"Алтыналмас" компаниясы мен Павлодар облысының әкімдігі Майқайыңды дамытуға уағдаласты: Жобаға 4,6 миллиард теңге бөлінеді
Алтын өндіруші "АК Алтыналмас" АҚ мен Павлодар облысының әкімдігі Майқайың кентінде әлеуметтік жобаларды бірлесіп жүзеге асыру туралы стратегиялық меморандумға қол қойды. Құжат тараптардың жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында тең құқылы серіктестік қағидаттары негізінде жұмыс істеуге ниетті екенін білдіреді.
Майқайыңды әлеуметтік қолдау бағдарламасы үш жылға есептелген және инфрақұрылымды абаттандыру, жаңғырту мен дамытуға бағытталған кешенді шараларды қамтиды. Келісім аясында "Алтыналмас" компаниясы әлеуметтік жобаларға 2,2 миллиард теңге бөледі. Оның ішінде 800 миллион теңге кенттің Орталық қазандығын жаңғыртуға бағытталады. Әкімдік 1,85 миллиард теңгенің жобаларын жүзеге асырып, қалған қаражатты жылу желілерін қайта жаңғыртуға бағыттайды. Барлық жұмыстар жоспарлау, іске асыру және бақылау кезеңдерінде компания мен жергілікті биліктің тең қатысуымен жүргізіледі.
"Алтыналмас" компаниясы өңірдегі қызметін ұзақ мерзімді серіктестік ретінде қарастыратынын айтты. Компания "Майқайыңалтын" кәсіпорнын сатып алғаннан кейін, өндіріс қуатын қалпына келтіріп, заманауи технологияларды қолдану арқылы жаңғырту жұмыстарын бастады. Бүгінде кәсіпорында негізінен жергілікті тұрғындар жұмыс істейді.
"Бұл келісім жай ғана формальды емес. Майқайыңның болашағы үшін билікпен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екеніміздің дәлелі. Акционерлер мен "АК Алтыналмас" АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Владимир Жұманбаевтың қолдауының арқасында біз кентті, оның ішінде Орталық қазандықты жаңғыртуға қомақты қаражат бағыттай аламыз. Ортақ күш-жігер арқылы жеке-дара әрекет еткеннен гөрі анағұрлым ауқымды нәтижелерге қол жеткізетінімізге сенімдімін", – деді "АК Алтыналмас" АҚ Басқарма мүшесі, қаржы жөніндегі бас атқарушы директор Рүстем Қаракесов.
Әкімдік мәліметінше, жобаларды жүзеге асыру ауылдың жылумен жабдықтау жүйесін жаңғыртудан бастап, әлеуметтік және жол инфрақұрылымын жаңартуға дейінгі бірқатар өзекті мәселелерін шешуге мүмкіндік береді.
"Бұл жай ғана заңды құжат емес, нақты іс-қимыл жоспары. Ауылдың өзекті мәселелерін апатты үйлерді сүру, жылу жүйесін жаңарту, жаңа әлеуметтік нысандар салу мен жолдарды жөндеу сияқты мәселелерді шешуге бағытталған билік пен бизнестің күш біріктіруі", – деді Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов.
Жаңа меморандум ауылдың дамуын жеделдетіп, инфрақұрылымды жаңғыртуға, жаңа нысандар салып, одан әрі абаттандыруға қосымша мүмкіндіктер ашады. Тараптар алдағы уақытта әр жоба бойынша егжей-тегжейлі жоспар әзірлеуге кіріседі.
"Алтыналмас" әлеуметтік бағыттағы компания ретінде өзі жұмыс істейтін өңірлерді дамытуға бағытталған бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асырады. Компания жыл сайын өндіріс жүргізілетін елді мекендерде жергілікті тұрғындардың жұмыс істеуі мен өмір сүру жағдайларын жақсартуға қомақты қаржы бөледі. Осылайша жайлы, қауіпсіз әрі заманауи орта қалыптастырады. Бұл жобалар тек өмір сүру сапасын арттырып, елді мекендерді тұрмысқа қолайлы ете түспей, сонымен қатар еңбек дәстүрлерін сақтауға, жас мамандарды тартуға және жергілікті қауымдастықтар үшін тұрақты болашақ қалыптастыруға септігін тигізеді.

"Киіктерді өз өмірінің құнымен қорғаған батыр": Қорықшы Ерлан Нұрғалиевтің қаруланған броконьерлерді қуамын деп қалай қаза тапты
