Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Алтын медаль алғаныма сенбеймін": Шайдоров қазақстандықтарға қолдау білдіргені үшін алғыс айтты

Фото: Туризм және спорт министрлігі

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Италияда өткен 2026 жылы Олимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алды. Жеңістен кейін спортшы бұл марапатқа жету жолы оңай болмағанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Шайдоров өзінің жеңіске жеткеніне әлі де сене алмайтынын жеткізді. 

“Шынымды айтсам, әлі де сене алмай тұрмын. Маусым бойы өз-өзіммен күрестім. Бұл маусым мен үшін өте ауыр өтті. Жарыстарда шамамен үш рет бес төрттік секіруді орындауға тырыстым, бірақ бірде-бірі сәтті шықпады. Ал бүгін бәрі ойдағыдай болды. Қалай болғанда да, қолымнан келді”, – деді Шайдоров. 

Сонымен қатар Шайдоров өз жүлдесін Қазақстанға арнайтынын айтты.

“Бұл Олимпиадаға ұзақ жолмен келдім. Маусым бойы тек өз жұмысымды адал атқаруды мақсат еттім. Нәтижесінде бүгін бәрі орындалды. Алтын медальді бүкіл Қазақстанға арнағым келеді. Шынымды айтсам, басқа спортшылар үшін де қатты уайымдадым. Себебі Олимпиада – жүйкені әбден сынға салатын жарыс. Мен өзімді қолға ала алдым, ал көпшілігі эмоциясын тежей алмады. Бағалар жарияланған сәтте уақытша үшінші орында екенімді көріп, сенер-сенбесімді білмедім. Ал жеңімпаз атанғанымды білгенде, тіпті сенбедім”, – дейді Шайдоров. 

Атлет қазақстандықтардың қолдауын қатты сезінгенін айтты.

“Қолдау керемет болды. Әлеуметтік желілерге кіре алмай қалдым десе де болады. Трибунада жанкүйерлер қатты қолдады. Бәрі бір фильмдегідей әсер қалдырды. Қазір не болып жатқанын әлі толық түсініп үлгермедім. Бұл медаль мен үшін де, еліміз үшін де үлкен маңызға ие. Қазақстанда мәнерлеп сырғанау спортының дамығанын қалаймын. Ол үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймын. Қажет жағдайлар жасалады деп үміттенемін”, – деді ол. 

Сонымен қатар Михаил Шайдоров бүгінгі жеңісінің артында Денис Теннің есімі тұрғанын айтты.

“Медалім Денис Тен үшін де ерекше мәнге ие деп ойлаймын. Өйткені ол бізге жол ашты. Ол үшін бұл жол қандай ауыр болса, мен үшін де солай ауыр болды. Осы спорт түрінің дамуына қосқан үлесі үшін Дениске алғыс айтқым келеді. Олимпиадада өнер көрсетіп жатқан қазақстандық спортшыларға сәттілік тілеймін. Оларға жанкүйер боламын. Қолымнан келгенше жарыстардың бәріне барып қолдау көрсетуге тырысамын”, – деді чемпион.

Нұрила Жұмаділлә
Сенбі, 14 Ақпан, 2026 15:35