Алты баласын қараусыз қалдырып кеткен ана: Мен оларды тастаған жоқпын
Талдықорғанда алты баласын бір ай бойы қараусыз қалдырып кете барған ата-ана үйлеріне қайта оралды. Бұл туралы КТК хабарлайды.
Ерлі-зайыпты ешқайда қашқан жоқпыз деп отыр. Ал 1 ай бойы Алматыда болыпты.
“Мен жұмысқа кеттім Алматыға. Жолдасымыз екеуміз бірге кеткенбіз негізі. Ол жұмысқа тұра алған жоқ. Мен өзім караоке барға жай ыдыс жуушы болып жұмысқа тұрдым. Мен бала-шағамды ешқашан тастамаймын. Ондай менде ешқашан болған емес. Бәрі біледі”, – дейді Талдықорған қаласының тұрғыны Гүлназ Қожахметова.
Кейін Гүлназдың денсаулығы сыр беріп, бала-шағасына хабарласатын шамасы болмапты. Әрі ұялы телефонын жоғалтып алған көрінеді. Ал күйеуі Әділет осы уақыт бойы әйелін іздеумен болған. Бұл олардың жұмыс іздеп, өзге қалаға алғаш кетуі емес. Айтуларынша, бәрі перзенттерінің қамы үшін.
Бұл ретте Гүлназ жөн-жосықсыз жанжал шығарған енесін кінәлады. Естеріңізге салсақ, өткен аптада 6 баламен бірге ішер ас пен киер киімсіз қалған зейнеткер көптен көмек сұраған болатын.
Ал балалардың анасы мейрамханада жұмыс істеп жүргенде, ақша ұрлады деп айыпталғаннан кейін ұшты-күйлі жоғалған екен. Әйелдің өзі мұны мойындап отыр. Қазір бала-шағасына оралған ерлі-зайыптыға қатысты іс қозғалған. Енді екеуінің де ата-аналық құқығы шектелуі мүмкін.
Бұған дейін Талдықорғанда ата-анасы хабарсыз кеткен 6 бала өлместің күнін көріп жатқанын, тұрғындардың ата-анасы жоғалып кеткен 6 балаға көмектескенін хабарлаған болатынбыз.
Оқи отырыңыз:
Алматыда шетелдік қонақтарды қабылдайтын караоке атын жамылған секс-орталық жұмыс істеген
Мұхтар Шаханов шетелдіктерге тұрмысқа шыққан қыздарды азаматтықтан шығаруды ұсынды
Атырауда дұға үшін ақша талап еткен имам жұмыстан қуылды
Науқас баласы бар астаналық әйел уақытша тіркеудің кесірінен баспанасынан қуылды