"Алтын Орда" дауы: Базардың экс-иесі Нұрбол Назарбаевтан 15 миллиард теңге талап етті

Алматыдағы "Алтын Орда" базарының бұрынғы иесі Айдарбек Құсайынов экс-президент әулетінің өкілі Нұрбол Назарбаевты сотқа беріп, одан 15 миллиард теңгеден астам қаражат өндіріп алуды талап етті. Сот ісі қаралып жатқан уақытта жауапкердің мүлкі мен банктік шоттарына талап сомасы көлемінде қамақ салынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Тengrinews.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Алматыдағы "Алтын Орда" базарының бұрынғы иесі Айдарбек Құсайынов Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені, Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаевты сотқа берді. Ол жауапкерді негізсіз баюға жол берді деп есептеп, одан 15 миллиард 171 миллион теңге өндіруді талап етіп отыр.
Сот материалдарына сәйкес, талап арыз "негізсіз баю сомасын өндіріп алу" туралы берілген. Іс қаралу кезеңінде сот талап сомасы көлемінде Нұрбол Назарбаевтың банктік шоттары мен жылжымалы және жылжымайтын мүлкіне қамақ (арест) салу туралы шешім қабылдады. Сот бұл шараны болашақта шешімнің орындалуын қамтамасыз ету үшін қажет деп тапқан.
Айдарбек Құсайыновтың есімі бұған дейін де "Алтын Орда" базарына қатысты дауларда аталған. Ол 2013 жылға дейін базарға иелік еткен Kurylys LTD компаниясының 39 пайыз үлесіне ие болған.
Сот құжаттарында көрсетілгендей, сол жылы компания төңірегінде Серік Апсапаров бастаған топ пайда болып, базарды Болат Назарбаевтың атына рәсімдеуге әрекет жасаған. Нәтижесінде басқа акционерлердің 60 пайыз үлесі Назарбаевқа өткен, ал Құсайынов өз үлесін нарықтық бағасынан әлдеқайда төмен. Онда 1,3 миллион долларға сатуға мәжбүр болғаны айтылған.
Кейін Апсапаров рейдерлік бойынша кінәсін мойындап, шартты жаза алған. Қаңтар оқиғаларынан кейін "Алтын Орда" базарына қатысты мәселелер қайта көтеріліп, 2022 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев онда тәртіп орнатуды тапсырған.
Соңғы жылдары Құсайынов бірнеше рет сотқа жүгініп, үлесін қайтаруды және түрлі өтемақылар өндіруді талап еткен. Ол базар жылына 12-15 миллиард теңге табыс әкелетінін айтып, 10 жыл ішінде шамамен 50 миллиард теңге пайдадан қағылғанын мәлімдеген.
Алайда бұрынғы істер бойынша сот талаптарды дәлелсіз және талап қою мерзімі өтіп кеткен деп танып, қанағаттандырудан бас тартқан.
Болат Назарбаевтың көзі тірісінде және қайтыс болғаннан кейін оның бірқатар активтері ұлы Нұрбол Назарбаевқа өткен. Сарапшылар жаңа талап арызды Құсайыновтың өтемақыны енді соның өзінен өндіруге тырысуы болуы мүмкін деп бағалайды.
- Алматыда Елдос Қоспаевтан қайтарылған "Никольский" базарын қайтадан заңсыз сатпақ болған
- Қайрат Сатыбалдыдан тәркіленген Kaisar Plaza аукционға қойылды
Еске салсақ, бұған дейін Бас прокуратура Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаевтың активтері бойынша жұмыс жүргізіп жатқаны туралы жазған едік.
Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлерге қосымша кәсіп ашуға рұқсат берілді: Бұл кімдерге қатысты