халықаралық стандарттарға сәйкес басқару қағидаттарын құруға, ашық процестерді, тұрақты тәжірибелерді және жүйелі жауапкершілікті орнатуға деген міндеттемесін көрсетеді.

Назархан Уән
Дүйсенбі, 01 Желтоқсан, 2025 14:52